Қабылдау комиссияларының байланыстары

Әйгерім Бекетаеваның «Спартактағы» жаңа бейнесі

Отан қорғаушы күні – 7 мамырда – «Астана Опера» Үлкен залының сахнасында аты аңызға айналған хореограф Ю.Григоровичтың қойылымындағы А.Хачатурянның «Спартак» батырлық балеті ұсынылады. Спартактың ғашығы Фригияның партиясында «Астана Операның» танымал жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әйгерім Бекетаева дебют жасайды.

Нәзіктік пен адалдық, рух беріктігі мен күші, сондай-ақ Спартакқа деген шексіз махаббаты – мінездің осынау қасиеттері басты кейіпкер Фригияны айрықша етеді. Осы сипаттардың барлығы керемет қазақстандық балерина Әйгерім Бекетаеваның бір бойынан табылады.

– Фригия – бұрын орындап жүрген Эгинаға қарама-қарсы рөл. Екеуі де, шынымен, екі бөлек адам, екі түрлі мінез, темперамент. Аталмыш партия эмоция тұрғысынан мықтырақ, бұл жерде драматизм көп, басқаша мағыналық жүктеме, бейнені өзгеше жеткізу бар. Фригияның сезімдер шынайылығы, жан толқуы мен тазалығы жүрегіңнің түбіне дейін жетіп, тебірентеді. Бұл рөлді өн бойымнан өткізіп, осынау оқиғаның әрбір сәтін көрерменге жеткізу мен үшін өте қызықты болмақ. Оның үстіне көрермен қауым менімен бірге жылайтындай етіп, кейіпкерімнің ішкі жан-дүниесін жеткізу аса маңызды. Жеке тұлғаның жаңа қырларын, ерекшеліктерін таба білу әрдайым қызықты, ал бейнені ашу үшін маған өмірлік тәжірибем, жеке басымдағы толқыныстар көмектеседі. Монолог кезінде өзімнің махаббатым туралы, сүйіктіме әрқашан қолдау көрсетіп, оның соңынан қиян шетке дейін баруға әзір екендігімді баяндаймын. Ең қуатты да әсерлі көріністер – соңғы адажио, сол сәтте ол Спартакты ақырғы рет көріп тұрғанын түсінеді және балет соңындағы Фригияның жоқтауы, – деді Әйгерім Бекетаева.

Гладиаторлар көсемі Спартактың бейнесінде сахна төріне «Астана Опера» жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, көптеген беделді халықаралық байқаулардың Гран-при лауреаты Бақтияр Адамжан шығады, рим қолбасшысы Красс пен хас сұлу Эгинаның партияларын театр солистері Арман Оразов пен Әсел Шәйкенова орындайды. Балет труппасының көркемдік жетекшісі – Ресейдің Халық әртісі, әлемге әйгілі прима Алтынай Асылмұратова.

– Дайындық кезінде Алтынай Абдуахимқызы әрбір қозғалыстың, әр дуэттің мәні жайында баяндайды. Оның үстіне, олардың бәрі әртүрлі, Фригия Спартактың басындағы дүниелердің бәрімен ортақтасады: жағдай, торығу және үміт. Осы партияны Бақтияр Адамжанмен бірге билейтініме қуаныштымын, ол Спартактың рөлін нәзік түсінеді, өзінің күшімен қуаттандырып, шабыт береді. Бақтияр – керемет серіктес. Сахнаға шығу сәтімді асыға күтудемін, – деп атап өтті Әйгерім Бекетаева.

Ал, кімде-кім 7 мамыр күні А.Хачатурянның атақты «Спартак» балетіне билет сатып алуға үлгермесе, спектакльді 22 мамыр күні тамашалауға керемет мүмкіндігі бар. Бұл күні басты партияларды «Астана Опера» жетекші солистері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Бақтияр Адамжан (Спартак), Әйгерім Бекетаева (Фригия), Тайыр Ғатауов (Красс), Гаухар Усина (Эгина) орындайды.

«Астана Опера» симфониялық оркестрі мен хоры, дирижер – Арман Оразғалиев, бас хормейстер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов.

Спектакльдің басталуы: 7 мамыр сағат 18:00-де, 22 мамыр сағат 19:00-де.

Яндекс.Метрика