Қабылдау комиссияларының байланыстары

Нұрлан Канетов: «Сахна – ең үздік дәрі!»

Қазақ ұлттық хореография академиясы Хореография факультетінің деканы Н.И. Канетов классикалық мұра сабағында.
Фотограф – А. Некрасов

Қазақ ұлттық хореография академиясы Хореография факультетінің деканы Нұрлан Исмағұлұлы Канетов 1993 жылы А. Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесін бітірді. Кейіннен Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрында және М. Жәлел атындағы Татар Академиялық опера және балет театрында жетекші солист болып жұмыс істеді. Солист ретінде классикалық және заманауи репертуардағы балеттерде жетекші партияларды орындады. Репертуарындағы партиялар: Ханзада Зигфрид, Ротбарт, Па-де-труа («Аққу көлі»), Граф Альберт («Жизель»), Ромео («Ромео және Джульетта»), Колен («Пайдасыз сақтық»), Ханзада («Шерткіш»), Шахрияр («Мың бір түн»), Йусуф («Йусуфе туралы аңыз»), Красс («Спартак»), Арман («Ккамелия бар әйел»), Ханзада Дезире, Көгілдір құс («Ұйқыдағы ару») және бақалар. 2003 жылы Ресейдің театр сыйлығы – «Балет» журналының «Восходящая звезда» номинациясында «Душа танца» сыйлығымен марапатталды. 2004 жылы «Татарстанның еңбек сіңірген әртісі» құрметті атағына ие болды. «Йусуф туралы аңыз» балетінде бас партияны орындағаны үшін Ресей Федерациясы Президентінің 2006 жылғы 9 маусымдағы Жарлығымен Нұрлан Исмағұлұлы Канетовке Ресей Федерациясының «Мәдениеттердің қазіргі диалогтар жағдайында ұлттық эпос дәстүрлерін дамытқаны үшін» Мемлекеттік сыйлығымен марапатталды. 2015 жылы «Ресей Федерациясының Еңбек сіңірген әртісі» құрметті атағына ие болды. 2018 жылдан бастап Қазақ ұлттық хореография академиясы Хореография факультетінің деканы болып қызмет атқарады.

Тығыз жұмыс кестесіне байланысты, Нұрлан Исмағұлұлымен кездесу оңай болмады. Ұзақ келісімдердің нәтижесінде бізге түскі уақыт кезінде сұбхат беруге келісті.

– Сәлеметсіз бе, Нұрлан Исмағұлұлы! Сұхбат беруге келіскеніңіз үшін рахмет айтамыз және түскі ас кезінде уақытыңызды алғанымз үшін кешірім өтінеміз.

– Мен түскі ас ішпеймін. Бұл уақыттың жоқтығынан емес, мен өзімді формада ұстауға тырысамын. Қазір факультет деканымын және негізгі қызметім педагогикалық қызмет болса да, сахнамен қоштасқан жоқпын. Мені қазір де спектакльдерге шақырады, және өзімнің туған театрыма үнемі барып тұрамын. Мысалы, осы жазда, маусым айында мен ол жақта екі күрделі партияны биледім: «Алтын Ордада» Уәзір және «Спартакта» Красс.

– Өзіңізді формада ұстау үшін, қандай да бір диета ұстайсыз ба?

– Қандай да бір диета ұстамаймын, тек көмірсуларды аз пайдалануға, көбірек су ішуге тырысамын. Өйткені, декан мен оқытушының жұмысынан, өкінішке орай, кластағы күнделікті сабақтар үшін уақыт болмай қалады.

– Алайда, Сіз әртістік қызметіңді одан әрі жалғастырасыз ба? Өнер көрсетулеріңіз қаншалықты жиі жоспарланады?

– Наурыз айында Казань қаласында спектакльдер жоспарланып қойған, ал маусым айында Казань театрының Үлкен театрдағы гастрольдерінде «Алтын орданы» билеймін. Міне, сондықтан формада болуым қажет.

«Алтын Орда» балетінен көрініс. Уәзір – Н. Канетов
Фотограф – Л.Бобылев

– Өзіңізді балет әртісі ретінде іске асыруға көмектескен ұстаздарыңыз туралы айтып беріңізші.

