Қабылдау комиссияларының байланыстары

Түркияда «Ұлы дала рухы» көрмесі өтуде

26 қараша-10 желтоқсан, 2018. Бурса (Түркия). Көш тарихы музейінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында «Ұлы дала рухы» көрмесі өтуде. Ол ХХ ғ.аяғы-ХХI ғ. басындағы қазақстандық суретшілердің 32 кескіндемелік және графикалық жұмыстарын ұсынады. Көрме ҚР Мәдениет және спорт министрлігімен, халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымымен және Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейімен ұйымдастырылып отыр. Мұның алдында көрме 14 қарашадан 24 қарашаға дейін Түркияның астанасы Анкарада сәтті өткен болатын.

Көрменің салтанатты ресми ашылуында Бурса қаласының вице-мэрі Яшар Элмаз, Бурса қаласының мәдениет басқармасының жетекшісі Азиз Елбаш, ТҮРКСОЙ-дың бас хатшысы Дүйсен Қасеинов, ТҮРКСОЙ-дың бас маманы Асқар Тұрғанбаев,  Ә. Қастеев атындағы өнер музейінің баспасөз қызметінің жетекшісі Клара Исабаева, музей директорының жалпы және ұйымдастыру мәселелері жөніндегі орынбасары Нұржан Сатыбалды қатысты. Көрменің Бурсаның ең үздік, заманауи, техникалық жабдықталған музейлерінің бірі «Көш тарихы музейінде» өтуіне Бурса мэрі, Бурсаның  қалалық мәдениет басқармасы мен ТҮРКСОЙ жан-жақты көмек көрсетіп, себепкер болды.

«Ұлы Дала рухы» көрмесі көшпенділер мәдениетінің, қазақтың тұрмыс дәстүрі, ұлттық ат-спорттық ойындары, дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарының бірегей ерекшелігін көрсетеді. Ол қазіргі заманғы түркітілдес елдердің бейнелеу өнері, өткенге, тарихқа, оның аумағында болған ежелгі өркениеттерге, қазіргі заманғы адамзат проблемаларына және рухани ізденістерге деген үлкен қызығушылығының айқын үлгісі болып табылады.

32 кескіндеме және графика туындылары түрік көрермендері мен Бурсаның қонақтарын қазақстандық Евгений Сидоркин, Әбдірашит Сыдыханов, Дулат Әлиев, Ғани Баянов, Бахыт Бапишев сынды өнер шеберлерінің, сондай-ақ Марат Бекеев, Шамиль Гулиев, Нелли Бубэ, Асқар Есдәулет, Алмагүл Меңлібаева, Андрей Нода, Гүлжамал Тагенова, Алпысбай Қазығұлов және Вячеслав Люй-Ко сияқты қызықты заманауи суретшілердің шығармашылығымен таныстырады.        

Бурса – Түркиядағы көлемі жағынан Стамбул, Анкара, Измирден кейінгі Мәрмәр теңізінің жағалауына жақын Улудаг тауының (2500 м) етегінде орналасқан төртінші қала. Бурса қаласы б.з.д. 2 ғасырда Вифиния облысында құрылды және өркендеуші мегаполиске айналды. Мұндай өркендеуге атақты Ұлы Жібек жолының өтуі үлкен ықпал етті. 14 ғасырға шейін мұнда византиялықтар билік жүргізді, кейін оларды селжұқтар ығыстырып Бурсаны Осман империясының алғашқы астанасына айналдырды. Бурса өзінің мешіттерімен, Осман империясының ерте кездегі монументтерімен, көптеген саябақтары мен әдемі тау бөктеріндегі ормандарымен танымал. XIV ғасырдағы Ұлы-Жәми мешіті (Үлкен мешіт) селжұқ стиліндегі 20 күмбезі мен қақпасымен өзіне назар аудартады.

Түркі мәдениетінің халықаралық ұйымы (ТҮРКСОЙ) түркі елдерінің әдебиеті мен өнері саласында түркі мұрасын сақтау мен түркі халықтарының нығаюына бағытталған көптеген жобаларды жүзеге асырып келеді. 2008 жылдан бастап бүгінге дейін Түркі мәдениетінің халықаралық ұйымының (ТҮРКСОЙ) Бас хатшысы қазақ музыканты, профессор, дипломат әрі қоғам қайраткері Дүйсен Қорабайұлы Қасеинов болып табылады.

 Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейі – қазақ бейнелеу өнерінің әлемдегі ең ауқымды коллекциясына ие Қазақстандағы ірі көркемсуретті музей.         

Яндекс.Метрика