Қабылдау комиссияларының байланыстары

Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов ТҮРКСОЙ ұйымының отырысына қатысты

Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов Қырғыз елінің Ош қаласында өткен Халықаралық түркі мәдениеті мен өнерін бірлесіп дамыту (ТҮРКСОЙ) ұйымының мәдениет министрлерінің 37- отырысында ақын, Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын атап өтуге арналған жобамен таныстырды. Таныстырылымнан соң ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов пен өзге де ұйым мүшелері 2020 жылды түркі тілдес елдерде ұлы ақынның мерейтойын атап өтуді бірауыздан қолдады.

Іс-шараға Қырғыз елінің Мәдениет, ақпарат және туризм министрі Азамат Жаманқұлов, Ош қаласының мэрі Таалайбек Сарыбашев, Түркия Республикасының Мәдениет министрінің орынбасары Нәдір Алып Аслан, Әзірбайжан Республикасы Мәдениет министрінің орынбасары Рафиг Байрамов, Өзбекстан Республикасы Мәдениет министрінің орынбасары Камола Акилова, Түркіменстан Республикасы Мәдениет министрінің орынбасары Гурбанмұрад Мырадалиев, ТҮРКСОЙ ұйымы елдеріне қарасты мемлекеттерден келген өзге де мәртебелі қонақтар қатысты.

Сондай-ақ, басқосуға жиналғандар осы жылы бауырлас мемлекеттер арасындағы мәдениет, өнер саласындағы байланыстар жайын талқылады.

Отырыс қорытындысына сай 2020 жылы түркі елдерінің мәдени астанасы ретінде Өзбекстанның Хиуа қаласы танылды.

Яндекс.Метрика