– Хореографиялық училищені Ильдизар Махмудович Ахметшиннің класында аяқтадым, өкінішке орай, біздің курс оның бірінші әрі соңғы класы болды. Бізге халық-сахналық биден сабақ берген Алишева Алила Турсумбаевна қазіргі кезге дейін мен үшін маңызды және туған адам ретінде қала береді. Людмила Георгиевна Рудаковаға үлкен алғысымды білдіремін, училищеде жүргенде мені көп жаттықтырды. Сол кісінің арқасында театрға жеткілікті түрде дайындығы бар әртіс ретінде келдім және репертуарға кіру оңай болды. Алматы театрында алғашқы жұмыс істеген жылдарда мен керемет ұстаз Раушан Хатиятовна Байсеитова жаттықтырды. Ал, Казаньда менің тәлімгерім және Ұстазым Рафаэль Станиславович Саморуков болды. Ол керемет ұстаз болды, әр жаттығуда жеке тұлғаның өзіндік даралығына мән беретін еді. Ол маған сену еді. Бұл маған рух берді. Оған деген шексіз сенім болды. Ұстазыңның әр айтылған сөзіне сенген кезде бұл әртіс үшін өте маңызды. Міне, оның арамыздан кеткеніне 10 жыл өтті, бірақ біз оның шәкірттері оны есімізге алмаған күн болған жоқ. Мен үшін бұл ауыр қаза. Біз жетімсіреп қалғандаймыз, Казань театрының балет труппасын жоғары деңгейге көтерген осы кісі болатын.

– Алматы училищесін бітіргеннен кейінгі өміріңіз қалай болды?

– Училищені бітіргеннен кейін, мен Абай атындағы опера және балет театрына шақыру алдым. Солист ретінде бастады, әрине кордебалет те болды. Яғни, мен спектакльдерге «екі», «төрт» жұпта шығып жүрдім, сонымен қатар «Сильфида» балетінде Джеймс, «Жизель» балетінде Граф Альберт, немесе «Ұйқыдағы аруда» Дезире партияларын дайындадым. Театрда үш жыл жұмыс істепп, кейіннен Казань театрынан маусымның ашылуына орай «Аққулар көліндегі» ханзада Зигфридті билеу жөнінде шақыру келді. Көп ойланбастан, келісім бердім. Келдім, труппаны көріп, бұл – менің үйім, және осында өзімнің шығармашылық өмірімді өткізгім келетін түсіндім. Труппа мені қатты таң қалдырды, спектакльге қатысатын әрбір адам өзін техникалық және эмоциялық жағынан осы жұмысқа толық береді. Сахнада және балет залында шынымен шығармашылық атмосфера болды. Әр спектакльден кейін ұстазбен талқылаулар өтетін. Осы уақытты қатты сағынамын. Смартфондар, интернет болмады, біз бір-бірімізбен сөйлесіп, әңгімелесетін едік. Және үнемі іздену үстінде болдық.

А. Аданның «Жизель» балетінен көрініс. Граф Альберт – Н. Канетов
Фотограф – Л.Бобылев

90-шы жылдары қиын кезең болды. Сол кездері Абай атындағы опера және балет театры қайта құруға жабылды. Казаньдағы спектакльден кейін маған жетекші солист болуға ұсыныс жасады, мен де ойланбастан келістім. Өмір көрсеткендей, бұл дұрыс шешім болды, тағдырдың жіберген сыйы. Шынымды айтсам, кейде, егер сол кезде Қазақстанда қалсам, өмірім қалай болар еді ойлаймын.

– Бір сұхбатыңызда «Баядеркадағы» партияларды көруді және орындауды жақсы көретініңізді айттыңыз. Тағы қандай партиялар жаныңызға жақын?

– Менің шығармашылық қызметімнің кезеңіне байланысты. «Баядерканы» шынымен сүйемін, онда Солорды немесе Ұлы Браминді билемегенім маңызды емес. Бұл мені әрқашан шаттық күйге бөлейді! Бұл балетте бәрі бар, музыка да, сюжеттің өзі де – бұл әрине қуаныш, осының бәрі мен туралы, осының бәрі МЕН үшін! «Ромео және Джульетта», «Йусуф туралы аңыз», «Камелиялар бар әйел» спектакльдерін қатты жақсы көремін. Міне, осылардың бәрі ең сүйікті спектакльдерім, өйткені керемет музыка мен сценографиядан басқа, сахнаға шыққан сайын жаңа қызықты өмірді көресің, бұл сюжетті спектакльдер.

