Қабылдау комиссияларының байланыстары

Әлемге танымал «Астана Опера» балет труппасының өнер көрсетуі Каунас үшін керемет сый болды

5 шілде күні «Астана Опера» балет труппасы литвалық көрерменге әлемдік классика жауһарлары мен ХХ-ХХІ ғасырдағы атақты хореографтардың туындылары енген бірегей Гала-балет бағдарламасын ұсынды. Әйгілі Каунас бекінісінің жанындағы ашық алаңға жиналған мыңдаған турист пен қала жұртшылығы қойылымды тамашалаған соң ду қол шапалақ соғып, «Браво» деп үн қатып, өздерінің ризашылығы мен шаттығын білдірді.

Авторы «Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі, Ресейдің Халық әртісі Алтынай Асылмұратова болып табылатын екі бөлімнен құралған ауқымды бағдарлама А.Аданның «Жизель» балетінен па-де-демен ашылды. Жас солист Анастасия Заклинская мен оның серіктесі – жетекші солист Олжас Тарланов нәзік Жизель мен граф Альберттың бейнелерін ұсынды. Әртіс қыз қалықтаған жеңіл орман перісінің партиясын шебер орындап, әсерлі махаббат оқиғасын бидің мәнерлі тілімен жеткізе алды. ХІV ғасырдың ортасында Неман мен Нерис өзендерінің қосылған тұсында салынған Литваның көне тас бекінісі ғажайып балеттің көркем декорациясының рөлін атқарды. Ал концерттің екінші бөлімінде Анастасия Заклинская Н.Римский-Корсаковтың музыкасына М.Фокиннің хореографиясындағы «Шехеразада» балетінен шығыс аруы Зобеиданың кейпіне шебер ене кетті. Алтын Құл рөлінде балет солисі Серік Нақыспеков өнер көрсетті.

Нәзік Жизельден кейін сахна төріне құштарлыққа толы сыған қызы Кармен шықты. Литвалық көрермен назарына Ж.Бизенің музыкасына қойылған ХХ ғасырдың айтулы хореографы Ролан Петидің аттас балетінен дуэт ұсынылды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Гаухар Усина мен Рүстем Сейітбековтың мәнерлі актерлік ойыны мен сезімтал пластикасы жиналған қауымның ешқайсысын бей-жай қалдырмады.

Швейцариялық балетмейстер Ксения Звереваның қойылымындағы қазақстандық композитор Ақбота Райымқұлованың «Заман тынысы» балетінен дуэт – қиял мен бүгінгі шындық ұштасатын көне сиқырға толы қызықты әңгіме болып табылады. Ғажайып оқиғаларға тап болатын әрі тылсым күшке ие қаһармандарды Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әнел Рүстемова мен Олжас Тарланов сомдады. Заманауи отандық әрі шетелдік авторлар шығармаларының үлгілеріне А.Садықованың хореографиясындағы Қ.Шілдебаевтың «Тамыр» және Дж.Уильямстың музыкасына К.Звереваның «Жоғалған жұмақ» нөмірлері енді.

Айналада мерекелік көңіл-күй сезіліп тұрды, Л.Минкустың «Баядерка» балетінен Үнді биін, «Дон Кихот» балетінен Сыған биін (Е.Шерстневаның редакциясы), А.Аданның «Корсар» балетінен па-де-де, Р.Дригоның «Арлекинада» балетінен па-де-дені орындап, Каунас тұрғындарын қуантқан әртістер бар өнерін ортаға салды. Жетекші солист Еркін Рахматуллаев, солистер Далер Запаров, Шұғыла Әдепхан, балет әртістері Жәнібек Иманқұлов, Наталья Кондя, Назира Заетова, Сұлтанбек Ғұмар, Ғалымжан Нұрмұхамет, Бостан Қожабеков, Данияр Жұматаев және т.б. өз шеберліктерін көрерменге паш етті. 

«Астана Опера» балет труппасының этуальдері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Әйгерім Бекетаева мен Бақтияр Адамжанның өнер көрсетуі жұртшылықтың ерекше шаттығын тудырды. Прима мен премьер ХХ ғасырдағы М.Жаррдың музыкасына Р.Петидің «Париж Құдай анасының соборы» танымал балетінен дуэт орындады. Әйгерім Бекетаева сомдаған Эсмеральданың мінсіз әсемдігі, адалдығы, нәзіктігі мен еркелігі жүректердің қылын шертті, балерина жарқын әртістік темпераментін, кәсіби қабілеті мен техникалық дайындығының жоғары деңгейін көрсетіп, осынау күрделі партияда жұлдыздай жарқырады.

Дене бітімі сұрықсыз болса да, жаны таза жарымжан қоңыраушы Квазимодоның аса күрделі пластикасын халықаралық сарапшылар мен сыншылар мінсіз деп таныған Бақтияр Адамжанның интерпретациясы көрермендер тарапынан зор табысқа кенелді. Жетекші солист биінің күш-қуаты, самғап секірулері, мінсіз техникасы мен озық актерлік шеберлігі әлемнің көптеген елдерінің балетқұмар жандарының жүрегін жаулай алды. Каунас та қалыс қалмады – қазақстандық әртістердің дарынын сүйсіне тамашалаушылардың қатары хореографиялық өнерді бағалаушы литвалықтармен толықты. Әлемдік балет жұлдыздары Ә.Бекетаева мен Б.Адамжанның орындауындағы Л.Минкустың «Дон Кихот» балетінен Гран-па кештің соңын ғажайып түйіндеді.

Көрермендердің бағалауы бойынша қазақстандық балет труппасының өнер көрсетуі классикалық өнердің нағыз мерекесіне айналып, Каунас тұрғындары мен қонақтары үшін тамаша сый болды.

– Әртістер бізге бидің жоғары мәдениетін, техникалық әрі актерлік шеберлігін көрсетті. Бишілердің кәсіби мүмкіндіктері кез-келген мақтаудан жоғары. Олардың әрқайсысының өзіндік ерекшелігі, әртістік дарындылығы мен жеке дара стилі бар екені айқын. Балериналардың қолдары мен аяқтарының сызықтары мінсіз, олар құдды бір қозғалыстағы поэзиядай көрінді. Труппа, сөзсіз, керемет күйде. Сондай-ақ жанрлық сан алуандық пен қызықты да мазмұнды нөмірлердің кереғарлығын, концерттік бағдарламаның жақсы ойластырылғанын атап өткім келеді. Барлығы ұнады: классикалық балеттер де, заманауи нөмірлер де, шын мәнінде бәрі де керемет болды! Каунастағы бүгінгі өнер көрсету соңғы емес шығар деген ойдамын, – деп әсерімен бөлісті Агне Рауде есімді көрермен.

«Астана Опера» балет труппасының Каунастағы гастролі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылды.

Яндекс.Метрика