Қабылдау комиссияларының байланыстары

«Астана Опера» репертуары «Шопениана» және «Шехеразада» бірегей балеттерімен толықты

30 қараша және 1 желтоқсан күндері «Астана Опера» хореографиялық өнердің атақты реформаторы Михаил Фокиннің «Шопениана» және «Шехеразада» бір бөлімді балеттерінің премьерасын Тұңғыш Президент күніне ұсынып, елорда тұрғындары мен қала қонақтарына керемет сый жасады. Қоюшы балетмейстерлер – Ресейдің Халық әртістері Алтынай Асылмұратова мен Андрис Лиепа.

Спектакльдердің премьерасы Астананың 20 жылдығын мерекелеу аясында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтті.

Бірінші бөлімде көрермен назарына көркемдік үндестігімен, ғаламат музыкасымен әрі би кескінінің молдығымен таңғалдыратын «Шопениана» романтикалық балеті ұсынылды. Қимылдағы әрекеттердің тазалығы, дәлдігі тамашалаған жанның жанарын еліктіріп жіберді. Әртістер түрлі пішіндерді жасады: біреулері гүлге ұқсаса, енді бірі геометриялық өрнектер кейпінде болды. Сахна төрінде ақынның қиял әлемі шарықтап, оның айналасында әуедей жеңіл балериналар қалықтайды. Көгілдір тартқан болмашы жарық спектакльге одан сайын романтикалық реңк үстеді.

Айта кетсек, биыл «Шопениана» балетіне 110 жыл толды, дегенмен ол өзінің бірегей хореографиясының арқасында өзектілігін жоғалтпаған. М.Фокиннің сөзінше, ол «шартты балет биін өзінің асқақ даму кезеңіне қайтаруға тырысқан».

Қоюшы балетмейстер А.Асылмұратова Фокиннің бірегей балет стилін дәл жеткізе алды, хас шебердің қолы бастың бұрылуынан, жетекші солистердің көзқарасынан бастап қол мен аяқ позицияларына дейінгі барлық нәрсеге жанасқаны бірден сезіліп тұрды.

Солистер қимыл-қозғалыстардың әуенділігі мен керемет үйлесімін паш етті, ал оны қоюшы балетмейстердің ассистенттері – Ресейдің еңбек сіңірген әртісі Константин Заклинский және Елена Шерстневамен бірге жасап, меңгерген.

Сахна көлемді декорациялармен толтырылмаған, ал қолмен жазылған артқы шымылдық жалпы көріністі тамаша толықтырды. Сценография бойынша жауапкершілік Виктор Карареге жүктелген, ол сахнаны Александр Бенуа мен Орест Аллегридің эскиздері негізінде безендірген. Костюмдер бойынша суретші Арасель Досмұратова барлық көйлектерді ақ түсте жасап, балериналардың бейнесін нәзік қызғылт диадемамен толықтырған.

Әр күндері Бозбаланың қарапайым емес партиясын Еркін Рахматуллаев пен Олжас Тарланов тамаша орындап шықты. Әртістердің әрқайсысы арманшыл көңіл-күй мен сүйіспеншілік сезімін жеткізе алды. Керемет, үлкен дарындылықты қажет ететін Жетінші вальсті Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Мәдина Басбаева және Әйгерім Бекетаева бірдей жоғары деңгейде көрсете білді. Он бірінші вальсте Мөлдір Шәкімова және Аделина Төлепова өнер көрсетті. Прелюдты Марико Китамура, Анастасия Заклинская орындады.

Неоромантикалық «Шопенианаға» қарама-қарсы болған – композитордың ең үздік туындыларының бірі – Н.Римский-Корсаковтың симфониялық сюитасының музыкасына жазылып, сан алуан бояулармен қаныққан «Шехеразада» балеті.

Музыка балетке арналмаған болатын, алайда Михаил Фокин биге мінсіз үйлесетін әуендерді ести алды. Хореограф музыкалық мәтінді еркін пайдаланған.

Осылайша, бірінші бөлім увертюра рөлін атқарды, онда ертегі сарындары мен шығыс тақырыбы бейнеленді. Әртістер ортаға шықпастан бұрын, осы музыка шырқалған кезде көрермендер сахнаның барлық кеңістігін түгелдей алып тұрған қолмен жазылған артқы шымылдықты сүйсіне тамашалады. Сурет қамалда өмір сүретін жұмбақ қыздардың тарихынан сыр шертіп, бай табиғат көрінісін суреттеді, тіпті сарқырамадан сергітер ауа сезілгендей болды, ал дегелек құс пен алаңсыз жайылып жүрген жануарлар тыныштық көңіл-күйін білдірді. Жарық бойынша суретші картинаның жекелеген бөліктерін бірде анық, бірде жеңіл тұманға сіңіп, көрінбейтіндей етіп қойған.

