Қабылдау комиссияларының байланыстары

Қазақ ұлттық хореография академиясының оқушыларын мамандыққа қабылдау салтанаты өтті

Академия ректоры Алтынай Асылмұратова оқушыларды сиқырлы балет әлеміне қадам басу күнімен құттықтады. Ол өз сөзінде сахнаның қаншалықты киелі екенін баса айтты. «Сахна – бұл киелі, таңғажайып, сиқырлы орын. Сахна сенің талантыңды айқындап, көпшілікке паш ете алады. Сондай-ақ, керісінше, кемшіліктеріңді де көрсетуі мүмкін. Сахна мәдениетсіздікті, сауатсыздықты сүймейді. Ол кітап оқымайтын адамды кешірмейді. Сондықтан сахнаға шығар алдында денеңді ғана дамытып қоймай, жаныңды, санаңды дамытуың қажет», – деп атап өтті.

Бұл мерекенің маңызы зор, себебі кішкентай әртістер бұл күні кәсіби сахнаға алғаш шығып, оқуға және би өнерінің игілігі үшін еңбек етуге ант берді. Бұл күні жас талант иелері сыйсыз қалмады. Оқушылар қатарына қабылданған әр балаға Академия ректорының атынан ізгі тілек жазылған хат табыс етілді.
Бекзада өнер әртісі болу – кез келген адамға бұйырмайтын бақ деп санайтын Академия оқушылары, студенттері мен түлектері болашақ классикалық өнер жұлдыздарына құттықтау концертін сыйға тартты.

Л. Минкустың музыкасына М. Петипаның хореографиясындағы «Полонез-Мазурка», А. Вивальдидің әуеніне қойылған Д. Пимоновтың «Чакона» биі, П. Чайковскийдің музыкасына қойылған Ю. Григоровичтің «Лебединое озеро» балетінен вариациясы, И. Байероның музыкасына қойылған Легат ағайындыларының «Фея кукол» балетінен вариация орындалды. «Астана Опера» және «Астана Балет» театрларының әртістері А. Садықованың қойған «Қорқыт» биі мен Р.Амаранте қойған «Love Fear Loss» билерін орындап, көрерменнің қошеметіне бөленді. Сондай-ақ, Академия студенттері «Хассак» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің музыкасына А. Садықова мен А. Шәмшиевтің хореографиясымен қойылған «Серілер Салтанаты» керемет қойылымын тарту етті.

Терпсихора өнер сүюшілеріне оқу мен шығармашылықта толағай табыстар тілейміз!

Фото: Сергали Бакиров 

 

Яндекс.Метрика