Елімізде «Музейлер шеруі» жалпыреспубликалық музейлік акциясы бастау алады

Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры»  бағдарламалық мақаласын іске асыру аясында ағымдағы жылы 30 тамызда «Музейлер шеруі» жалпыреспубликалық музейлік акциясы бастау алады. Бұл туралы ҚР Ұлттық музейінде өткен баспасөз-конференциясында мәлім болды. Іс-шараға Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Заң қызметі департаментінің директоры Сейітова Күміс Қарсақпайқызы, Ұлттық музей директорының орынбасары Нұразхан Алмас Шайкенұлы, «Алжир» саяси қуғын-сүргін мен тоталитаризм құрбандарының мұражай-мемориалдық кешен директоры – Мергенбаев Самат Ілиясұлы, Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры – Нұрахметова Гүлнар Баркенқызы, Бұқар жырау атындағы Павлодар облыстық әдебиет және өнер музейінің басшысы – Молдабеков Жеңіс Нұртасұлы қатысты.

 «Музейлер шеруі» акциясы – бұл мәдениет ұйымдарының әрбір қазақстандық үшін ұлттық мәдени мұраның қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған әлеуметтік жауапкершілігіндегі жаңа заманауи формат. Акцияға республикалық және аймақтық музейлер қатысады.

Бүгінде Қазақстанда түрлі бейіндегі 245 музей жұмыс істейді, олардың жалпы музей қоры 2,5 млн.-нан астам.

Мәдениет пен өнер саласындағы болып жатқан шараларға қазақстандықтардың назарын аударту, мәдениет нысандарына тұрғындардың еркін қолжетімді ету, азаматтарға «Рухани Жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалары туралы ақпарат беру мақсатында елімізде бірқатар жаңа жобалар іске қосылуда.

Өзіңізге мәлім, елімізде барлық азаматтар үшін әр айдың үшінші жексенбісі, оқушылар үшін демалыс күндерінде музейлер мен музей-қорықтарға кіру тегін.

Сонымен қатар ағымдағы жылы 30 тамыздан бастап «Музейлер шеруі» жалпыреспубликалық музейлік акциясының аясында қосымша әр айдың үшінші жұмасы кешкі 21.00-ден түнгі 3.00-ге дейін отандық музейлер өз келушілеріне тегін кіруге мүмкіндік жасайтын болады.

Осыған орай, еліміздің барлық музейлері өз қорларынан келушілердің түрлі жас шамасына арналған мәдени-білім беру және танымдық-тақырыптық бағдарламалар дайындайды. Келушілер Қазақстанның ежелгі заманнан қазіргі заманға дейінгі тарихы мен мәдениетін және шетел мәдениетін классикадан авангардқа дейінгі бірегей мұражай коллекцияларын, экспозициялар мен көрмелерді тамашалай алады.

Мәдениет және спорт министрлігі атап өткендей, акцияның жалпыреспубликалық ауқымы еліміздің мәдени-тарихи мұрасын кеңінен танымал етуге, өскелең ұрпақты туған өлкенің тарихына, мәдени құндылықтарға ұқыпты қарауға және патриоттық тәрбиелеуге ықпал етеді.

Экспонаттармен тікелей танысу тарихтың қызықты сюжеттері, квест, викториналар, мастер-класстар, экскурсиялар арқылы өтеді. Осы ретте, музейге келушілер өз әсерлерімен белсенді бөлісе отырып өзара қарым-қатынас құруға ұмтылатындай бағдарламалар мен жобалар жүзеге асырылатын болады.

Алғашқы болып «Музейлер шеруі» акциясын 2019 жылғы 30 тамызда Нұр-Сұлтан қаласында Ұлттық музейі, Алматы қаласында Орталық мемлекеттік музейі, Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейі, М. Тынышбаев атындағы Алматы облысының тарихи-өлкетану музейі, Павлодар қаласындағы П. Васильевтің музей үйі, Қостанай облысының тарихи-өлкетану музейі өткізеді.

Алдағы уақытта акция бүкіл республика бойынша өткізілетін болады. Бұл күні келушілер үшін кіру тегін.

