Қабылдау комиссияларының байланыстары

«Абай мұрасы – әлемдік мәдениет қазынасы»

2019 жылғы 21 қарашада Қазақ ұлттық хореография академиясында ұлы ойшыл, философ, ағартушы Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойына арналған «Абай мұрасы – әлемдік мәдениет қазынасы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Конференцияға Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің директоры, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Әубәкір Жандос Мағазбекұлы, филология ғылымдарының кандидаты, философ, абайтанушы Омар Жәлелұлы, ҚазССР Еңбек сіңірген артисі, өнертану кандидаты, Қазақ ұлттық хореография академиясының профессоры Ізім Тойған Оспанқызы, филология ғылымдарының докторы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Кульдеева Гульнара Ильясовна, өнер магистрі, композитор, Қазақ ұлттық хореография академиясының аға оқытушысы, халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты Тасқын Жармұқаметұлы сияқты атақты ғалымдар, өнертанушылар, қоғамдық қайраткерлер қатысты. Түркия, Болгария, Грузия, Ресей, Украина елдерінен және Қазақстанның әртүрлі өңірлерінен ғалымдардың жолдаулары бейне форматта көрсетілді. 

Абай шығармашылығының әдебиет, хореография өнері мен музыкада көрініс тапқан конференцияның осы ерекшелігі шараға қатысушылардың назарынан тыс қалмады. Сахнада шақырылған әртістердің орындауындағы музыкалық туындылар Абайдың музыкалық-поэзиялық образдарының тереңдігін сезіне білуге мүмкіндік берді. 

Абай шығармашылығының материалдары бойынша өткен поэзия марафоны іс-шараға ерекше мән берді. Конференция басталғанда Академия студенттері Абай өлеңдеріне француз, неміс, қытай, корей, орыс, поляк тілдеріндегі бейнетаныстырылымды көрсетті, конференция магистранттар, докторанттар мен оқытушылардың, залдағы қатысушылардың Абай өлеңдерін мәнерлеп оқу флэшмобымен аяқталды.

Конференция күніне орай халықаралық конференция  қатысушыларының жұмыстары енген материалдар жинағы әзірленді.  Жинақта ұсынылған зерттеулер көптеген мәселелерді қамтиды: Абайдың әлемдік мәдениеттегі рөлі мен орнын талқылау бойынша сұхбат алаңын құру, тұлғаның ұрпақтан ұрпаққа өз халқының мәдениетін дамытуға тигізген әсері, замандастардың тарихи оқиғалар мен фактілерге деген қызығушылығын тудыру сияқты мәселелер.

 

 

Яндекс.Метрика