Қабылдау комиссияларының байланыстары

Алматыда «Саташ» вестернінің тұсаукесері өтті

Кеше Алматыда, MOSKVA metropolitan СОО «Kinopark 8 Moskva» кинотеатрында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген отандық «Саташ» вестернінің тұсаукесері өтті.  Картинаның режиссері – танымал киносыншы, журналист, сценарист Төлеген Байтөкенов. Аталған туынды Төлегеннің толықметрлі көркем фильмнің режиссері ретіндегі алғашқы жұмысы.
Фильмнің көрсетілімі аяқталған соң, баспасөз отырысында, шығармашылық топ пен актерлер түсірілімдер туралы сөз етті.
«Түсірілім алаңында бәрі де тамаша болды. Жұмыс істеуге ештеңе кедергі болған жоқ. Тек бір ғана мәселе болды – ол менің қазақ тіліне шорқақтығым. Ал кейіпкер тек қазақ тілінде сөйлеуі тиіс. Осы орайда, қорыққаным рас. Алайда, маған сенім білдіріп, қолдау көрсеткен түсірілім тобына мың алғыс», – деп еске алды фильмнің бас кейіпкері, Саташ рөліндегі Ақылхан Алмасов.
«Түсірілімдер өте қызықты өтті. Біз қаладан жүздеген шақырым алыс жерде түсірдік. Біраз уақыт байланыссыз жүрдік. Күн ыстық болғаны соншалық, күнге әбден күйдік. Алайда, шығармашылық тұрғысынан айтар болсақ, арамыздағы байланыс өте сәтті болды. Төлегендей, Шыңғыстай және Алмастай әріптестеріммен жұмыс істеу өзіме қатты ұнады», – деп ойын айтты, бас кейіпкердің әйелін ойнаған актриса Дина Тасболатова.
«Сценарийдің оқиғасы жайлы ұзақ әңгімелескеннен кейін режиссер Төлеген Байтөкенов маған екі сауал қойды: қазақша сөйлей аласың ба және КРАЗ айтап көргенсің бе деп. Төлеген ерекше сезгіштік қабілеті бар адам. Бастапқыда мені бекітуге күдіктенгенін білем.  Десе де, мені ролге бекітті. Ал мен бәріне дайын екенімді жеткіздім. Солай болып шықты. Енді фильмнен кейін мен басқа адамға айналғандаймын», – деді фильмнің бас кейіпкерлерінің бірі Шыңғыс Капин.
«Бірде-бір картина қиындықсыз өтпейді. Біздің фильм де солай болды. Алайда біз киногерлер қиындықты жеңгенді ұнатамыз. Актер ретінде маған каскадерлік трюктерді орындау қиынға соқты. Әсіресе, ат үстінде шауып келе жатып, мылтық ату қиын екен. Алайда, осы картинада каскадерлік тәжірибе жинап алдым», – деді актер Ержан Нүсіпақынов.
«Саташ» картинасы қылмыскерлермен шайқасқа түскен ауылдың адал Саташ есімді учаскелік полицейі туралы баяндайды. Ол ауылды басып алған қылмыскерлерге жалғыз өзі төтеп беріп, борышын соңына дейін өтейді.  
Естеріңізге сала кетейік, 2018 жылдың 1 қарашасынан бастап «Саташ» фильмі отандық прокатқа шығады.

Яндекс.Метрика