Қабылдау комиссияларының байланыстары

Шығармашылық зертхана – ынтымақтастық пен шығармашыл адамдардың әлеуеті

2020 жылдың 16 сәуірінде Қазақ ұлттық хореография академиясында Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған IV Жоғары оқу орны ішіндегі ғылыми апталық аясында Оnerlab және Қазақ ұлттық биінің ғылыми-әдістемелік зертханасының «Таймлайн – уақыт керуені» секциясы өз жұмысын жалғастырды.

Секцияда студенттердің, магистранттардың және докторанттардың жұмыстары ұсынылды. 1 курс докторанты Самал Бәкірова өз зерттеуін (ғылыми жетекшісі ҚазКСР еңбек сіңірген әртісі, өнертану кандидаты, профессор Т.О. Ізім.) Қазақстан Республикасының халық әртісі З.А. Қастееваның хореографиялық білім беру жүйесін дамытуға қосқан үлесіне арнаған.   

Тыңдаушылар қызығушылық білдірген 1 курс магистранты Әсел Абуталипованың баяндамасында ұйғыр хореографиялық өнерінің інжу-маржаны, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, Гүлнар Юсупқызы Саитованың шығармашылығына зерттеу жүргізіліп, «Тановар» биін орындауына аса көңіл бөлінеді. Әрине бұл кездейсоқтық емес, себебі Гульнара Юсуповна – біздің Академияның профессоры! 

Бірінші курс магистранты Еркежан Қабдуллинаның баяндамасы (ғылыми жетекшісі, п.ғ.д., профессор А.Кулбекова) тыңдаушылардың қызығушылығын тудырды. Баяндамада автор көрнекті биші, ұстаз және хореограф Айгүл Әбікенқызы Тәтидің педагогикалық қызметін, ұлттық бидің дамуы мен танымал болуына қосқан үлесін, қазақ биін оқытудағы жаңашыл әдістерін баса көрсетіп, тыңдаушылардың назарын аударды.

1 курс магистранты А.К. Ақылбекованың баяндамасын (ғылыми жетекшісі Т.О. Ізім) тыңдаушылар үлкен қызығушылықпен тыңдады. Өйткені баяндама Ресей және Татарстанның еңбек сіңірген әртісі, Ресей Мемлекеттік сыйлығының және «Би жанының шуағы» сыйлығының лауреаты, Академиямыздың хореография факультетінің деканы Нұрлан Канетовтің шығармашылығына арналған. Баяндамашы Н. Канетовтің Мұса Жәлел атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрының жетекші солисі  ретіндегі шығармашылық қызметіне аса көңіл бөліп, айқын көрсеткен.

Құрметті білім алушылар мен ғалымдар! Сіздерге ғылыми зерттеулерге шынайы қызығушылық танытқандарыңыз үшін алғыс білдіреміз! Сіздерге жаңа шығармашылық табыстар тілейміз!

Яндекс.Метрика