Қабылдау комиссияларының байланыстары

Жаңа жаһандық кезеңдегі қазақ тілі

11 ақпан, 2019. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі «Жаңа жаһандық кезеңдегі қазақ тілі» IT-тұсаукесер рәсімін өткізді. Жаңа IT-жобалардың ресми тұсаукесері Astana Hub халықаралық технопарк алаңында ҚР Парламент депутаттары, қоғам қайраткерлері, жазушылар, тіл мамандары мен әдіскерлері, IT қауымдастығының жетекші мамандарының қатысуымен өтті.

Таныстырылым барысында ҚР МСМ Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына ұлттық ғылыми-практикалық орталығы латын негізді қазақ әліпбиін үйретуге бағытталған заманауи инновациялық технологиялар ұсынды. Қонақтар мен қатысушыларға веб-порталдар мен платформалар, мобильді қосымшалар, іздестіру жүйелері, сондай-ақ анимациялық фильмдер, энциклопедиялық, танымдық, әдістемелік және анықтамалық веб-сервистер таныстырылды.

«Өткен жылы жаңа әліпбиді көпшілікке таныстырдық. Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Ұлттық комиссияда Емле ережелері бірауыздан мақұлданды. Осы мақсатта күні-түні ғылыми-тәжірибелік жұмыстар жүргізілгенін баршаңыз жақсы білесіздер. Сонымен қатар жаңа ақпараттық технологиялық жобалар жүзеге асырылды. Мақсатымыз жаңалықты көпшілікпен бөлісу, жарнамалау, халқымыздың жаңа әліпбиді тез меңгеруіне жол ашу»  – деп атап өтті ҚР МСМ Тіл саясаты комитетінің төрағасы Қуат Борашев тұсаукесер барысында.

«Qazlatyn.kz» ұлттық порталы пайдаланушыларға латын графикасына көшу кезеңдері жөнінде барлық мәліметтер мен ақпараттарды ұсынады. Порталдағы қазақ әліпбиінің емле ережесі бойынша дайындалған  көпфункционалды конвертер мәтінді кириллден латынға, төте жазуға және керісінше аудару қызметтерін атқарады.

Машиналық оқыту негізінде  мемлекеттік тілді үйретуге арналған «Tilqural.kz» веб-сервисі және қазақ тіліндегі 300 мыңнан астам сөздердің сипаттамасын көрсететін электронды «Sozdikqor.kz»  іздеу жүйесі ғаламтор кеңістігіне қосылды.

3 D форматта әзірленген «IQdos»  мультфильмі мен латын  әліпбиінде титр жасалып, дубляждалған «Селтең сері» анимациялық фильмі балаларға жаңа қазақ әліпбиін жылдам үйренуге мүмкіндік береді.

«Қазақ терминологиясының мазмұны мен құрылымы» атты электрондық алаң қазақ тілінің терминологиялық базасына қол жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл жобалар көпшіліктің жаңа әліпбиді тез әрі тиімді меңгеруіне оң ықпал етеді.

Қатысушыларға алаш көсемі Әлихан Бөкейханның тұлғалық энциклопедиясы, сондай-ақ  Е.Омарұлы, Ә.Қайдар, Р.Сыздықова, Ш.Сарыбаев сынды ғылым қайраткерлерінің ғылыми-танымдық еңбектері, Ә.Жүнісбектің «Қазақ тіл білімінің мәселелері», З.Күзекованың қазақ тілін оқытуға арналған деңгейлік оқулықтары, белгілі полиглот Д.Петровтың әдістемесіменқазақ және  ағылшын тілдерін үйретуге арналған оқу құралдары таныстырылды.

Яндекс.Метрика