Қабылдау комиссияларының байланыстары

Республика бойынша латын графикасы негізіндегі «Жалпыхалықтық диктант» өтті

14 қараша, 2018. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жұмыстары аясында 2018 жылғы 14 қараша сағат 11.00-де республика бойынша латын графикасы негізіндегі «Жалпыхалықтық диктант» өтті.

Республикалық акция еліміздің барлық өңірлерін қамтып, оған шамамен 2 млн. қазақстандық қатысты. Диктант бір уақытта республика бойынша өңірлердегі тілдерді дамыту басқармалары дайындаған арнайы аудиторияларда өткізілді.

Сондай-ақ қашықтықтан қатысуға ниет білдірген республика тұрғындары үшін диктантты тыңдау сағат 11.00-де (Астана уақыты бойынша) «Қазақ радиосы», «Шалқар» радиоларының тікелей эфирінде және emle.kz, tilalemi.kz сайттарында қолжетімді болды.

Жалпыреспубликалық акция жаңа қазақ әліпбиін насихаттауға, латын негізді қазақ әліпбиін практикалық тұрғыдан меңгеруге дағдыландыруға бағытталған.

Шараға Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы қатысып, жалпыхалықтық диктант қатысушыларға сәттілік тіледі.

«Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын қарпіне көшіру туралы Жарлыққа қол қойғанын барша халық ыстық ықыласпен қабылдады. Бұл еліміздегі ерекше маңызды шешімдерінің бірі болды. Рухани жаңғыру – бұл төл әдебиетімізді, мәдениетімізді жаңғырту, ұлттық сананы ояту.  Әліпбидің алғашқы нұсқасына қоғам арасындағы талқылаудан кейін өзгерістер енгізіліп, 2018 жылғы 19 ақпандағы №637 Жарлығымен жаңа редакциядағы әліпби нұсқасы бекітілді.

Жазуды жаңа әліпбиге көшірудің мәдени-әлеуметтік, лингвистикалық, экономикалық, саяси, ақпараттық, педагогикалық себептері бар. Осы орайда, қазақ жазуын латын графикасына көшіру де мезгілі жеткен мәселе екенін қазіргі Қазақстан қоғамында болып жатқан талқылаулар көрсетіп отыр.

Бүгінгі «Жалпыхалықтық диктантты» ұйымдастырудағы мақсатымыз – республика тұрғындарына жаңа әліпбиде таңба ғана ауысатынын, қазақ дыбыстары сол күйінде қалатынын түсіндіру, жазу дағдысына бейімделу. Диктанттың ерекшелігі сол республика бойынша барлық азаматтардың қатысу еркіндігінде.

Халық практикалық тұрғыда сезінгенде ғана алдымызда тұрған қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру жұмыстарының маңыздылығын түсінеді. Осы жалпыхалықтық шараға бәріміз ат салысып, жаңа таңбалармен жазуымызды бастайық», – деп атап өтті ведомство басшысы.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Жалпыхалықтық диктантты өткізу бастамасын белгілі қоғам қайраткерлері, жазушылар, ғалымдар, спортшылар, мәдениет және өнер саласының тұлғалары да қолдап отыр.

Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасында диктантқа белгілі қоғам қайраткері, ақын-жазушылар Роза Мұқанова, Қонысбай Әбілов, әлемге танымал опера әншісі Майра Мұхамедқызы, балет әртісі Бақтияр Адамжан, дзюдо бойынша әлем чемпионы Максим Раков, халықаралық жарыстардың иегері Азамат Мұқанов және басқа да белгілі мәдениет және өнер қайраткерлері қатысты.

Айта кетейік, диктанттың тақырыбы – «Рухани жаңғыру» бағдарламасы» деп аталады. Мәтін 80-ге жуық сөзден тұрады. Диктант аяқталғаннан соң мәтіннің жазбаша нұсқасы emle.kz, tilalemi.kz сайттарында жарияланып, әр қатысушы өзінің жаңа қазақ әліпбиін меңгеру деңгейін тексере алады.

Яндекс.Метрика