Қабылдау комиссияларының байланыстары

Виолончельге арналған кемел музыка

«Астана Опера» елорда тұрғындары мен қонақтарының назарына «Неміс классикасы» атты виолончельге арналған музыка кешін ұсынбақ. 10 ақпан күні театрдың Камералық залы сахнасына керемет музыканттар – виолончелист Ермек Құрманаев пен пианист Анара Камельинова шығады.

Бұл кеште неміс жасампаздары – музыкалық классицизмнің ұлы өкілі Л. ван Бетховен мен ұлы романтик-композитор И.Брамстың виолончельге арналған сонаталары орындалады. Виолончельге арналған соната жанрының негізін қалаушы Людвиг ван Бетховеннің виолончель мен фортепианоға арналған №1 Фа мажор және №2 соль минор ор. 5 сонаталары шырқалады.  

– Автор осынау шығармаларды музыка өнерінің қамқоршысы болып қана қоймай, өзі де виолончельде ойнаған пруссиялық король II Фридрих Вильгельмге арнаған. Сонаталарды Л. ван Бетховен 26 жасында жазған. Жас композитор өзін нағыз жаңашыл ретінде танытты: ол виолончель партиясының мәнін байыта отырып, сол замандағы таңсық аспаптық ансамбльді пайдаланды. Сөйтіп, Бетховеннің сонаталарында виолончель мен фортепиано партиялары техникалық әрі көркемдік тұрғыда тең дәрежеге ие болды, олардың арасында дыбыстық тепе-теңдік орнатылды, – деп атап өтті Камералық зал жетекшісі, музыкатанушы Маржан Жәкенова.    

Сонымен қатар бағдарламаға Иоганнес Брамстың виолончель мен фортепианоға арналған №2 сонатасы Фа мажор ор. 99 енді. Мазмұны бай, ауқымды, драмалық шығарма 1886 жылы атақты виолончелист Роберт Хаусманның өтініші бойынша жазылған. Премьерасы Вена музыка одағының Кіші залында өтті, фортепиано партиясын автордың өзі орындады. Жанрдың кемел үлгілерінің біріне айналған шығармаға музыкалық ойлау маңыздылығы, эмоциялық шиеленіс, лирикалық музыкалық бейнелердің сан алуандығы, романтикалық тебіреніс, жарқындық пен кереғарлық тән.

Яндекс.Метрика