Қабылдау комиссияларының байланыстары

Өзбекстанның Мемлекеттік академиялық Үлкен театрының сахнасында тамаша өнер көрсету кеші

Қазақ ұлттық хореография академиясы 2019 жылғы 5 қарашада Қазақстанның Өзбекстандағы жылы аясында Ташкент көрермендері қауымының назарына гала-концерт ұсынды. 

Әлішер Навои атындағы Өзбекстан Мемлекеттік академиялық Үлкен театрында Қазақ ұлттық хореография академиясы тәрбиеленушілерінің қатысуымен болған концерттік бағдарлама үлкен аншлагпен өтті. 

Концерттің мазмұнды бағдарламасында әлемдік классикалық балеттің інжу-маржаны болып табылатын хореографиялық нөмірлер, қазақстандық және шетелдік хореографтардың заманауи қойылымдары болды. 

Концерт бағдарламасына В. Вайноненнің хореографиясындағы Розовый вальс» пен «Щелкунчик» балетінен қытай биі енді. М. Петипаның қойылымындағы «Пахита» балетінен Полонез-мазурка, «Корсар» балетінен Вариация Одалиски және Медора, «Дон Кихот» балетінен Амур орындалды. Сонымен қатар,  Н. Анисимованың хореографиясындағы «Гаянэ» балетінен семсерлермен  орындалған би, Ағайынды Легаттардың қойылымындағы «Фея кукол» балетінен трио, А. Горскийдің хореографиясындағы «Коппелия» балетінен вариация, Д. Пимоновтың хореографиясындағы «Чакона» және Рондо «Сюрприз», Ю. Григоровичтің қойылымындағы «Лебединое озеро» балетінен вариация көрермендердің зор қошеметіне бөленді. А. Садықованың қойылымындағы «Аққулар» және «Балбөбек» неоқазақ билерін, А. Садықова мен А. Шәмшиевтің қойылымындағы «Серілер салтанаты» биін көрермендер ыстық ықыласпен қарсы алып, ерекше қошемет көрсетті.  

Қазақ ұлттық хореография академиясының бірінші проректоры Бибігүл Нүсіпжанова өзінің құттықтау сөзінде театр ұжымын театрлық маусымның 90 жылдық мерейтойымен құттықтап, зор табыс, шығармашылық шабыт, жарқын премьералар мен көрермендер тарапынан қызу ілтипатқа ие бола беруіне тілектестік білдірді.    

Жиналған қонақтар алдында Бибігүл Нұрғалиқызы Академия туралы айтып берді, мемлекет тарапынан әрдайым көрсетілетін қолдаудың және бірегей оқу орнындағы педагог-жаттықтырушылар кәсіпқойлығының арқасында Академия тәрбиеленушілері беделді балет байқауларына, Қазақстан бойынша турларға, гастрольдік сапарларға қатысып, өнер көрсету мүмкіндігіне ие екендігін атап көрсетті. Былтыр Әзірбайжан елінде өнер көрсетсе, биыл бауырлас Өзбекстанда өнер көрсетуде!

Осы Өзбекстан сапары аясында Академия басшылығы Ташкент мемлекеттік халық биі және хореография мектебінің ректоры Шухрат Тохтасимовпен ынтымақтастықты одан әрі дамыту бойынша кездесу өткізді. 

Ұйымдастырушылар осы іс-шараның хореография өнерін дамытып, оны көпшілікке танытуға және көршілес екі елдің тату қарым-қатынастарын одан әрі нығайтуға қолайлы жағдайлар жасауға септігін тигізетініне сенімді. 

Қазақстанның Өзбекстандағы жылы аясында іскерлік және мәдени-гуманитарлық алмасуға толы бағдарлама ғылым, мәдениет пен өнер саласындағы қазақ-өзбек ынтымақтастығының жоғары деңгейде екендігін көрсетеді. Мәдени мекемелер, оқу орындары, қоғамдық ұйымдар желісі бойынша белсенді алмасу іс-шаралары жүргізілуде, фестивальдер мен шығармашылық ұжымдардың гастрольдік сапарлары өткізілуде, ағарту саласында бірлескен пайдалы жобалар іске асырылуда. 

Ресей халық әртісі Алтынай Асылмұратова жетекшілік ететін Қазақ ұлттық хореография академиясы Ташкент қаласының тұрғындары мен қонақтары назарына еліміздің талантты әрі дарынды балаларының қатысуымен концерт көрсетіп, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы өзара достық қарым-қатынастарды нығайтуға өз үлесін қосты. 

 

Яндекс.Метрика