Қабылдау комиссияларының байланыстары

Қазақстан балет өнерінің майталмандары

Қазақ ұлттық хореография академиясында «Қазақстанның балет өнерінің майталмандары» тақырыбында дәріс-концерт өтті. Хореография факультетінің студенттері Қазақстанның балет өнері мен педагогикасының дамуына баға жетпес үлес қосқан көрнекті балет шеберлерінің өнері мен шығармашылық қызметі туралы танымдық материалдар әзірледі. 

Олардың ішінде қазақтың тұңғыш кәсіби балетмейстері, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген әртісі, өнертану кандидаты, қазақ биін зерттеуші және насихаттаушы Дәурен Тастанбекұлы Әбіров бар. Оның асқан таланты мен өз мамандығына деген сүйіспеншілігі шәкірттерінің, әртістер мен қазақ балетін бағалаушылардың жүрегінде мәңгі із қалдырды.

Улан Мирсеидов – балет әртісі, көрнекті классикалық би педагогы. Ол Қазақстанда хореография педагогикасының дамуына зор үлес қосты. Улан Атаулаевич халықаралық конкурстардың лауреаттары атанған балет әртістері мен отандық және шетелдік балет театрларында еңбек ететін өнер саңлақтарын тәрбиелеп шығарды. Жас мамандардың педагогикалық қызметіне негіз болатын мол білім мұрасын қалдырды.     

Шәкірттері мен балалары би шеберінің жолын қуып, бүгінгі күні оның өнерін жалғастыруда, бұл дәстүр жаңа нысандар мен жаңа тыныста дамып келеді.   

Бұл күні Қазақстан Республикасының халық әртісі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Құрмет орденінің кавалері Зауырбек Молдағалиұлы  Райбаевтың есімін де атап өткен маңызды. Оның таланты мен балет өнеріне қосқан үлесін бағалай отырып, оны қазақ балетінің Петипасы деп нық сеніммен айтуға болады. Керемет орындаушы және талантты хореограф ретінде еліміздің классикалық және қазақ биі өнерін байытып, жаңа деңгейге көтерді.

Қызықты дәріс-концертке қатысушылар Зауырбек Райбаевтың «Асатаяқ» лирикалық әйелдер биін, «Корсар» балетінен адажио және басқа шығармаларды орындады.

Мұндай кездесулер көпшілік үшін нағыз балет әлеміне саяхат жасауға мүмкіндік береді, сахнаға шығып өнер көрсету – бұл күнделікті көптеген сағаттар бойы жасаған жұмыстың, қиын еңбектің, жұмсалған күш-жігердің, өз ісіне деген зейін мен сүйіспеншіліктің жарқын да әсем, ғажайып нәтижесі.

Сахнада біз тамашалайтын бидегі әдемілік, ұмтылыс және сезімталдық – бұл бишілер, балетмейстерлер, хореографтар еңбегінің жемісі. 

Яндекс.Метрика