Қабылдау комиссияларының байланыстары

Шара Жиенқұлова атындағы V Республикалық қазақ биі байқауы

2019 жылдың 27-29 наурызында Астана қаласының «Астана Балет» театрында Шара Жиенқұлова атындағы V Республикалық қазақ биі байқауы өтеді. Жыл сайынғы байқау қазақ эстрадалық және халықтық би саласындағы талантты бишілерді, балетмейстерлер мен педагогтарды анықтау мақсатында ұйымдастырылды.

V мерейтойлық байқауға Қазақстанның әр аймағынан 150-ден астам қатысушы келеді. Осы жылы байқау кәсіби ұжымдар, жоғары оқу орындарының хореография факультеттері мен кафедраларының ансамбльдері арасында өтеді.

Байқау бағдарламасы аймақтық ансамбльдердің репертуарымен, хореографтардың жаңа ізденістерімен танысуға, жарқын орындаушыларды анықтауға, қатысушыларға қазақ биі саласындағы шығармашылық жетістіктерімен, кәсіби тәжірибемен және біліммен өзара алмасуға мүмкіндік береді.

Шара Жиенқұлова атындағы V Республикалық қазақ биі байқауы аясында келесі шаралар ұсынылады:

  • Қазақ КСР еңбек сіңірген әртісі, профессор Тойған Ізімнің жеке коллекциясынан сахналық костюмдер көрмесі;
  • Қазақ ұлттық хореография академиясының фотокөрмесі;
  • қазақстандық суретші Анар Әубәкір суреттерінің вернисажы;
  • қазақ биінің жетекші педагогтарының шеберлік сыныптары;
  • «Қазақ биі» деректі фильмі;
  • Қазақ ұлттық хореография академиясының Қазақ биі зертханасының тұсаукесері;
  • конкурстық бағдарлама;
  • байқау жеңімпаздарының гала-концерті.

Шара Жиенқұлова атындағы байқау алғаш рет 1992 жылы А.В. Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесінде өтті. II және III байқауларды Орал қаласында (2001, 2006) М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті өткізді, ал 2012 жылы Қазақ ұлттық өнер университетінің ұйымдастыруымен өткен байқау Шара Жиенқұлованың 100-жылдығына арналды.

Биылғы Шара Жиенқұлова атындағы V Республикалық қазақ биі байқауының құрылтайшысы мен ұйымдастырушысы – Қазақ ұлттық хореография академиясы.

Яндекс.Метрика