Қабылдау комиссияларының байланыстары

Римдіктер қазақстандық Спартакты жібергісі келмеді

Рим қаласы «Астана Опера» театрының әртістерін шыжыған ауа райымен ғана емес, сондай-ақ ыстық ықыластарымен де қарсы алды: 1 және 2 шілде күндері «Спартак» балетін орасан зор жетістікпен ұсынған әртістерді көрермен қауым көпке дейін сахна төрінен жібергісі келмеді. Шымылдық жабылғанға дейін залда ду қол шапалақ соғылып, «Браво, Спартак» деген толассыз дауыстар үзілмеді. Атақты Рим операсының (Teatro dell’Opera di Roma) сахнасы бір жарым ғасырдан астам уақытта көптеген жарқын өнер көрсетулерді басынан өткерді, алайда қазақстандық труппа ерекше есте қалды.

– Осы театрға жиі келемін, балеттен де біршама хабарым бар, айтарым – әртістердің деңгейі өте жоғары. Басты Спартак партиясын орындаушы ғаламат секірулер жасайды. Оның өнеріне тәнті болғаным соншалық, енді ол туралы міндетті түрде қосымша ақпарат іздеймін, жалпы, сіздердің елдеріңіз жайында көп мағлұмат алып, барғым келіп кетті, – деді итальяндық актер әрі әнші Карло Бельмондо.

– Маған сценографиясы керемет ұнады, шынымен де терең мәнді, спектакль өте көріністі шықты, әртістер де тамаша өнер көрсетіп, өздерінің қуатымен залды жандандырды. Сахнада ұсынылған оқиғаға әбден сіңіп кеткендей әсерде болдым, тіпті ежелгі Римге сапар шеккендей күйдемін, маған бәрі ұнады. Басты партияны орындаушы асқан шебер екен, оның қимыл-қозғалысының қарқыны бірден сезілді. Көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратова бастаған «Астана Опера» театрының балет труппасы тамаша орындаушылық шеберлігін паш етті. Сіздерге, Қазақстанға келгім келеді, өте керемет ел, – деп атап өтті Fabio2U (Фабио Демофонти) лақап есімді танымал итальяндық әртіс.

– Соңғы рет «Спартак» балеті Римде 1987 жылы қойылды, сондықтан бүгінгі өнер көрсетуіміз біз үшін айтулы оқиға болмақ. «Астана Операның» балет труппасы өте мықты екенін білеміз.  Бақтияр Адамжанды әлемдегі ең үздік Спактак деп санаймын. Бақтияр Римде бірнеше рет өнер көрсетіп үлгерді, сол себепті басым көпшілігі дәл осы әртісті көру үшін келді. Труппа дамып, өркендеу үстінде екендігі анық байқалады, әртістер жас, үлкен мектептен өткен, бұл әсіресе кордебалеттен айқын аңғарылады, көпшілік көріністері біркелкі әрі үйлесімді орындалды. Оркестр мен маэстроның жұмысы тіпті керемет, – деп бөлісті Рим тұрғыны Максим Скобарев. 

1600 орынды залдағы лық толы көрермен орындарынан тұрып қошемет көрсетті. Спектакль аяқталған соң, өнерсүйер қауым театр фойесінде жетекші солистерді ортаға алып, олардың қолтаңбаларын алды. Бас партияны орындаушы Бақтияр Адамжанмен суретке түсуге ниет білдірген адам санының көптігі соншалық, үлкен кезек пайда болды.

«Астана Операның» жетекші солисі Б.Адамжан мінсіз техникасымен танылған, ал Спартак – оның репертуарындағы ең сүйікті партия. Әртіс аталған спектакльдің премьерасын туған сахнасында алғаш рет орындаған кезде өкпесі қысылып қалғанын жиі еске алады. – Бірінші бөлім аяқталды, шымылдық жабылды, ал мен тыныс ала алмадым. Кейінірек бәрін бірқалыпты өткеретін болдым, – деп күледі елордалық труппаның премьері. Әрине, Бақтияр Адамжан бұл ретте қарапайымдылық танытуда, себебі ол аталмыш партияны жан-тәнімен сезініп, көрерменге бар өнерін паш етеді, оның самғай ұшқан секірулері әлемнің барша жұртшылығын тамсандырады. Ол бойын үмітсіздік пен күдік билеген сәттеріндегі Спартакты әлсіз етіп көрсетуден қорықпайды, себебі оның кейіпкері өзінің басты мақсатын – осы қадамының жойқындылығын түсіне отырып, таңдайтын бостандығын әрдайым жадында сақтайды.

