Қабылдау комиссияларының байланыстары

Қазақ музыкасы Мәскеуліктерді тәнті етті

4 мамыр, 2019. Мәскеу (Ресей). ҚР Тұңғыш Президентінің бағдарламасы аясында, ҚР Мәдениет және спорт министрілігі мен  Ресейдегі Қазақстан Елшілігінің қолдауымен, 3 мамыр күні Геликон-Операда Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік академиялық ұлт-аспаптар оркестрінің концерті өтті.  Екі сағатқа созылған «Ұлы дала сарындары»  бағдарламасы ұжымның 85 жылдығына арналды. 

Мәскеулік талғампаз көрермен концерт бойы музыканттарды қошеметке бөледі. Ал, келесі концерт 5 мамыр күні Санкт-Петербордағы Михайлов театрында өтеді.

Бірегей Геликон залына жиналған 500-ден аса тыңдарман шығармашылық ұжымның  нағыз жанкүйері деуге болады. Олар әрбір шығарманы  ерекше ықыласпен қабылдап, көптің сүйіктісіне айналған «Дудар-ай» әнін  дауыстап бірге  орындап, халықтық шығармаға айналған «Сарыарқа», «Адай», «Түркеш» күйлерін  соңғы нотасына дейін тебірене тыңдады.

Концертте Құрманғазы күйлерінен бастап, қазақ,орыс және шетел композиторларының шығармалары: Е.Брусиловский, Л.Бернстайн туындылары мен қазақ–орыс халық әндері  шырқалды. Барлығы  21 шығарма орындалды. Оркестрмен   бірге қазақ өнер  майталмандары өнер көрсетті. ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, оркестр директоры Нұрғиса Дәуешов, Мәскеуде  ұжым  жанкүйерлерінің көптігіне сенімді.

«Бұл жерде бізді асыға күтетіндердің бар екенін мен жақсы білемін.  Өйткені, өткен жылы біз Прижде, ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде концерт қойғанда бізді тыңдау үшін Францияға арнайы ұшып келген ресейліктермен кездестік. Жалпы, біздің ұжым биыл 100 концерт беруді жоспарлап отыр.  Бұл үшін барынша жұмыс істеп жатырмыз. Себебі жағдай бар, мүмкіндік мол. Бізге жақында жеке концерт залы берілді. Бұл оркестр тарихындағы екінші ғимарат. Мәскеуден Петерборға, одан кейін Пекинде концерт қоямыз. Айтпақшы, Құрманғазы оркестрі бұған дейін Мәскеуде 16, Петерборда 30 жыл бұрын концерт беріпті. Тыңдарманға мерекелік көңіл-күй сыйлаймыз деген үміттеміз»

Қазақ композициясынның  жауһарлары

Құрманғазы оркестрі – қазақтың ән жыры мен музыка мәдениетін әлем елдеріне насихатаған, Қазақстанның аспаптық музыка өнер тарихындағы  тұңғышы әрі бірегейі. Ұлы даланың теңдесі жоқ сарқылмас сарыны мен әсем әуенін ұлттық саз аспаптарына лайықтап халыққа жеткізген оркестрдің репертуарында бүгінде 4000-нан астам шығарма бар.

Мәскеуде өткен мерейтойлық концерт қазақтың ең таңдаулы, терең ой-толғамды –  «Көңілашар», «Көш керуен» күйлерімен басталды.

«Өнердің биік өресі»

Концерт Қайрат Кәкімов шырқаған «Қыз Жібек» операсындағы   «Шегенің  термесімен» жалғасын тапты. Әсем ән көрерменді қазақтың сайын даласындағы көрініспен баурағандай әсерге бөледі.  Көркіне ақылы сай сұлу Қыз Жібек туралы,  махаббат машақаты жолында туындаған  оқиға  жайлы  ән көптің көңіленен шыққан ең үздік туынды болды.

«Музыка тілі үнсіз тіл»

Данышпандардың айтуынша, сөзбен жеткізе алмағанды музыка жеткізеді. Бұл тұрғыда Россини мен Чайковский  шығармалары нақты дәлел деуге болады. Россинидің соңғы – «Вильгельм Телль» операсының увертюрасында бұрқасын мен ақ жауын музыка тілінде дәл суреттеледі. Ал, Петр Ильичтің «Аққу көлі» балетіндегі «Испан биі» сиютасын ойнағанда музыканттардың аспаптарынан әуелеген  ноталар сол  әлемге жетеледі. Залда  қалған тек артистер мен музыканттар… ал музыка  екі ортаны жалғады.

«Екеуміз екі жағада»

Концерт «Еділ мен Жайық» әнімен аяқталды.  Сондай-ақ  отбасылық жұп Мирас пен Құралай Бекжановтар орындаған А.Мұхамедиұлының «Нұр-Сұлтан»  тыңдарманның көңілінен шықты.

«Мәскеуде күн сайын түрлі концерттер өтеді. Ал, Құрманғазы оркестрінің концертіне ерекше көңілге көңіл күймен бардым. Қазақстан үнемі ерекше бағдарламалармен келеді. Бүгін де дәл солай. Репертуар жүйелі талғаммен  таңдалған. Орындаушылар керемет дауысты», – дейді  мәскеулік тұрғын Бурова Надежда Васильевна.

«Ән көңілдің ажары»

Музыка кеші Нұрғиса Тілендиев пен Құрманғазы компазициясымен аяқталды. «Махамбет» және «Сарыарқа» күйлері қазақ музыкасының тарихында алтын әріптермен жазылған, сазгер жауынгер бейнесін бейнелеп, тәуелсіздік пен еркіндікті сездіртеді. Тыңдарманның ыстық ықыласы мен зор қошеметі музыкантарды ерекше күйге бөледі.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Баспасөз қызметі

Яндекс.Метрика