Қабылдау комиссияларының байланыстары

«Рухани қазына-2019» байқауының жеңімпаздары анықталды

22 мамыр, 2019. Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет және өнер саласы ұйымдары мен қызметкерлерінің «Рухани қазына» фестивалінің аясында ұйымдастырылған республикалық «Рухани қазына-2019» байқауының жеңімпаздарын марапаттады. Аталған фестиваль Мәдениет және өнер қызметкерлері күні кәсіби мерекесі қарсаңында өткізіліп отыр.

Мәдениет саласының 300-ге жуық қызметкерлерінің басын қосқан аталмыш шара барысында еліміздің 14 өңірінен 250-ге жуық өтінім қаралған.

«Бұған дейін әр ауылдағы кітапханалар мен музейлерде басталған байқау бірнеше кезеңнен өтіп, қорытынды межеге жақындады. Бұл фестивалдің мақсаты – үздік қызметкерлер мен орталықтарды саралау ғана емес, өзара тәжірбие алмасып, жаңа сапаға көтерілу үшін бірлесе жұмыстануға мүмкіндік сыйлау» деп атап өтті ұйымдастырушылар.

Нәтижесінде мемлекеттік музейлер (облыстық, аудандық (қалалық) маңызы бар),мемлекеттік кітапханалар (облыстық, аудандық (қалалық), ауылдық маңызы бар), мемлекеттік мәдени ойын-сауық ұйымдары (облыстық, аудандық (қалалық) маңызы бар) арасында 9 номинация бойынша анықталған үздіктерге арнайы марапаттар табысталды.

Соның ішінде музей ісі бойынша «Үздік облыстық маңызы бар мемлекеттік музей» ретінде «Г. Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейі» (Павлодар облысы) танылды. Үздік аудандық (қалалық) маңызы бар мемлекеттік музей болып «Лисаков Жоғарғы Тобыл тарихы мен мәдениеті музейі» (Қостанай облысы) анықалды. Үздік облыстық маңызы бар мемлекеттік музей қызметкері болып Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық музей-қорығының ақпараттық-білім беру бөлімінің меңгеруші Карибаева Шынар Мерсаликқызы (Шығыс Қазақстан облысы) марапатталды. Үздік аудандық (қалалық) маңызы бар мемлекеттік музей қызметкері «Батыр бабалар мемориалды» музейінің меңгерушісі Әлім Орынбасар Тәлімжанұлы (Алматы облысы) атанды.

Кітапхана ісі бойынша Үздік облыстық маңызы бар кітапхана ретінде С. Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана (Солтүстік Қазақстан облысы) танылды. Үздік аудандық (қалалық) маңызы бар кітапхана болып Талас аудандық орталық кітапхана (Жамбыл облысы) анықталды. Үздік ауылдық маңызы бар кітапхана Ақкиізтоғай ауылдық кітапхана (Атырау облысы), Үздік облыстық маңызы бар зағип және нашар көретін азаматтарға арналған кітапхана Батыс Қазақстан облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналаған арнаулы кітапхана (Батыс Қазақстан облысы) танылды. Үздік облыстық маңызы бар кітапхана қызметкері болып Ә. Тәжібаев атындағы Қызылорда облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының бөлім жетекшісі Досмағанбетова Қалдыгүл Жалауқызы (Қызылорда облысы) марапатталды. Үздік аудандық (қалалық) маңызы бар кітапхана қызметкері ретінде Зеренді орталық аудандық кітапхана кітапханашысы Ғабдулманова Гәкку Жанғалқызы (Ақмола облысы) марапатталды. Үздік ауылдық маңызы бар кітапхана қызметкері Талдықорған қаласының Орталықтандырылған кітапхана жүйесі Өтенай ауылдық кітапханасының кітапханашысы Сейлханова Гүлнархан Оралханқызы (Талдықорған облысы) атанды. Үздік облыстық маңызы бар зағип және нашар көретін азаматтарға арналған кітапхана қызметкері болып

«Көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналаған облыстық арнайы кітапханасы» басшысының орынбасары Қуантаева Лаззат Серикқызы (Павлодар облысы) марапатталды.

Мәдениет үйлері бойынша «Үздік облыстық халық шығармашылығы орталығы» ретінде  «Қызылорда облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығы танылса, «Үздік аудандық (қалалық) мәдениет үйі, мәдениет сарайы» ретінде Батыс Қазақстан облысының Бөрлі аудандық демалу орталығы анықталды. «Үздік ауылдық мәдениет үйі, клубы» Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Қаракемер ауылдық мәдениет үйі болды. «Үздік облыстық халық шығармашылығы орталығының қызметкері» болып  Павлодар облыстық «Шаңырақ» халық шығармашылығы және мәдени-сауық  қызметі орталығының бөлім меңгерушісі Бұзаубаева Аймагүл Әшімқызы марапатталды. «Үздік аудандық (қалалық) мәдениет үйі, мәдениет сарайының қызметкері» ретінде Ақмола облысының Атбасар аудандық мәдениет үйінің «Родничок» балалар би ұжымының хореограф-репетиторы Манукян Виктория Юрьевна анықталды. «Үздік ауылдық мәдениет үйінің, клубтың қызметкері» болып Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданының Айнабұлақ мәдениет үйінің меңгерушісі Марина Оразбекова танылды.

Байқау қатысушыларына арнайы марапатты Мәдениет және спорт министрлігі жауапты хатшысының м.а. Күміс Сейітова, ҚР МСМ Мәдениет және өнер істері департаментінің директоры Әбіл Жоламанов, Астана қаласындағы Ұлттық академиялық кітапхана директоры Үмітхан Мұналбаева, «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының директоры Жеңіс Сейдоллаұлы, Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінің директоры Гүлмира Шалабаева ұсынды. Сондай-ақ, байқауға қатысушыларға Мәдениет және спорт министрінің атынан алғыс хаттар табысталды. Іс-шарада Фестивальге қатысушыларды еліміздің танымал эстрада жұлдыздары, жас дарын Ержан Максим құттықтап, ән-жырдан шашу шашты.

Фестиваль Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Туған жер» арнайы жобасын іске асыру аясында өткізілді. Фестиваль мәдени-ойын-сауық саласы қызметіндегі тәжірибемен алмасу, қазақстандық патриотизм мен ұлттық-мәдени бірлікті дамыту аясында ұлттық мәдениетті насихаттау және аймақтық мәдениет ұйымдарының имиджін нығайтуға бағытталған үздік әлеуметтік-мәдени және білім беру тәжірибелерін көрсету мақсаттарын көздейді.

Фестивальдің міндеттері бірыңғай мәдени кеңістікті дамыту, аймақтардағы мәдени мұралармен танысу, жұмыс бойынша тәжірибе алмасу, қоғамдық сананы жаңғырту аясында мәдениет ұйымдары қызметтерінің мазмұнын жаңарту бойынша идеялар іздеу, мәдениет қызметкерлерінің кәсіби шеберлігін арттыру болып табылады.

Яндекс.Метрика