«Исповедь» концерттік нөмірінен көрініс
Фотограф – Л.Бобылев

«Йусуф туралы аңыз» балетінен көрініс. Йусуф – Н. Канетов
Фотограф – Л. Бобылев

Ромео партиясын дайындағанда, рөлге толықтай берілдім, өзімді ақпаратпен толтырдым – Шекспирді оқыдым, Дзеффиреллидің «Ромео және Джульетта» фильмін көрдім. Спектакльдің өзіне қарағанда, жаттығу кездері маған қатты ұнайтын. Әрине, кімді билейтінің де маңызды. Мен жаттыққанды жақсы көремін. Әріптестерім әртүрлі болды, әрқайсысы өзінше қызықты, сүйікті болды. Маған жиі айтатын: «Нұрлан, күшіңді сақта, жаттығу кезінде неге көп эмоциялық күш жұмсайсың?» Мен басқаша істей алмаймын. Мен музыканы естимін, жаным шығып кете жаздайды, сондықтан «жартылай» жұмыс істей алмаймын. Балет әртісін музыкант деп есептеймін, тек оның аспабы – оның денесі, оның тербелістері.

– Образбен қаншалықты жұмыс істейсіз?

– Айту қиын. Қойылымдық процестің бүкіл кезеңі бойы, техникалық элементтерді жасағаннан басқа, сен рөлге кіресің. Бұл процесс мен үшін ең әсерлі. Міне, сондықтан мен ханзадаларды билегенді ұнатпаймын. Бірақ бұл менің амплуам және менің репертуарымда ханзадалар көп болды. Алайда, мұндай партияларда рөлдің терең психологиялық мазмұнын тауып, көрсете білу, көрермендерді ойландыру, ойлауға итермелеу мүмкін емес. Сондай-ақ, маған, менің кейіпкеріме сендіру, спектакльдің сюжеттік желісіне толық беріліп, аз уақытқа болса да бастарындағы проблемаларын ұмыттыру. Спектакльдерден кейін көрермендер маған жиі жазатын. Олардың хаттарын оқыған ұнайтын, бұл менің тура жолда екеніме сенім беретін. Осындай сәттер үшін жұмыс істегің келеді!

– Академияға, Астанаға келгенге дейін, педагогикалық қызметте тәжірибеңіз болды ма?

– Солистерге классикалық би сабақтарын бердім, оларды жаттықтырдым. Бүкіл билеген партияларымда жинаған тәжірибемді жас бишілермен бөлістім. Бірақ образды жеке пайымдауымды ешкімге мәжбүрлеп таңғаным жоқ, тек әртістің өзі ойлап, шын көңілімен билегенін қаладым, өйткені сахнада мұны жасыра алмайсың. Онда бәрі көрініп тұрады! Техникалық жағына мүлде тиіскенім жоқ, себебі олар дайын әртістер болды гой, олармен saut de basque жаттықтырудың қажеті жоқ. Біз вариацияларды, монологтарды өттік, алайда маған олармен образ бойынша жұмыс жасаған қызықты болды. Маған олармен сөйлескен, қандай да бір ақпаратпен бөліскен ұнайтын, қандай әдебиеттерді оқу жөнінде кеңес беретінмін, әртүрлі бишілердің бейнежазбаларын, сондай-ақ өзімнің орындауымдағы партияларды көрсететінмін. Бірақ әртіс менің орындауымды, менің партияны қалай пайымдауымды жазбай қайталағанда, мен таң қалдым: «Не үшін? Бұл менің ғана Арман Дювалім ғой. Сенде ол басқаша болуы мүмкін». Өзіңді биде көрсету керек, сонда ғана сен көрерменге қызықты боласың.

«Йусуф туралы аңыз» балетінен көрініс. Йусуф – Н. Канетов
Фотограф – Л. Бобылев

– Балеттен басқа өміріңізде немен әуестенесіз? Осыған уақытыңыз жеткілікті ме?

– Бұрын ойлайтынмен: «Міне, әртістік қызметті аяқтаған соң, шабаданымды жинап, бүкіл әлемді көру үшін саяхаттауға шығамын!» Әрине, гастрольдермен көптеген елдерде болдым, бірақ гастрольдерге шығу бұл бүкіл әлемді көргенімді білдірмейді. Себебі сапарда жүргенде музейлерге барып, көшеде қыдыруға, көрікті жерлерді аралауға мүмкіндік жоқ. Сен күшіңді сақтауың керек, спектакльдің алдында демалып, өнер көрсетуге зейін қоюың қажет.

Ал менің жай ғана саяхатқа барғым келеді. Алайда, қазір өз арманымды жүзеге асыру мүмкін болмай тұр. Хоббиімде жоқ. Жақын арада мүмкін сурет салу сабақтарына жазылатын шығармын, өйткені бұл мені қатты қызықтырады. Мен өз жиендеріммен уақыт өткізгенді жақсы көремін.

– Сіз өз өміріңізді балетке арнадыңыз. Ал сүйікті жиендеріңізге осы тағдырды тілейсіз бе?

