Қабылдау комиссияларының байланыстары

Қазақстан мен Ресей арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі комиссиясының алғашқы отырысы өтті

14 қазанда Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі Кіші комиссиясының алғашқы отырысы өтті.

Кіші комиссияның қазақстандық бөлігін Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт Вице-министрі Нұркиса Мұратұлы Дәуешов басқарды, Ресей тарапын Ресей Федерациясы Мәдениет Министрінің орынбасары Павел Владимирович Степанов басқарды.

Жиынға Ресей жағынан: Валерия Хлызова, Ресей Мәдениет министрлігі ТМД елдерімен жұмыс бойынша бөлім басшысының орынбасары; Андрей Малышев, «Росконцерт» бас директоры; Елена Булукова, гастрольдік қызметті қолдау федералды орталығының бас директоры; Юрий Москвин, «Визарт» кинокомпаниясының бас продюсері; Борис Мошковцев, «Союзмультфильм» шығармашылық өндірістік бірлестігі» киностудиясының директоры; Эльмира Щербакова, «Ресей театры» жобасының, «Мәдени маусым» және «Бейбітшілік пен үйлесімділік» қорының бас продюсері, ОФО қоғамдық палатасының мүшесі; Александр Тургаев, Санкт Петербург мемлекеттік мәдениет институтының ректоры; Светлана Горохова, М.И.Рудомин атындағы шетел әдебиеті кітапханасының халықаралық қызмет жөніндегі директоры; Тигран Мкртычев, Шығыс музейі директорының орынбасары; Константин Воробьев, Нұр -Сұлтан қаласындағы Ресей ғылымы мен мәдениеті орталығының басшысы; Қазақстан Республикасындағы Ресей Федерациясы Елшісінің Кеңесшісі Кирилл Тиллябаев және тб.келді.

Ал, Қазақстан тарапынан: Арман Әсенов, «Қазақфильм» киностудиясының басшысы; Тойжан Егімбаева Қазақ өнер университетінің проректоры; Гүлнара Сәрсенова, «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» ҰАҚ төрағасы м.а.; Ерлан Дәкенов, «Қазақконцерт» мемлекеттік концерт ұйымы директорының орынбасары; Айжан Құрманғалиева «Астана Опера» Мемлекеттік опера және балет театры директорының орынбасары; Валерий Күзембаев, «Астана Балет» театры директорының орынбасары; Үмітхан Мұңалбаева, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының директоры; Бақытжамал Оспанова, Алматы қаласындағы Ұлттық кітапхананың директоры; Күлайша Ақтаева, Тұңғыш Президент -Елбасы кітапханасы директорының орынбасары; Жанна Толысбаева, Қазақ ұлттық хореография академиясы ҰАҚ проректоры; Алмас Нұразхан, Ұлттық музей директорының орынбасары; Рауан Игенов, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің департамент директоры және тб. қатысты.

Өзара түсіністік пен достық жағдайында өткен келіссөздер барысында тараптар Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастықтың жай-күйі мен келешегі туралы пікір алмасты.

Ресей Федерациясы Мәдениет министрінің орынбасары Павел Степановтың айтуынша, бұл екі елдің дамуындағы тарихи сәт.

– Біз тату көршілігімізді ескере отырып, екі ел арасындағы достық қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға болады. Біз мәдени ынтымақтастықтың барлық салаларында ынтымақтастықты дамытуға міндеттіміз. Сондықтан осынау маңызды шараға кең ауқымды жұмыс жоспарымен келдік. Барлық мәселелерді бірден шешу мүмкін емес екені түсінікті, дегенмен біз сындарлы ынтымақтастыққа үміттенеміз,- деді Ресей Федерациясы Мәдениет министрінің орынбасары  Павел Степанов.

Екі елдің мәдениет саласының мамандары 2020 жылға арналған іс-шаралар жоспары әзірлеп жатыр. Жиында Ұлы Абайдың 175 жылдығына, Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығына қатысты жаңа мәдени жобалар талқыланды.

– Ресей мен Қазақстан тарапында көптеген байланыстар бар біздің тарихымызға байланысты. Ресейдегі тарихи құндылықтарымызды Қазақстанда көрсету, Қазақстандағы құндылықтарды Ресейде көрсету және Ресей аудиториясы арқылы еліміздің жауһарларын Еуропа жұртшылығына, әлем жұртшылығына таныту негізгі мақсатымыз,-деді ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрқиса Дәуешов.

Алқалы отырыста, 2020-2021 жылдары қазақстандық және ресейлік жетекші шығармашылық ұжымдардың алмасу концерттерін өткізу; 2020 жылы қазақстандық және ресейлік театрлардың тепе-тең негізде алмасу гастролдерін өткізу; кинематография саласындағы ынтымақтастық (екі елге ортақ тарихи оқиғаларға байланысты бірлескен жобалар жасау), тәжірибе алмасу туралы; білім беру саласындағы ынтымақтастық туралы, оның ішінде қазақстандық мамандар үшін «реставрация» мамандығы бойынша шеберлік сабақтары мен курстар ұйымдастыру мүмкіндігі; кітапхана ісі саласындағы ынтымақтастық (ортақ ақпараттық жүйені іске қосу); музей ісі саласындағы ынтымақтастық туралы (Ұлттық музейлер базасында бірлескен жобалар); мүмкін болатын әріптестік мәдени-ағартушылық жобалар (көрмелер, фестивальдер, конкурстар және т. б.) туралы мәселелер талқыланып, екі жақ он тоғыз бап бойынша ортақ шешімге келіп, Қазақстан мен Ресейдің Мәдениет министрлерінің орынбасарлары хаттамаға  қол қойды.

Айта кетейік, Кіші комиссияның екінші отырысы 2020 жылы Ресей астанасы Мәскеуде өтеді.

Яндекс.Метрика