Қабылдау комиссияларының байланыстары

Түркістан қаласының әкімшілік-іскери және мәдени-рухани орталықтары нысандарының құрылысы басталды

2019 жылғы 16 қаңтарда ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары Асқар Мамин Түркістан облысына жұмыс сапары аясында бірінші кезектегі нысандардың құрылыс барысымен танысып, қаланы дамыту келешегі жөнінде кеңес өткізді.

А. Мамин облыстық әкімдік ғимаратының, «Астана» алаңының, медиа-орталықтың, конгресс-орталықтың, Оқушылар сарайының, 7 мың орынға арналған стадионның, Қожа Ахмет Яссауи музейінің және 88 тұрғын үйдің құрылыс алаңдарын аралады.

ҚР Бірінші Вице-Премьері облыс әкімі Ж. Түймебаевтың, ҚР мәдениет және спорт министрі А. Мұхамедиұлының, еліміздің өңірлерінің әкім орынбасарларының және Қазақстанның ірі құрылыс компаниялары басшыларының қатысуымен жұмыс кеңесін өткізді.

«Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың бастамасымен Түркістан қаласында ауқымды құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы тарихи шешімнің арқасында облыс орталығы және түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде Түркістан қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі серпін берілді», — деді А. Мамин.

Түркістан қаласын дамытудың 2019–2021 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес, жалпы құны 528 млрд теңге болатын 200-ге жуық бірінші кезектегі нысандарды пайдалануға беру көзделген. Бұл — әкімшілік-іскери және рухани-мәдени орталықтардың нысандары, тарихи орталықтың 18 нысаны, инженерлік-инфрақұрылымдық саланың 20 жобасы.

Кеңесте Түркістан облысының әкімі қаланың бірінші кезектегі нысандарының құрылыс барысы туралы баяндады. Сондай-ақ, ол тұрғын үй құрылысы мен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым нысандарын іске асыру туралы мәлімдеді.

ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Ж. Қасымбек Түркістан облысының сумен жабдықтау және су тарту жүйелерін дамыту жобаларын жүзеге асыру барысы туралы баяндады.

Бұған қоса, Ж. Касымбек көлік инфрақұрылымын дамыту, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі бойынша халықаралық әуежайды салу туралы ақпарат берді.

Мәдениет және спорт министрі А. Мұхамедиұлы Күлтөбе қалашығының археологиялық зерттеулері бойынша жобаларды іске асыру және Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің қорғалған аумағында орналасқан «Әзірет Сұлтан» 17 нысанына жасалып жатқан ғылыми-реставрациялық жұмыстар туралы баяндады.

Сонымен қатар, кеңес барысында ҚР энергетика вице-министрі М. Мырзағалиев, «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ басқарма төрағасы Б. Сандықбаев, облыс әкімдерінің орынбасарлары және ірі құрылыс компанияларының басшылары сөз сөйледі.

Кеңес қорытындысын шығара отырып, ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары Асқар Мамин құрылыс жұмыстарын уақытылы әрі сапалы жүргізу керектігін ескере отырып, жиын қатысушыларына тапсырма берді.

Яндекс.Метрика