Қабылдау комиссияларының байланыстары

Министрлікке қарасты колледждердің бірінші басшылары жыл бойы атқарылған жұмыстардың қорытынды есебін берді

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты колледждердің бірінші басшылары жыл бойы атқарылған жұмыстардың қорытынды есебі мен Елбасы Жолдауын насихаттау бойынша баспасөз конференциясын өткізді.

Спикерлер болып А. Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесі директорының міндетін атқарушы Т.Ж.Карменова, П. Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінің директоры Б.Е.Хасанғали, О. Таңсықбаев атындағы Алматы декоративтік-қолданбалы өнер колледжінің директоры С.И.Шалабаев, Ж.Елебеков атындағы Республикалық эстрада-цирк колледжінің директоры Д.Қ.Досбатыров сөз сөйледі.

Өз сөздерінде спикерлер колледжердің 2018 жылы оқу, ғылыми-зерттеу, тәрбие бағыттары бойынша атқарылған жұмыстарының негізгі жетістіктерін атап өтті. Атап айтсақ, А. Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесі директорының міндетін атқарушы Т.Ж.Карменова оқу орнын цифрландыру жобасына ерекше көңіл бөлді. Жоба аясында алдағы уақытта электронды күнделік, электрондық кітапхана, электронды музей мен мұрағат бағдарламаларын енгізу жұмыстары жүргізіліп жатқаны, сондай-ақ барлық цифрлы жобалардың тайм менеджмент, ақпараттың ашықтығы мен қолжетімділігі сияқты негізгі принциптер арқылы жүзеге асырылатындығы айтылды.

Өз кезегінде П. Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінің директоры Б.Е.Хасанғали 2018 жылы атқарылған күрделі жұмыстарды, атап айтсақ: 10 аудиториядан тұратын жаңа оқу блогының ашылғанын, композитор Петр Чайковскийге арналған ескерткіштің маңына саябақ жасау жұмыстарының аяқталғанын, қауіпсіздікті жетілдіру мәселесіне байланысты колледждің тиісті жерлерінде турникет қондырғылары орнатылатынын баяндады.

  «Министрліктің 2017-2021 жылдарға арналған даму стратегиясына сәйкес колледжде «Цирк өнері» мамандығының аясында «Цирк артисті» біліктілігі бойынша дуалді білім беру бағдарламасы енгізіліп, Алматы қаласындағы «Қазақ мемлекеттік циркі», Шымкент қаласындағы «Оңтүстік цирк», Астана қаласындағы «Астаналық цирк» ұйымдарының базасында нәтижелі қызмет етуде» – деді Ж.Елебеков атындағы Республикалық эстрада-цирк колледжінің директоры Д.Қ.Досбатыров.

Сонымен қатар, спикерлер Елбасының 2018 жылғы 5 қазандағы халыққа Жолдауын түсіндіру мен насихаттау бойынша атқарылған жұмыстар жайлы да айтып өтті. Колледж басшыларының айтуынша, олардың ұжымдары Елбасы Жолдауының негізгі қағидаттарын ондағы мектепке дейінгі, орта және жоғары білімнің дамуы мен білімнің азаматтар әл-ауқатына ықпалынан бастап, оқып жатқан кәсіптің сұранысы мен бейіні бойынша жұмысқа тұру мәселелеріне дейін қарастырып, талқылаған.

Колледждер Жолдаудың негізгі ережелерін түсіндіру мен насихаттауға бағытталған іс-шаралардың кешенін: дөңгелек стөлдер, кездесулер, дебаттар, конференциялар және т.б. өткізген.  

Яндекс.Метрика