Увертюра аяқталған соң көрермендер қоюшы дирижер Арман Оразғалиевке толассыз қол соғып, ыстық ықыластарын білдірді, спектакль бойы жоғары деңгейдегі шеберлігін паш еткен «Астана Опера» Симфониялық оркестрінің тамаша музыканттарының өнеріне де шексіз қошемет көрсетілді. Скрипкаға арналған жеке партияны Қаламқас Жұмабаева және Бағдат Әбілханов тамаша орындады. 

«Шехеразада» – бұл оқиғалар желісі бар балет, оның басты тақырыбы – Сұлтан Шахриар мен оның сүйікті жары Зобеиданың қарым-қатынасы. Либреттоға сәйкес әйелдердің опасыздығына көзі жеткен сұлтанның інісі Шахезман ағасына аңға шығуға кеңес береді. Сұлтандар жоқ кезде гаремде барлығы махаббатқа беріледі, «сауық-сайран» қыза түскен сәтте күтпеген жерден сұлтан қайтып оралады. Ол өз күңдерін, белсіздер мен құлдарды жазалауға бұйрық береді, Зобеида қолына қанжар алып, өз-өзіне қол жұмсайды. Шахриар опасыз болса да сүйікті жарының өлі денесіне қарап, егіле жылайды.

Ресейдің Халық әртісі Андрис Лиепа М.Фокиннің балетін алғаш рет қайта жаңғыртып отырған жоқ. Балетмейстер «Шехеразаданы» көрнекті хореографтың ең үздік шығармаларының бірі деп есептейді. Ең алдымен, спектакль үйлесімді, әдемі әрі ерекше болып шыққан. Бұл шығыс экзотикасында ессіз махаббат құштарлығы жасырынған пластикалық драма. Балеттанушылардың айтуынша, Фокин ескі балетке тән классикалық биден, пуанталар мен шартты ым-ишарадан бас тартып, шығыс стиліндегі жаңа пластика тілін қалыптастырған, барлық әрекет пен сезімдерді дене қалыптарымен, қимылдарымен жеткізген.   

Барлық әртістер өз партияларын шебер орындады. Шахриардың рөлін Жәнібек Иманқұлов пен Рахметолла Науанов сомдады, солистер оны актерлік тұрғыдан тамаша алып шықты. Зобеиданы Анастасия Заклинская мен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гаухар Усина орындады. Қос әртіс те кейіпкерін өзінше көрсетті: А.Заклинскаяның қалтқысыз икемді пластикасы әсерлі еді, балерина шығыс сұлуының бейнесін жеткізе білді. Гаухар Усина өз қаһарманына бар жанын салған, оның Зобеидасы жарқын әрі эмоцияға толы болды. Шахезманды Ильдар Шакирзянов пен Ерлан Жамбұлаев орындады. Бас партиялардың бірі – Алтын құлдың рөлін Бақтияр Адамжан керемет жеткізді, келесі күні бұл бейнені Арман Оразов ұсынды. Бас белсіз – Олжас Маханбетәлиев, Рахметолла Науанов. Күңдер – Мөлдір Шәкімова, Аделина Төлепова, Еркежан Жүнісова, Марико Китамура, Сэйка Тоносаки, Нәзира Заетова.

Аспалы шамдар, сатылар, кілемдер, бүрмелі жұмсақ жиһаздар мен көздің жауын алар басқа да жарқын әрі көркем декорацияларды жасаған суретші сценографтар Анатолий Нежный мен Анна Нежная («Астана Операда» костюмдерді қалпына келтірген Елена Нецветаева-Долгалева) балеттегі шығыс тақырыбын кеңінен ашқан, көрермен әр бөлшекті көзден таса қылмауға тырысты. Әртістердің тастар, меруерт және майда моншақтармен көмкерілген сәнді костюмдерінің де алар орны ерекше.  

Көрермендер толассыз қол шапалақтарымен, «Браво» деп үн қатып, көпке дейін солистерді сахнадан жібергілері келмеді. Әдетте, мұндай балеттер ұзақ уақыт адам жадында сақталып, кейін оны қайта-қайта көре бергің келеді. Енді мұндай мүмкіндік бар, себебі астаналық театр репертуары осы спектакльдермен толықты.

Спектакльді тамашалауға ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мен зиялы қауым өкілдері келді.

Яндекс.Метрика