Қабылдау комиссияларының байланыстары

Бақтияр Адамжан мемлекеттік стипендиясының лауреаты атанды

«Астана Опера» театрының жетекші солисі, көптеген беделді халықаралық байқаулардың гран-при иегері, танымал қазақстандық балет әртісі Бақтияр Адамжан 2018 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендиясының лауреаты атанды.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының мемлекеттік стипендиясы ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2018 жылғы 13 қарашадағы өкіміне сәйкес жетекші солистке мәдениет саласындағы елеулі жетістіктері үшін табыс етілді.

– Тұла бойым қуаныш сезіміне толы. Өнер саласын дамыту үшін елімізде жасалған жағдайлар өз жемісін беруде. Қазақстандық балет халықаралық аренада танымалдылыққа ие, отандық мәдениет және спорт қайраткерлері жоғары жетістіктерге қол жеткізуде. «Астана Опера» және шетелдік сахналарда өнер көрсете отырып, мен, ең алдымен, елімді, туған театрымды таныстырамын. Әріптестеріммен бірге қазақстандық өнердің алға басуы үшін жұмсап жатқан барлық күш-жігеріміз мемлекеттік деңгейде бағаланып, қолдау тауып жатқанына алғысым шексіз. Жас болсақ та, біздің жетістіктеріміз үкімет тарапынан мадақталып жатқаны өте қуантарлық жайт. Мұндай қолдау жаңа табыстар үшін мүмкіндік, күш-қуат береді, одан сайын жұмыс жасап, биік белестерді бағындырып, жоғары нәтижелерге қол жеткізгің келеді, – деді Бақтияр Адамжан.

Бақтияр Адамжан – халықаралық балет кеңістігіндегі жарық жұлдыз. Отандық және шетелдік балетке жаны құмар қауым оның есімін спектакльдер мен гала-концерттердің афишаларынан көруге асықса, үздік еуропалық балет импресариолары оны іс-шараларына әдеттегідей қорытындылаушы нөмірмен қатысуға алдын ала шақыруға тырысады. Сөйтіп, «Астана Операның» жетекші солисі миландық Ла Скала театрының атақты этуалі «Роберто Болле және оның достары» балеттік шоуына қатысқан тұңғыш қазақстандық әртіс атанды. Б.Адамжан – Р.Петидің атақты «Бозбала мен ажал» балетіндегі Бозбаланың партиясын орындаған алғашқы қазақстандық. Алғаш рет Рудольф Нуриевті еске алуға арналған гала-концерт аясында, ұлы бишінің жақсы көретін партияларының бірін орындау үшін шақырылып, өнер көрсетті. Бұдан бөлек, ол – Мәскеудегі Халықаралық балет әртістері мен хореографтар байқауының І сыйлығы мен Нью-Йорктегі VKIBC Халықаралық балет әртістері байқауының Гран-при жүлдесін иеленген тұңғыш қазақстандық әртіс, сондай-ақ Dance Open («Мистер Виртуозность» аталымы) беделді халықаралық балет сыйлығының лауреаты болды.

«Астана Опера» жетекші солисі Бақтияр Адамжан көптеген марапаттардың иегері болып табылады. Жоғарыда аталған қызметтік тізімнен бөлек, ол «Дарын» жастар сыйлығы, «Сахнагер» ұлттық сыйлығы, ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев стипендиясының (2010-2011) иегері; Астанадағы III халықаралық балет әртістері байқауы (2016 жылғы 16 қыркүйек) мен Ыстамбұлда өткен V халықаралық балет әртістері байқауының (Түркия, 2016 жылғы 8 шілде) Бас жүлде иесі; Сеулде өткен XIII халықаралық би байқауы (Корея Республикасы, 2016 жылғы 10 тамыз), «Шабыт» халықаралық шығармашыл жастар фестивалі (2012), «Өрлеу» халықаралық балет әртістері байқауының І сыйлық иегері (2010); «Гран-при Сибири» халықаралық балет әртістері байқауы (Красноярск, 2014) мен Сібір хореографиялық училищелері халықаралық байқауының II сыйлық иегері (2008) және т.б.

Яндекс.Метрика