Қабылдау комиссияларының байланыстары

Екі еселенген шабыт

«Астана Опера» Камералық залында елорда тұрғындары мен қала қонақтарының назарына «Қос Forte & Piano» фортепианолық дуэттер кеші ұсынылады. 7 желтоқсан күні халықаралық байқаулардың лауреаттары Әйкерім Есімханова мен Дина Мирманова ансамбльде өнер көрсете отырып, романтик-композиторлар мен француз импрессионистерінің дуэтпен орындалатын фортепианолық бағдарламасын ұсынады.

Әйкерім Есімханова мен Дина Мирманова туған жерімізде де, шетелде де концерттермен сәтті өнер көрсетеді. Фортепианолық дуэт жетістіктерінің ішінен 2014 жылы Рим қаласында өткен Ф.Шопен атындағы Халықаралық пианистер байқауындағы жеңісін атап өткен жөн. Әйкерім Есімханова – «Болашақ» бағдарламасы стипендиясының иегері, Ганновердегі Жоғары музыка және театр мектебі мен Мюнстердегі Жоғары музыка мектебінің (профессорлар К.Окден мен К.Равенің сыныбы) түлегі, Дина Мирманова Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын (Қазақстанның Халық әртісі, профессор Ж.Әубәкірованың сыныбы) тамамдаған.

Бұл кеште әртістер норвег, венгр, чех, орыс, испан, француз сынды түрлі ұлттық композиторлық мектептердің фортепианолық музыкасын интерпретациялау өнерін паш етпек.

Концертте Эдвард Григтің екі симфониялық пьесасы, ор. 14: Adagio cantabile және Allegro energico туындысы шырқалмақ. Көрнекті норвег романтик-композиторына шабыт берген – өз отанының бейнесі, оның табиғаты, фольклоры, рухани дәстүрі.

«Астана Опера» Камералық залы сахнасында әртістер Иоганнес Брамстың төрт венгр биін ұсынады. Венгр халық музыкасы негізінде туындаған атақты шығарма бостандық рухымен, жігерлілігімен тыңдарман назарын баурап алып, ұлттық венгр нақышын, осы халықтың алып ұшқан қуаты мен өмірге құштарлығын көрсетеді.

Чех композиторы Бедржих Сметананың ең танымал туындысы – «Менің Отаным» топтамасындағы «Влтава» поэмасы орындалатын болады. Осы музыкада тыңдарман қауым Влтава өзені мен оның бастаулары ағысының шуын естіп, орман аңшылығы мен көңілді ауыл тойында болады, күмістей ай жарығындағы су перілерінің хормен ән салуын тамашалап, көпсалалы өзен маңында орналасқан қамалдарды, қорғандар мен қираған үйінділерді көреді.

Тыңдаушыларға Сергей Рахманиновтың төрт қолда ойналатын фортепианоға арналған алты пьесасы, ор.11 ұсынылады: Баркарола, Скерцо, «Орыс әні», Вальс, Романс, «Даңқ».  «Орыс әнінде» «Во всю-то ночь мы темную» әні қолданылса, ал аттас әйгілі халық әніне негізделген «Даңқ» салтанатты соңғы пьесасы айрықша жасампаздығымен әрі тың ойымен ерекшеленеді.

Мазмұнды концерт бағдарламасына Морис Равельдің Prelude а la nuit, Malaguena, Habanera, Feria атты Испандық рапсодиясы (автордың екі фортепианоға өңдеуі, 1895 ж. шығ.) енгізілген. Француз музыкалық импрессионизмі мен испандық халық әуендері бірегей түрде тоғысқан ерекше туынды тыңдармандарды нәзіктігімен, талғампаздығымен, сұлулығымен, батылдығымен және жаңашылдық рухымен таңдандырады.

Яндекс.Метрика