Қабылдау комиссияларының байланыстары

«Eurasian Book Fair–2019» ІV Евразиялық Халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі өз жұмысын бастады

«Көрме» көрме орталығында «Eurasian Book Fair–2019» ІV Евразиялық Халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесінің ашылу салтанаты өтуде.

«Елордамызда төрт күн өтетін ІV Еуразия халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесіне жиналған жұртшылықты көргеніме қуаныштымын. Біз бүгін Еуразия аумағындағы маңызды мәденени шараның куәгері атанып отырмыз. Кітап форумын өткізу – еліміздегі әдебиет саласының ғана жетістігі емес,  ол барлық кітапсүйер қауымның мерекесі» деп атап өтті салтанатты іс-шараны ашқан ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы.    

«Eurasian Book Fair» – еуразиялық халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі еліміздегі – іскерлік және гуманитарлық әріптестікті дамыту және нығайту мақсатында ТМД, Еуропа және Азия елдерінің баспа, кітап саудасы ұйымдарын, мәдени және білім беру орталықтарын үлкен интеллектуалдық алаңға  біріктіретін аса ірі кітап форумы.

Бұл көрмеге 13 мемлекеттен келген 90 компания қатысады. Оның ішінде Ресей, Әзербайжан, Тәжікстан, Армения, Қырғызстан, Түркия, Қытай, Иран, Польша, Бельгия, Латвия, Украина, Өзбекстан бар.

Жастар жылы аясында жас авторлардың қатысуымен «Ашық әңгіме» ақындық марафон, кітаптық әңгімелесу (book talks), әдебиет клубының отырысы, «Кітапты қалай тиімді оқу керек?» тақырыбына арналған шеберлік сыныптары, танымал ақын-жазушылармен автограф-сессия ұйымдастырылады. Олардың ішінде балалар кітабы Бүкілресейлік фестивалінің директоры және жазушы Юрий Нечипоренко, «Кит плывёт на север», «Совиный волк» кітаптарының авторы Анастасия Строкина бар. Танымал балалар жазушысы Анна Гончаровамен интерактивті және шығармашылық кездесу болады.

Бұл шараның аясында танымал мәдениет қайраткерлері, жазушылар және ақындармен кездесулер ұйымдастырылады. Олардың арасында жас ақын Мерген Тоқсанбай мен Қазақстан Республикасының Жазушылар Одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдаулет, сондай-ақ тарих ғылымдарының докторы, профессор, Еуразия Ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов та бар. 

Яндекс.Метрика