Жалпы республикалық «Музейлер шеруі» акциясын өткізу туралы толық ақпарат пен оны өткізу кестесі республикалық және өңірлік музейлердің сайттарында орналастырылады.

Айгүл Иманбаева, әнші, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері:

Өзіңізге мәлім, музей – рухани орда, мәдениет пен ғылымның ұйытқысы, өткен тарих пен дәстүрлер туралы сыр шертетін халық қазынасы. Музей ескі заттар мен жәдігерлердің қоймасы ретінде емес, әрдайым түрлі жастағы адамдарды тартатын, қызықтыратын мәдени ошақ болуы тиіс.

Осы ретте мен шығармашылық адамы ретінде Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде 2018 жылы өткен «Жұлдызды гид» жобасына қатысып, музейге келушілер үшін гид ретінде музейдегі экспозициялық залды таныстыру шарасына атсалыстым. Яғни, аталмыш жоба аясында еліміздің тарихы мен мәдениетіне, дәстүріне қатысты мәліметтерден хабардар болдым, сондай-ақ мен арқылы музейге келушілер ақпарат алды.

Осы шарада байқағаным, Музейге келушілер үшін жан-жақты тартымды іс-шаралар өткізген жағдайда оларға келушілердің санын арттыруға мүмкіндік жасауға болады. Осы орайда, Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен жүзеге асырылуы жоспарланып отырған «Музейлер шеруі» жалпыреспубликалық жобасының жалпы өнер мен мәдениетке қызығушылық танытып жүрген азаматтар үшін маңыздылығы зор деп білемін.

 

Кәрібек Дәулет Жамаубайұлы «Nur Otan» партиясы жанындағы «Jas Otan» ЖҚ Төрағасы:

Қазіргі таңда «Jas Otan» ЖҚ ҚР Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесіп жастарға арналған «Bilim ortalygy» партиялық жобасын жүзеге асыруда.

Жобаның мақсаты өскелең ұрпақтың рухани, зияткерлік өсу қажеттілігін қанағаттандыру және олардың шығармашылық дамуына қолайлы жағдай жасау үшін қоғамдық  кітапханаларды қазіргі заманғы, Еуропалық Одақ елдері мен Америка Құрама Штаттарының халықаралық тәжірибесі негізінде білім беру орталықтарына трансформациялау болып табылады.

Бүгінде кітапханалар тек кітап қоймасы ғана емес, ол әлемнің түрлі елдерінде қызықты және ерекше форматтағы жастарға арналған кеңістікті коворкингке, көпшілік іс-шараларға арналған алаңдарға өзгеруде.

Осылайша, біздің мақсатымыз білім беру орталықтарын ел жастарының барлық санаттарының зияткерлік дамуына, мәдени қалыстасуына ықпал ету және кітапханаларды үшінші үйге айналдыру.

Сонымен қатар, «Nur Otan» партиясы жанындағы «Jas Otan» ЖҚ ағымдағы жылы Мәдениет және спорт министрлігіне Жастар бастамаларын қолдауға бағытталған ұзақ мерзімді мұражай жобаларын іске асыруды ұсынды. Осыған байланысты, «мұражайлар шеруі» жалпы республикалық мұражай жобасы аясында авторлық жобалар ұйымдастырылып жастардың шығармашылық бастамаларын дамытуға жаңа серпін береді деген сенімдеміз.

Көлбаев Мәрлен Қапашұлы, Алматы облыстық Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы

Бүгінде өңірдегі Мәдениет басқармаларының стратегиялық басты мақсаттарының бірі – аймақтың мәдениет пен өнер саласындағы бәсекеге қабілеттілігін арттырып, тарихи-мәдени мұрасын сақтау, насихаттай отырып, келер ұрпаққа жеткізу болып табылады.

Осы ретте жалпыреспубликалық «Музейлердің шеруі» жобасын әр айдың үшінші жұмасы кешкі 21.00-ден 3.00-ге дейін өткізу жөнінде айтылғанда, шын мәнінде бұл шараны өткізуді үлкен жауапкершілік деп түсіндік.

