Эмир Байғазиннің фильмі «Өзеннің» азиялық тұсаукесері Токио кинофестивалінде өтті

27 қазанда Токиодағы «Роппонги Хиллз» үлкен залында режиссер Эмир Байғазиннің «Өзен» фильмінің азиялық тұсаукесері өтті. Кинотуынды тамашалаған жапон көрермені көрсетілімнен кейін режиссермен тілдесіп, оң пікірлерін білдірді. Бұл кешті фестивальдің бағдарлама директоры  Еши Ятабе жүргізді. Кеш соңында жапон көрермендері қазақстандық режиссерден қолтаңба алуға асыққан.

– Эмир Байғазин – ерекше көркем сезімталдығымен ерекшеленетін кино өнерінің жаңа бағытын көрсете білген жас режиссер, – деді фестиваль ұйымдастырушылары.

Биыл фестивальге әлемнің 109 елінен 1829 өтінім келіп түскен. Фестивальдің негізгі байқауына қазақстандық режиссер Эмир Байғазиннің «Өзен» фильмімен қатар 16 фильм іріктеліп алынған.

– Мені жақсы қарсы алған Токио кинофестивалінің ұйымдастырушыларына алғысым шексіз. Сырға толы жапон еліне келуді талайдан бері армандайтынмын, – деді Эмир Байғазин.

Фестивальдің конкурстық бағдарламасында Рэйф Файнстың «Ақ қарға», Габриель Амарал Альмейдтің «Әке көлеңкесі»,  Лью Хаоның «Ақын» және басқа да туындылар енген. Токио халықаралық қазылар алқасының құрамына режиссер Брильянте Мендоса, продюсер Брайан Берк, актрисалар Таране Алидости және Кахо Минами, режиссер әрі продюсер Стэнли Кван кірген. Токио кинофестивалі шеңберінде барлығы 150-ге жуық фильм көрсетіледі.

Фестивальдің регламенті бойынша негізгі бағдарламада алты бас жүлде, көрермендер көзайымы және басқа да бағдарламалардың жүлделері қарастырылған. Фестивальдің бас жүлдесі – «Сакура Токио».

«Өзен» фильмі – Аслан туралы трилогияның соңғы бөлімі. «Өзен» фильмінің әлемдік тұсаукесері Венеция кинофестивалі шеңберінде өткен болатын. Бұл фестивальдің «Көкжиектер» бағдарламасында Эмир Байғазин үздік режиссер атанды. Ал фильмнің Солтүстік Амирикадағы тұсаукесері үстіміздегі жылы қыркүйек айында Халықаралық Торонто кинофестивалі аясында өтті. Кинотуынды фестивальдің «Тұғырнама» («Платформа») конкурстық бағдарламасында  көрсетіліп, қазылар алқасының құрметті аталымына және Screen Daily тәуелсіз киносыншылардың рейтингісі тізімінде алдыңғы қатардан көрінді. Одан бөлек, «Өзен» фильмі үшін Эмир Байғазин Голливудтың шетел баспасөзі қауымдастығының грантына ие болды. Трилогияның алғашқы екі бөлімі – «Асланның сабақтары» және «Төрт оқиға» фильмдері Берлин кинофестивалінде 2013 және 2016 жылдары көрсетілген болатын. Эмир Байғазиннің дебюттік жұмысы Берлин кинофестивалінде «Күміс Аю» жүлдесіне қол жеткізген болатын.

 

Яндекс.Метрика