Қабылдау комиссияларының байланыстары

Ұлттық музейде «Ресей-Қазақстан – ғарыштық дәуірді тұңғыш ашушылар» атты пошта маркаларының көрмесі ашылды

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі Ресей Елшілігі және Ғарыш істері бойынша «Роскосмос» Мемлекеттік корпорациясымен бірлесіп, шахматтан бірнеше дүркін әлем чемпионы, Мемлекеттік Думаның халықаралық істер бойынша төрағасының орынбасары Анатолий Карповтың жеке коллекциясынан «Ресей-Қазақстан – ғарыштық дәуірді тұңғыш ашушылар» атты пошта маркаларының көрмесін ашты.

Көрме тақырыбына орай шахматтан бірнеше дүркін әлем чемпионы Анатолий Карпов, «Роскосмос» Мемлекеттік корпорациясының Қазақстандағы өкілі Анатолий Красников, ҚР Ұлттық музейі директоры Алмаз Нұразханның қатысуымен қатысуымен Баспасөз мәжілісі ұйымдастырылды.

Экспозицияға тікелей ғарыш тақырыбына қатысты жүзге жуық марка ұсынылды. Адамның Ғаламды бағындыру туралы арманы және ғарыш кеңістігін игеру тақырыбының таңдалып алынуы кездейсоқтық емес, өйткені Қазақстан мен Ресейді ғарыш саласындығы көпжылдық серіктестік байланыстырады. Сонымен қатар, көрменің ашылуы барысында Анатолий Карпов Қазақстан шахмат федерациясының тәрбиеленушілерімен кездесті.

Көрменің ашылу салтанатында сөз алған ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлова: «Шахматтан бірнеше дүркін әлем чемпионы, мәдениет, ғылым саласының жанашыры, аты аңызға айналған тұлға Анатолий Карповтың «Ресей-Қазақстан – ғарыштық дәуірді тұңғыш ашушылар» атты пошта маркаларының көрмесіне құтты болсын айтқым келеді. Қазақстан мен Ресей мемлекеттерінің ынтымақтастығы арта түсуі үшін, бүгінгі көрменің маңызы зор. Бүгінде екі ел арасында түрлі жобалар мен мәдени, ғылыми шаралардың жүргізіліп жатқаны баршамызға аян. Халықтар арасындағы достық қарым-қатынасқа өз үлесін қосып, ұзақ жылдар бойы атқарған еңбегі үшін Анатолий Карпов мырзаға алғыс айтқым келеді. Сол еңбектің нәтижесін бүгінгі көрмеден тамашалауға  мүмкіндік бар», – деді.

А. Карпов әлемдік элитадағы ең білгір, данышпан шахматшылардың бірі саналады. Ол жеңістер мен рухани күштің, ой мен жігердің, сондай-ақ  тапқырлық пен  өнерді біріктіретін шахмат ойынының нағыз шеберіне айналған.  Оған жеңісті де, жеңілісті де қалыпты және намыспен қабылдауды әкесі үйреткен болатын. А. Карпов 9 жасында бірінші разряд алса, 11-де спорт шеберіне кандидат нормасын орындады, 14 жасында КСРО спорт мастері атанды.1969 жылы жасөспірімдер арасында әлем чемпионы атанса, 1970 жылы РКФСР чемпионы болып, гроссмейстер атағын алды. 1973 жылы Ленинградта зонааралық турнирде жеңіске жетті және 1974 жылы үміткерлер матчының барлық деңгейін табыспен еңсерді, 1975 жылы шахматтан 12-әлем чемпионы деп танылды.

Шахматтан бірнеше дүркін әлем чемпионы, Мемлекеттік Думаның халықаралық істер бойынша төрағасының орынбасары Анатолий Карпов: «1958 жылдан бастап ғарыш тақырыбына қатысты маркаларды жинай бастадым. Бұл тақырыпқа ерекше көңіл бөлуімнің себебі, еңбек жолымда, жалпы өмірімде ғарышкерлермен көп араласып, жақын дос болдым. Бүгінгі көрмеге маркалармен қатар, белгілі ғарышкерлердің қолтаңбасы да қойылды. Ал көрмеге арнайы келген Қазақстанның жас шахматшыларына жеңіс, тек сәттілік тілеймін!»– деп жылы лебізін жеткізді.

Шахматтан үш дүркін әлем чемпионы, халықаралық гроссмейстер Анатолий Карповтың есімі тек шахмат әуесқойларына ғана емес, әлемдегі марка коллекционерлері арасында да жақсы танымал және филателистердің арасында тура шахмат әлеміндегідей құрметке ие. Карпов үшін филателия – оның өмірінің ең зор әрі маңызды бөлігі. Ол банктің сақтау орнына өткізген және бүгінгі таңда 13 млн. евроға бағаланатын маркалардың ең ірі әрі құнды коллекциясын жинады. Біріккен Ұлттар Ұйымы қызмет еткен 70 жылдың ішінде әртүрлі есте сақтарлық даталарға арнап шығарған маркалар коллекциясы тек қана бір адамда, яғни Анатолий Карповта бар екенін атап өткен жөн. Оның коллекциясының басты тақырыбы – олимпиадалық филателия, шахмат, кеңестік маркалардың хронологиясы, Бельгия маркалары және таңдаулы кескіндеме маркалары.

Анатолий Карпов өзінің филателиялық коллекциясын көрмелерге қойып жүр. Мәселен, халықаралық гроссмейстрдің бельгия коллекциясы Бельгия пошта ведомствосының өтінішімен құрметті топтағы көрмелердің біріне қатысып зор табысқа жетті. 2000 жылы Сидней жазғы Олимпиадасы кезінде 1920 және 1924 жылғы Антверпен және Париждегі Олимпиадалық ойындарға қатысты маркалары барКарповтың экспозициясы арнайы филателиялық көрмеге қойылып, үшінші орынға ие болды.

Ол 1979 жылы  Бүкілодақтық филателистер одағының құрметті мүшесі атағын алды; артынан 1999 жылы Монако князі Ренье ІІІ құрған әлемнің ең танымал және ең атақты 100 филателистінің «Монте-Карло клубына» кірді (фр. Club de Monte-Carlo de l’Elite de la Philatélie). Ресей Филателиясы ұлттық академиясының Қамқорлар кеңесінің мүшесі.

 

Яндекс.Метрика