– Менің орындауымдағы Спартак, ең алдымен, қажыр-қайратымен қатар әлсіз тұстары да бар адам. Оркестрдің алғашқы нотасынан бастап мен оның өмірінің түрлі сәттеріндегі: махаббат, күресу, қажыған шақтарындағы мінез-құлқының дамуын көрсетуге тырысамын… Көрерменге осы бейненің драматургиясын жеткізуге талпынамын. Өзге әртістерден осымен ерекшеленемін деген үміттемін, себебі соңғы кездері менің кейіпкерім әртістер тарапынан тек жауынгер ретінде ғана қабылданады және спектакль бойы бірқалыпты орындалады, – деп атап өтті Бақтияр Адамжан.

«Астана Операның» жетекші солисі Әйгерім Бекетаеваны да зал жылы лебізбен қабылдады. Балеринаның тамаша дарынының лирикалық табиғатын көрсетуге мүмкіндік берген Фригия партиясы оған үйлесімді жарасты. Арман Оразов Красс партиясында өте сенімді көрінді. Айтар болсақ, әртіс жақында ғана труппада жетекші солист позициясына орнықты. Оның кейіпкері – қолбасшы – қатал, ызақор әрі өктем, ол барлық орындаушылардың қолынан келе бермейтін осы кейіпкердің қорқақтығын көрсете алды. Оның биі жеңіл әрі әртістік тұрғысынан орындалатын қиын секірулерге, айналуларға, күрделі демеулерге толы. Сахнада барлығы жеңіл көрінетініне қарамастан, әртістің мойындауынша, бұл партия – оның репертуарындағы ең күрделі партия, себебі бейненің сан қырын танытуды талап етеді.

Әсел Шайкенованың сомдауындағы Эгина – тек алғыр махаббат абызы ғана емес. Ол – римдік ақсүйектер ортасына қосылғысы келетін ақылды, салқын қанды, өз есебін білетін жеңіл мінезді әйел, сол үшін оған триумфатор, жеңімпаз Красс керек. Дәл осы Эгина тартыстың қайғылы нәтижесін анықтайды. Заманауи хореография стилін Әсел Шайкенова тамаша меңгерген.

Талапшыл итальяндық көрермен әртістердің әрбір күрделі демеулеріне, секірулері мен айналуларына қошемет көрсетіп отырды. Қайтыс болған күйеуінің мүрдесін тауып алып, оны жоқтаған сәттегі Фригияға хордың бірге дауыстап, керемет үн қатуы көрермен қауымның ерекше әсерін тудырды. Кенеттен шырқалған әйелдердің дауысына залдағы әрбір жан еріксіз жылап жіберді.

Балет спектаклінде дирижердің жұмысы ерекше орынға ие. Маэстро Абзал Мұхитдинов өзінің міндетін керемет атқарып шықты: ол стилистикалық, интонациялық және ырқақтық дәлдікке, сондай-ақ дыбысталудың сан алуандығына қол жеткізе алды.

Спектакль соңынан жұрт әртістерге ғана емес, сондай-ақ осы жерге жиналғандардың басым көпшілігі өнеріне бас иетін «Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратоваға да қошемет көрсетті.

– Өте толқулы, жауапты өнер көрсету болды. Әртістердің қолынан бәрі де келді, жетекші солистер өздерін кәсіби маман ретінде танытты. Мен ризамын! Көрермендер, мәдениет қайраткерлері келіп, спектакльден ерекше тебіренгенін, тіпті тұла бойы мұздап, ғажап әсер алғандарын айтты, мен үшін бұл өте жоғары баға. Егер залдағы әрбір жанға осылайша әсер ете алсақ, еңбегіміздің зая кетпегені. Италияның астанасы Римде, осынау керемет сахнада өнер көрсету, сөзсіз, оңай емес, себебі осындай көрерменді таңғалдыру қиын. Мұндай реакция боларын күтпедім, труппамыз, «Астана Опера» театрымыз итальяндық жұртшылық арасында танымалдыққа ие болып, олардың үлкен қызығушылықтарын тудырды.

Балетті тамашалауға Қазақстан Республикасының Италиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісінің кеңесшісі Сейіт Нұрпейісов келді.

– Дәл осы жерде, Италияда «Спартак» балеті қойылуының мәні зор. Қазақстандық әртістердің шеберлігі, хореографиясы, оркестр үні – бәрі жоғары деңгейде өткенін мақтан тұтамын, риза болдым, оны Teatro dell’Opera di Roma көрермендерінің үздіксіз ду қол шапалағынан түсінуге болады.

Екі күн бойы – 1 және 2 шілде – римдік көрермендер қазақстандық әртістерді қошеметпен қабылдады. Еске салар болсақ, «Астана Опера» труппасының келесі өнер көрсетуі Литваның Каунас қаласында өтеді, 5 шілде күні мазмұнды Гала-балет бағдарламасы ұсынылады. Гастроль «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің  қолдауымен өтуде.

Яндекс.Метрика