Себебі, біз «музей түні» атауымен жыл сайын дәстүрлі түрде 
бір-ақ рет 18 мамырда өтетін шарада бас қосатынбыз.

Өз кезегінде, «музейлер парады» жобасының негізгі мақсатын еліміздің мәдени-тарихи мұрасын кеңінен танымал етуге, өскелең ұрпақты туған өлкенің тарихына, мәдени құндылықтарға ұқыпты қарауға және патриоттық тәрбиелеуге ықпал ету ісімен байланыстырдық.

Ендігі жерде аталмыш жоба аясында ағымдағы жылдың соңына дейін облыстағы 25 мемлекеттік музейлер мен 2 галереялардың қорынан арнайы түрлі тақырыптағы шаралар өткізу көзделіп отыр.

 

Мейірманов Асылбек Бекболатұлы, Павлодар облыстық Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары:

Бүгінде еліміздегі музейлердің қызметін жандандырып, келушілердің жаңа легін қалыптастыруға мүмкіндік беретін «Музейлер шеруі» атты жобаны іске асыру жөнінде үлкен міндет қойылып отыр.

Мәдениет және спорт министрлігінің аталмыш бастамасына сәйкес бүгінде Павлодар облысындағы барлық музей ұйымдары арнайы кесте әзірлеп, соған орай тиісті дайындық шараларын бастап кетті.

Мұндағы ең басты мақсатымыз – болашақ ұрпаққа өткеніміз бен ортақ құндылықтарымызды таныту арқылы төл тарихымызды жаңғырту, рухани тұғырымызды нығайтып, ұлттық мәдениетімізді ұлықтау. Өз кезегінде Елбасының тарихқа деген құрметін бағалай отырып, ұлттық тарихымызды жастарға танытуымыз қажет деп санаймыз.

«Музейлер шеруі» жобасы ағымдағы жылдың соңына дейін өңірдегі 16 музейде өткізілмек және бұл шара облыс тұрғындары мен өңірге келуші туристердің еліміздің тарихы мен ұлттық мәдени мұраларына қызығушылығын арттырады деп есептейміз.

 

Гүлнар Жұмағазықызы Хабдуллина, Шарбақты тарихи-өлкетану музейі бөлімшесі басшысының м.а.    

Елімізде жалпыреспубликалық «Музейлердің шеруі» жобасы өтетіні туралы мәселе қозғалғанда Павлодар өңірінің орталық музейлерімен қатар Екібастұз қаласы, Ақсу және Шарбақты аудандарының музейлері де іске асыратыны жөнінде ұсыныс білдірді.

Соның бірі – Г.Н. Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлімшесі Шарбақты аудандық тарихи-өлкетану музейі.

Шарбақты ауданы тарихи орындар мен археологиялық және табиғи ескерткіштерге бай аумақ. Ғабдұл Уахит Хазрет кесенесі республикалық маңызы бар киелі орындар тізіміне енгізілген. Өңірдегі «Қабантақыр» археологиялық ескерткішіне тұрақты түрде тақырыптық экскурсиялар мен өлкетанулық сабақтар өткізіліп отырады.

«Музейлер шеруі» жобасын біздің музейде іске асыру үлкен шығармашылық ізденісті талап етті. Музей қызметкерлерінің жүргізген ізденістерінің негізінде өңірдегі қолөнер шеберлері Галина Воронкова мен Гүлнар Өнерханның туындыларының негізінде шеберлік сабақтарын өткізіп, соның ішінде қазіргі таңда ұмыт болып келе жатқан киіз басу дәстүрін жаңғыртып, киізден жасайтын бұйымдардан тақырыптық көрме мен квест-экскурсиялар өткізу және т.б. өткізуді негізгі тақырып етіп алдық.

Аталған шараға ауданның ардагерлер одағының, шығармашылық ұжымдар мен жергілікті өлкетанушылар өкілдері, қолөнер шеберлері, оқушылар мен студенттер және зейнеткерлер қатысады деп күтілуде.

Яндекс.Метрика