Қабылдау комиссияларының байланыстары

Нұр-Сұлтанда «Астана кештері» VIII халықаралық өнер фестивалі өтуде

Бүгін ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметінде музыкалық өнер кеңістігіндегі айтулы оқиғалардың бірі – «Астана кештері»VIII халықаралық өнер фестивалінің өткізілуі бойынша баспасөз брифингі өтті.

Брифингке «Дегдар» қайырымдылық қорының директоры Лаура Ахметова; әлемге әйгілі альтист, Жоғарғы халықаралық Л.Перози академиясының профессоры (Италия), Кремона қаласының «Paul Harris» сыйлығының және Standout Woman Award премиясының лауреаты Анна Серова; белгілі итальяндық фортепиано дуэтінің пианистері Марко Скьяво және Серджо Маркеджани; халықаралық байқаулардың лауреаты Мұрат Нарбеков қатысты. Спикерлер биылғы фестивальдің ерекшеліктеріне, алдағы уақытта өтетін концерттер туралы баяндады.

«Дегдар» қайырымдылық қорының директоры Лаура Ахметова:

– Маусым айының 3-7 аралығында Нұр-Сұлтан қаласында «Астана кештері»VIII халықаралық өнер фестивалі өтуде. Өнер фестивалі жыл сайын «Астана кештері» ұйымдастыру комитетінің төрайымы Дариға Назарбаеваның бастамасымен өтеді. Фестивальдің басты мақсаты– халықтың түрлі әлеуметтік топтарына әлемдік өнердің жауһарларын тамашалауға мүмкіндік беру. Сондықтан өнердің озық үлгілерінің барша халыққа қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында бұл жобаның концерттеріне барлық билеттер тегін таратылады. Фестивальдің ерекше қонақтары – мүмкіндігі шектеулі жандар. Ұйымдастырушылар оларға концерттерге келуі үшін арнайы көлікпен қамтамасыз етеді. «Астана кештері» халықаралық өнер фестивалі «Дегдар» қайырымдылық қоры, JTI компаниясы және «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының ұйымдастыруымен өтуде.

Жыл сайын фестиваль аясында классика, халық өнері, эстрада бағытындағы музыканың үздік үлгілерін орындайтын белгілі өнер майталмандары өнер көрсетеді. Биылғы фестиваль аясында да елордада әлемнің үздік сахналарын бағындырған танымал өнер жұлдыздары бас қосты. Концерттер «Қазақстан» ОКЗ, «Астана опера» камералық залы, ҚазҰӨ орган залы сынды Нұр-Сұлтанның үздік саханаларында өтуде. Бүгінгі таңда «Астана кештері» фестивалі шеңберінде көрермендер опералық, камералық, симфониялық бағыттағы 3 қайырымдылық концертті тамашалап үлгерді. Елордалық көрермендерге ҚР еңбек сіңірген қайраткері Медет Шотабаев, Ресей Үлкен театрының жетекші солисі Анна Аглатова, А.Навои ат. Өзбек мемлекеттік үлкен театрының солисі, Өзбекстанның халық артисі Рамиз Усманов, Мариинский театрының солисі Наталья Павлова, «Солистер академиясы» мемлекеттік оркестрі, атақты альтист Анна Серова (Италия), Марко Скьяво – Серджо Маркеджани фортепианолық дуэті (Италия), «Құрмет» орденінің иесі, «Forte Trio» мемлекеттік триосының жетекшісі Тимур Урманчеев, көптеген халықаралық байқаулардың лауреаттары Динара Базарбаева-Сахаман  және Мұрат Нарбеков, заманымыздың ең таңдаулы пианисі Бехзод Абдураимов (Өзбекстан-АҚШ) және ҚР халық артисі, әлемге әйгілі скрипкашы Айман Мұсаходжаева өнер көрсетті.  

Ұйымдастырушылар атап көрсеткендей, 6-7 маусым күндері өнер фестивалі шеңберінде органдық және аспаптық музыка концерттері ұсынылады.

6 маусым күні ҚазҰӨ органдық залында сағат 19.00-де Париждегі Әулие Николя дю Шардоне шіркеуінің ресми органисі Мари-Аньес Граль-Мене «Органдық музыка кешін» ұсынады. 7 маусым күні сағат 19.00-де «Қазақстан» орталық концерт залында«Астана кештері» фестивалінің соңғы концерті өтеді. «4 рояль & альт» кешін Қазақстан және Италия елдерінің артистері ұсынады. Елорда тұрғындары мен қонақтары барлық концерттерге билеттерді тегін «Қазақстан» орталық концерт залының кассасынан ала алады.

Яндекс.Метрика