Қабылдау комиссияларының байланыстары

«Неліктен біз өзімізді сүюіміз керек? Өзін-өзі бағалауды және өзіне деген сенімділікті арттыру» тренингі

2020 жылғы 2 – 15 сәуір аралығында Академияның тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер бөлімінің психолог-оқытушысы Ибрагим Марал Болатханқызы «Неліктен біз өзімізді сүюіміз керек? Өзін-өзі бағалауды және өзіне деген сенімділікті арттыру» тақырыбында Кәсіби білім беру колледжі және ЖОО студенттерімен онлайн режимде тренингтер топтамасын өткізді. Тренингтің мақсаты – «бізге өзімізді бағалай білу не үшін қажет?» және «оның өзін-өзі сүюге тигізетін әсері қандай?» деген сұраққа жауап беру. Тренингтің міндеті – өзін-өзі бағалау деңгейін дамытуға ықпал ету.

Айналадағы адамдар бізге: «сен өзіңді төмен бағалайсың», «оны көтеру керек», «өз-өзіңе сенуің керек» – деп айтатын жағдайларға жиі тап боламыз. Алайда: «өзімізді неге төмен бағалаймыз, өзімізге сенімді болуымыз кімге  керек, жалпы өзімізді бағалау не үшін қажет?» – деген сұрақтарға жауабымыз болмай қалады.

Әр адам өз мақсаттарын, армандарын жүзеге асыруға талпынады. Өзін-өзі бағалаудың оған қандай әсері бар? Өмірде тұлғалық және жеке қабілеттерімізді дұрыс бағалау арқылы біз өзімізді танимыз және бар күшімізді мақсатқа жету жолына жұмылдырып, өмірімізді дұрыс ұйымдастыра аламыз. Осының бәрі  құрала келіп, жер бетіндегі барлық адамдар ұмтылатын «бақытқа» жеткізеді. Бір қарағанда оңай көрінеді. Алайда, біреулерге мұны орындау оңайлыққа соқпайтыны анық. Өйткені кейбіреулер өзін-өзі дұрыс бағаламайды және өз қабілетіне сенбейді, ал кейбіреулер өз күшін асыра бағалап, қателікке ұрынады. Өзін-өзі бағалауда «қақ орта» тепе-теңдігін сақтау қажет. Өткізілген тренинг осыған арналды.

Тренингте қатысушылар өзін-өзі бағалау деген не екенін, оның түрлері мен деңгейлерін біліп, өзін-өзі бағалауға арналған шағын тестен өтті. Психолог өзін-өзі «теріс» бағалаудың белгілеріне жан-жақты тоқталды. Өзін-өзі асыра бағалау мен төмен бағалаудың арасындағы өзара байланыс пен айырмашылықтардың толық, жан-жақты талдауы берілді. Тренинг соңында психолог сөзін өзін-өзі орнықты және дұрыс бағалауға қалай қол жеткізуге болатындығы туралы ұсыныстарымен қорытындылады. Берілген он екі тармақтың әрқайсысы жете талданып, өзін-өзі шынайы бағалай білудің қажеттігіне түсініктеме берілді.

Яндекс.Метрика