Қабылдау комиссияларының байланыстары

Әділхан Ержановтың «Түн құдайы» фильмі Үндістанда өтетін фестивальде бақ сынамақ

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ түсірген «Түн құдайы» фильмі Bengaluru International Film Festival кинофестивалінің «Asian  Cinema Competition»  атты конкурстық бағдарламасына қатысады. Аталған кинофестиваль ақпанның 21-і мен 28-і аралығында Үндістанның Карнатака штатындағы Бангалор қаласында өтеді. 
 
Айта кетсек, Бангалор қаласы Үндістандағы кино өндірісі бойынша ең алдыңғы қатардағы орталықтарының бірі. Жыл сайын бұл қалада 200-ге жуық фильмдер жарыққа шығады, олардың көбі халықаралық кинофестивальдерде биіктерден көрініп, киносыншылардың жоғары бағасына ие болған туындылар. 
 
 «Біздің фильм мифологиялық негізде заманауи әлемді абстракты сюжет ретінде ұсынады. Ежелгі  дүниетанымды қазіргі – логикалық көзқараспен ауыстырсақ не болар екен деген фантазиялық ойдан туған туынды. Сондықтан да маған осы тұрғыдан көрсетуге қызық болып көрінді. Фестивальдің басталғанын асыға күтіп жүрмін, менің ойымша бағдарламасы қызы болатын секілді, – деді режиссер Әділхан Ержанов.   
 
Естеріңізге сала кетсек, «Түн құдайы» фильмі 40-шы Мәскеу халықаралық кинофестивалінің негізгі конкурсы шеңберінде көрсетілген болатын. Сондай-ақ аталған кинотуынды Парижде өткен  L’Etrange Festival және Ресейдегі «Край света» кинофестивальдерінде көрсетілді. Одан бөлек, «Түн құдайы» фильмі Индонезияда өткен Jogja кинофестивалінің «Азиялық фильмдер» байқауына және  14-ші Ш.Айманов атындағы халықаралық кинофестиваліне қатысқан болатын. 
 
Bengaluru International Film Festival кинофестивалінде азиялық және үнді фильмдерге арналған екі конкурстық бағдарламалар бар. Сонымен қатар, фестиваль шеңберінде конкурстан тыс «Әлемдік панорама» бағдарламасы, сондай-ақ, ФИПРЕССИ және НЕТПАК қазылар алқасы жұмыс істейді. Биыл фестиваль шеңберінде Ингмар Бергманның ретроспективасы (мэтрдың 100 жылдығына орай) және Махатма Гандидің өмірі туралы баяндайтын (үнді саяси және қоғам қайраткерінің 150 жылдығына орай) фильмдердің ретроспективасы ұйымдастырылған.  
 
Айта кетсек, халықаралық кинофестивальдерде танылған фильмдерге арналған «Әлемдік панорама»конкурстан тыс бағдарламасы аясында «Қазақфильм» киностудиясының тағы да бір тың туындысы – режиссер Эмир Байғазин түсірген «Өзен» фильмі көрсетіледі. 
Анықтама:
«Түн құдайы»
 
Өндірісі: Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» 
Жанры: драма 
Хронометражы: 110 минут 
Режиссёрі: Әділхан Ержанов 
Продюсері: Серік Әбішев 
Сценарийін жазған: Әділхан Ержанов 
Операторы: Едіге Несіпбеков 
Ролдерде: Баймұрат Жұманов, Әлия Зайналова, Нұрбек Мұкышев, Константин Козлов, Салтанат Наурыз, Мақпал Исабекова
 
Әділхан Ержанов –сценарист, кинорежиссер. 71-ші Канн кинофестивалінің «Ерекше көзқарас» бағдарламасына қатысқан («Әлемнің мейірімді енжарлығы», 2018). 40-шы Мәскеу халықаралық кинофестивалінің қатысушысы («Түн құдайы», 2018). 45-ші Роттердамдағы ХКФ NETPAC қазылар алқасының иегері («Қаратас ауылындағы оба», 2016), соныман қатар, көптеген халықаралық кинофестивалінің лауреаты және қатысушысы. Қазақстан Киносыншылар ассосциациясының тануы бойынша бірнеше рет «Үздік фильм», «Үздік режиссер» және «Үздік сценарий» атанған. Еуропалық Киноакадемияның мүшесі.
Яндекс.Метрика