Қабылдау комиссияларының байланыстары

2020 жылдың 2 наурызында Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрында Қазақ ұлттық хореография академиясы оқушыларының концерті өтеді.

Ұлы қазақ ақыны және ағартушысы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын елімізде жоғары деңгейде атап өту аясында ауқымды мәдени іс-шаралар өткізу жоспарланған.

Тарихи тамыры тереңге бойлаған  киелі өнер ордасы – Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының сахнасында өтетін Қазақ ұлттық хореография академиясы шәкірттерінің концерті қазақ халқының кемеңгер ақыны –  Абай Құнанбайұлының осы мерейтойына тарту ретінде ұйымдастырылады.

Табиғат ана қайта жаңғырып, түлейтін көктемнің алғашқы күндері Академияның талантты жас әртістерінің алматылық талғампаз, өнер сүйер қауым алдында өнер көрсетуі жылдан-жылға жақсы дәстүрге айналды. 

Ресей халық әртісі, Ресей Федерациясы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Алтынай Асылмұратова жетекшілік ететін Қазақ ұлттық хореография академиясы Алматы қаласы тұрғындары мен қонақтарының назарына еліміздің талантты әрі дарынды балаларының қатысуымен 2020 жылдың 2 наурызында 19-00-де Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында концерттік бағдарлама ұсынады. Концерт Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт министрлігі қолдауымен өтеді.

Концерттің мазмұнды бағдарламасына әлемдік классикалық балеттің інжу-маржаны болып табылатын хореографиялық нөмірлер, қазақстандық және шетелдік хореографтардың заманауи қойылымдары кіреді. Соның ішінде, «Дон Кихот», «Гаянэ», «Қуыршақтар феясы», «Корсар», «Ұйқыдағы ару», «Коппелия» балеттерінен үзінділер мен басқа да қойылымдар көрсетіледі.

 Осы іс-шара еліміздегі хореография өнерін дамытуға және оны көпшілікке танытуға елеулі үлес қосатынына сенеміз. 

Яндекс.Метрика