Қабылдау комиссияларының байланыстары

«Til-Qazyna» – тәуелсіз Қазақстанның латын графикасындағы алғашқы басылымы

2 қараша, 2018. Астана. Бүгін Астанада Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі мен Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы латын графикасындағы жаңа «Til-Qazyna» республикалық ақпараттық танымдық газетін көпшілікке таныстырды. Ресми шараны Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы ашты.

ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2025 жылға дейін қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру жөнінде берген тапсырмасы баршамызға белгілі. Елбасы «2025 жылға қарай іс-қағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды, бәрін де латын әліпбиімен басып шығара бастауға тиіспіз. Ол кезең де таяп қалды, сондықтан біз уақыт ұттырмай бұл жұмысты осы бастан қолға алуымыз керек», – деп мәлімдеген болатын.

ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында өткен таныстыру рәсімінде араға 90 жыл салып, Қазақстан латын графикасындағы басылым шығаруды қолға алғандығын атап өтті. «Бұл баршамыз үшін жақсы үрдіс деп есептейміз. Оның қоғам кеңістігінде де алатын орны зор болмақ. Бұл газет жаңалықтың жаршысы ғана емес, латын қарпінде оқып білуге, сауатты жазуға бейімделуге, үйренуге және рухани демалуға мүмкіндік береді», – деді министр. Жаңа басылымға Мәдениет және спорт Министрлігі қоғамдық кеңес төрағасы, танымал қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков жылы тілегін білдірді.  

«Til-Qazyna» республикалық ақпараттық танымдық газеті қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру бойынша қазақ тілінде латын графикасында жарық көретін алғашқы басылым болмақ.

Тұсаукесерге қатысушыларға жаңа газеттің тұжырымдамасы және бүгінгі қазақ әліпбиін латын графикасына көшірудегі маңызы айтылды.

Газет таныстырылымы барысында жетекші ғалымдар өткен ғасырда латын әліпбиінде жарық көрген қазақ басылымдарының тарихына шолу жасап, латын графикасындағы қазақ тілі әліпбиіне көшу кезеңдерінде жүргізіліп жатқан жұмыстар барысы туралы айтты.

Шарада ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, зиялы қауым өкілдері газеттің болашақ жұмысына қатысты пікірлерін ортаға салып, ұсыныстарын берді. Мәжіліс депутаты Асылбек Смағұлов  терминологиялық жұмысты жандандыру мен терминдерге арналған арнайы айдар ашу керектігін алға тартты. Шараға сонымен қатар Министрлік қызметкерлері, тілтанушы ғалымдар, сарапшылар, студенттер және БАҚ өкілдері қатысты.

Жаңа басылымда қазақ әліпбиін графикасына көшіру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға қатысты ақпараттар, танымдық материалдар жарық көретін болады. Газет айына 2 рет жарық көреді.

Яндекс.Метрика