Қабылдау комиссияларының байланыстары

ҚР Парламенті кинематография туралы заңды қабылдады

Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Кинематография туралы» Заңды қабылдады.

«Бұл кинематографияның дербес тынысын ашатын мәдениет саласындағы алғашқы заң жобасы. Оның қабылдануы Қазақстан кинематография тарихындағы маңызды оқиға болады ден сенемін. Барлық дамыған елдерде мемлекеттік кино саясаты жеке заңнама арқылы реттеледі. Сонымен қатар, елімізде кинематография саласын реттеп, одан әрі дамытуға бағытталған бұл заң жобасы Мемлекет басшысының биылғы қарашада жариялаған «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында берген тапсырмаларын орындайтын бірден бір негізгі құрал болатыны сөзсіз», – деді ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Осы орайда ол  Ұлттық киноны қолдау орталығын құру ескерілгенін атап өтті.

«Субъективті бағалауды болдырмау үшін кино жобалар сараптамалық кеңестің және ҚР Үкіметі жанындағы ведомствоаралық комиссияда қарау арқылы іріктеуден өтеді. Ал «Қазақфильм» кино өндіруші компания ретінде өзінің негізгі қызметімен айналысып, кинофабрика жұмыс істейтін болады», – деді министр.

Мұнымен қоса, Ұлттық киноны мемлекеттік қаржыландырудың жаңа моделін енгізу жоспарланып отыр. Қазіргі кезде барлық картиналар толық көлемде мемлекеттен немесе жекеменшік тарапынан қаржыландырылады.

«Сәйкесінше, біз шығаратын картиналардың саны шектеулі және олардың нарықта коммерциялық ілгерілеуі әлсіз. Өйткені өндіруші, продюсер, шығармашылық топ өндіріс барысында өздерінің барлық гонорарларын алып қояды. Заң жобасында ұсынылған қаржыландыру жүйесінде ең алдымен фильмдерді қаржыландыру көлемі бойынша нақты градация қарастырылған. Осылайша, мемлекет тарапынан толық көлемде жоғары әлеуметтік маңызы бар фильмдер қаржыландырылады. Бірінші кезеңде өскелең ұрпақты тәрбиелеуге бағытталған тарихи картиналар, патриоттық кино, оқиғалы фильмдер, анимациялық және дебюттік картиналар қамтылады. Барлық басқа коммерциялық жобалар инвесторлармен жеке капиталды тарту шартымен ішінара қаржыландырылады», – деді ол.

Сонымен қатар, заң жобасы аясында прокаттан қаражатты қайтару мүмкіндігі қарастырылып отыр.

Айта кеткен жөн, заң жобасында фильмдердің прокат тілі мәселесіне ерекше көңіл бөлінген. «Бүгінгі күні қолданыстағы «Мәдениет туралы» Заңның фильмдерді қазақ тіліне міндетті түрде дубляждауға қатысты бабы жұмыс істемейтіні белгілі. Елге 300-ге жуық шетелдік фильм әкелінеді және олардың барлығының прокаты қазақ тіліндегі нұсқасыз жасалады. Сондықтан біз қазақ тіліне аударудың үш нұсқасын ұсындық – бұл дубляж, не субтитрлеу, не фильмдерді кадрдан тыс аударма жасау», – деді ведомство басшысы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР Парламент Сенатында ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлова прайм-таймда ұлттық фильмдер көрсетілсе, киноөндірушілер мен кинотетрлар салықтық жеңілдіктер алатынын мәлім етті.

Яндекс.Метрика