Қабылдау комиссияларының байланыстары

С. Рахманиновке арналады

Қазақстан Республикасының «FORTE-TRIO» мемлекеттік триосы тыңдарман назарына С.Рахманиновтың музыка кешін ұсынады. «FORTE-TRIO шақырады» топтамасының концерті 18 қаңтар күні «Астана Опера» Камералық залында өтеді.

Трио құрамына атақты аспапшылар, халықаралық байқаулардың лауреаттары Динара Базарбаева-Сахаман (скрипка), Мұрат Нарбеков (виолончель), ұжымның көркемдік жетекшісі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тимур Урманчеев (фортепиано) кіреді.

Бұл кеште «Астана Опера» Камералық залы сахна төріне ұжым қонақтары, шақырылған солистер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Жылтыркөзов (баритон), халықаралық байқаулардың лауреаты Жұмабек Қаңтарбаев (тенор) шығады.

Концерт бағдарламасына көрнекті композитор, пианист әрі дирижер Сергей Рахманиновтың камералық-аспаптық және вокалдық шығармалары енді. №2 ре минор Элегиялық триосы, «Памяти великого художника» ор. 9 шырқалмақ. Аға тәлімгері әрі қадірлі досы П.Чайковскийдің қазасына байланысты музыкада С.Рахманиновтың жүрек дерті  баяндалған. Шығарма бойында автордың ерекше қайталанбас «қолтаңбасы», оның музыкалық тілі айқын сезіледі. С.Рахманинов триомен жұмыс барысында өз алдына жаңа міндет қойған – кемеңгер тұлға рухына бағышталған күрделі драмалық ойды жүзеге асыру, көлемді, терең туынды жасау.

Тыңдарман қауымға С.Рахманиновтың  поэтикалық лирикасының ең үздік жауһар туындыларына жататын романстары, оның ішінде «Здесь хорошо», «У моего окна», «Они отвечали», «Как мне больно», «Покинем, милая», «Ночь печальна», «В молчаньи ночи тайной», «Я жду тебя», «Дитя! Как цветок ты прекрасна», «Алеко» операсынан Алеконың каватинасы және т.б. шығармалары ұсынылады.

Яндекс.Метрика