Қабылдау комиссияларының байланыстары

Мәдениет және спорт вице- министрі Нұрғиса Дәуешов жұмыс сапарымен Батыс Қазақстан облысына барды

Вице- министрдің Орал өңіріне сапары Қадыр Мырза Әли атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығының жұмысымен танысудан басталды.

Орталық басшысы Бауыржан Халиолла вице- министрді әдебиет және күйшілер залы, суретшілер бөлмесімен, музей, кітапханамен таныстырды.

Одан кейін вице- министр Оралдағы Салтанат сарайына барып, өңірдің мәдениет саласы ардагерлері мен қызметкерлерімен кездесу өткізді. Кездесу барысында Н.Дәуешов министрліктің атқарып жатқан ауқымды шараларын баяндап берді. Сонымен қатар өңірдегі мәдениет саласы мамандарының ой пікірлерін тыңдады.

Вице- министр өткізген жиынға қатысушы ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының БҚО филиалы директорының орынбасары Болат Жексенғалиев қазіргі латын әліпбиін жетілдіру, кірме сөздердің қазақша нұсқасын қолданысқа енгізу туралы ұсыныстар айтты.

Ал М. Өтемісов атындағы БҚМУ доценті Жаңабек Жақсығалиев Хан ордасын туристер аймағына айналдырып, Жәңгір ханның немересі Шәңгерей Бөкеевке ескерткіш орнатылса деген ұсыныс тастады.

Қазақтың ақиық ақыны Жұбан Молдағалиев шығармашылығын зерттеуші ұстаз Үзілдік Елубайқызы Жұбан ақынға Алматы мен Нұр- Сұлтан қаласында ескерткіш қою туралы пікірін жеткізді.

Сол күні Н. Дәуешов кітапхана қызметкерлерімен де кездесті. М.Горький атындағы орталық кітапхананың атынан сөз алған Виктория Петрова кітапхана қазіргі таңда ғылым мен білім ғана емес рухани таным орталығына айналып отырғанын айта келе мемлекеттің кітапхана қызметкерлеріне жағдай жасап отырғанына ризашылығын білдірді.

Сонымен қатар, ҚР Мәдениет және спорт вице- министрі Нұрғиса Дәуешов SAYAT этно туристік орталығында спорт және туризм саласы мамандарымен жүздесті. Ат спортын дәріптейтін орталықта сала мамандары спортты дамыту барысын талқылап, кешендер мен мектептерді спорттық құралдармен қамтамасыз ету, жас спортшыларды қолдау, бұқаралық спортты насихаттау мәселелерін көтерді. Спорт саласындағы өзекті мәселелердің министрлік деңгейінде қаралып жатқандығын айтқан вице- министр Нұрғиса Мұратұлы айтылған барлық ұсыныстың ескерусіз қалмайтынын нақтылады.

Түс ауа вице-министр Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің жаңартылған залдарын аралап оң баға қойды. Музей қызметкерлерімен кездесіп олардың да сауалдарына жауап берді.

Мәдениет министрінің орынбасары Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында көрсетілген мақсат-міндеттерді айта келе қазір музей қызметкерлерінің жалақысын көтеру мәселесі қарастырылып жатқанын тілге тиек етті.

Ашық аспан астындағы музей – Жайық қалашығы туралы жоспарларды облыстық тарих және археология орталығының директоры Жантас Сафуллин мен археолог Яна Лұқпанова таныстырды. Вице-министрге ортағасырлық қаланың құндылығы туралы, табылған жәдігерлер жайлы баяндалды. Сондай-ақ археологтар жылдар бойы қордаланған мәселелерді жеткізді.

Өңірдегі мәдени ошақтар мен орталықтарды аралап шыққан вице- министр жергілікті атқарушы билікке көзбен көрген, орынды көтерілген мәселелердің барлығы да министрліктің алқалы отырысында қарастырылатынын шегелеп айтты.

Яндекс.Метрика