– Олардың балетке барғанын қалар едім, үлкені Айшаның, сыртқы келбеті керемет. Бірақ бимен айналысуға ықылас білдірген жоқ, мен қолқаламадым. Себебі сүйіспеншілікпен айналысу керек, әйтпесе үлкен күйзеліс болуы мүмкін. Ал кішісі Інжудің балетке қабілеті төменірек, бірақ оның шығармашылықта өзін табатынына сенімдімін. Қалай болғанда да, екеуі де сурет салғанды жақсы көреді және бұл мені қатты қуантады. Олардың бойындағы әртүрлі дағдыларын дамытуға, олардың шығармашылық үйірмелерге жіберуге тырасамын. Өйткені, болашақта жасайтын жұмыс тек қуанышқа бөлеуі тиіс. Мен әрқашан қанша шаршап тұрсам да, театрға аса қуанышпен баратын едім.

Театрдағы ауыр жұмыстан, буындарым жұқарған, өкшемде буын жоқ, тек сүйек қана. Бұл зейнетақы жасына жақындағанда, яғни әртістік қызметім аяқталуға жақын қалған кезде болды. Үйге келгенде аяғымды баса алмай қалатын едім, маған ешқандай сиқырлы жақпа майлар, биологиялық белсенді қоспалар, тіпті ештеңе де көмектеспеді. Ауырғанды басатын ең сиқырлы дәрі – бұл жұмыс. Өйткені сахна – ең үздік дәрі. Мен театрға ақсаңдап баратынмын, ал спекталь басталғанда мен аяғымның ауырғанын ұмытып кететін едім. Бұл қандайда бір тылсым сиқырлық.

Кейде, ақсаңдап келе жатқанда, қасыңнан өткен адамдар қарайды. Мүмкін аяйтын шығар: «Жап-жас, бірақ шал сияқты жүреді!». Менің екі сағаттан кейін костюм киіп, грим жағып, сахнада 3 сағат билейтінінімді олар білмейді ғой. Сахна емдейді деген сөз рас.

– Осындай бай тәжірибеге сүйене отырып, өзіңіз үшін табысты шығармашылық мансаптың белгілі бір өмірлік қағидасын ойлап шығардыңыз ба? Әлде жай ғана өз жұмысыңды сүю қажет пе?

– Мен әрқашан анамның сөздерін есіме аламын, ол менің қиналғанымды көріп, бір күні былай деді: «Сен өзіңді осылай қинағанда, менің жүрегім қарс айырылады. Жай ғана қалыпты өмір сүруді басташы». Мен үшін қалыпты өмір – ол балеттегі өмір. Өмірімнің шығармашылықта өтуі, бәлкім тағдырдың жазғаны шығар. Мен қарапайым жұмысшы отбасында туып өстім. Ата-анамның өнердан мүлде хабары болмаған, олар әрқашан менің музыкаға, ән салуға, кейін балетке деген сүйіспеншілігіме таң қалатын. Өзіңнің айналысатын ісіңді жақсы көру керек деп есептеймін, өйткені бақытты шығармашылық өмір мен табысты мансаптың кепілі осында.

Қазақ ұлттық хореография академиясы хореография факультетінің деканы Н.И. Канетов классикалық мұра сабағында.
Фотограф – С. Бакиров.

– Сөз соңында студенттерге арналған лебізіңізді естісек дейміз.

– Менің ойымша, қазір кез олардың өміріндегі тамаша кезең, яғни олар енді бала емес, бірақ ересек өмірге әлі аяқ басқан жоқ. Оларды алда қызықты өмір күтіп тұр. Академиядағы оқытушылар құрамы тамаша. Иә, олар көп талап етеді, бірақ әр ұстаз өз студенттері қатты уайымдайды, олардың Академия қабырғасынан жоғары білікті маман болып шығуын армандайды. Міне, нағыз ұстаздың қалауы. Мен барлық студенттердің жолы ашық болсын, өмірде әрқайсының ішкі әлемін тәжірибесімен, білімімен байытатын қызықты адамдарды жолықтырсын деп тілеймін. Ешқашан ештеңеден қорықпаңдар. Қорқыныш дамуға тосқауыл болады, шығармашылық әлеуетті әлсіретеді. Тек қана алға және Құдайға, мамандыққа, адамдарға деген махаббатпен алға баса беріңдер!

Сұхбатты дайындаған және жүргізген Арайлым Абдрахимова, Қазақ ұлттық хореография академиясы өнер факультетінің 3 курс студенті.
Ғылыми жетекші Мусина Ф.Б.

Яндекс.Метрика