Қабылдау комиссияларының байланыстары

Руслан Баймурзинның салтанатты жеңісі

«Астана Опера» театрының дирижері Руслан Баймурзин КСРО Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мұқан Төлебаев атындағы V Халықаралық «Алтын таяқша» дирижерлер байқауының Бас жүлдесіне ие болды.

Алматы облысының Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасымен ұйымдастырылған байқау Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен Бикен Римова атындағы Драма театрының сахнасында өтті. Екі күн бойы «Алтын таяқша» дирижерлер байқауы мен «Кестелі орамал» вокалистер жарысының жеңімпазы атануы үшін Қазақстан қалаларынан, сондай-ақ АҚШ, Моңғолия, Ресей, Өзбекстан, Белоруссиядан келген қатысушылар бақ сынасты. Жоғары деңгейде өнер көрсеткені үшін байқаудың қазылар алқасының шешімімен үздік дирижер болып Руслан Баймурзин танылды.

Байқау бағдарламасы екі айналымнан тұрды, әр кезеңде қатысушылар үш туындыдан орындады: қазақтың ұлы классик-композиторы Мұқан Төлабаевтың шығармасы, сонымен қатар шетелдік және қазақстандық авторлардың туындылары. Оның үстіне екінші айналымға дирижерлер мен вокалистердің бірдей саны өтті. Байқаудың ерекшілігі – екінші кезеңге өткен әрбір вокалист қатысушы-дирижерлердің сүйемелдеуімен өнер көрсетті. Руслан Баймурзин талдықорғандық театр сахнасында М.Төлебаевтың «Біржан – Сара» операсынан «Мереке биін», «Поэма» мен романсын, Әли Алпысбаевтың «Алаш елі», С.Мұхамеджановтың «Айсұлу» операсынан Серкенің каватинасын, Дж.Россинидің «Севильдік шаштараз» операсынан Фигароның каватинасы мен Ж.Бизенің «Кармен» операсынан увертюраны ұсынды.

– Байқауға қатысу әрқашан ішкі толқыныс тудырады. Бұл жағдайда біз тез ұйымдасып, жұмыла кірісуге тиіс едік, себебі бізге оркестрмен жұмыс жасауға небәрі 15-20 минут берілді. Алдыма қойған басты міндетім – қолымнан не келетінін, музыканттармен қалай жұмыс жасайтынымды және оларға не бере алатынымды көрсету болатын. Байқауға қатысушылар құрамы өте мықты болғандығын атап өткен жөн. Байқаудың екі кезеңі де өте мазмұнды, пайдалы әрі қызу болды. Кез келген музыкант үшін байқау – ең алдымен тәжірибе әрі өсу. Сонымен бірге, әрине, жаңа адамдармен, жаңа ұжыммен танысу, шығармашылық алмасу мүмкіндігі. Өзге елдерден келген көптеген қатысушылар үшін бұл байқау қазақ классикалық музыкасымен, атап айтқанда, әйгілі отандық композитор Мұқан Төлебаевтың шығармашылығымен танысуға бастау болды, – деді Руслан Баймурзин.

«Астана Опера» дирижері Руслан Баймурзин 2005-2007 жылдары Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында опералық-симфониялық дирижерлеу мамандығы бойынша білім алып, 2009 жылы Қазақ ұлттық музыка академиясын, содан кейін М.Глинка атындағы Новосібір мемлекеттік консерваториясының аспирантурасын тамамдаған. К.Байсейітова атындағы ҰОБТ симфониялық оркестрінің дирижері, Астана қаласының Мемлекеттік филармониясы симфониялық оркестрінің бас дирижері болған.

Р.Баймурзинның өнер көрсету шекарасының ауқымы Қазақстан қалалары мен алыс-жақын шетелдерді қамтиды. Дирижердің репертуарында симфониялық және камералық концерттік бағдарламалар, М.Төлебаевтың «Біржан – Сара», А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай», Дж.Вердидің «Травиата», Дж.Пуччинидің «Мадам Баттерфляй», Дж.Россинидің «Севильдік шаштараз», Ж.Бизенің «Кармен» және т.б. опералық спектакльдер бар. Шығармашылық жолында Н.Тілендиев атындағы екінші Республикалық дирижерлер байқауының ІІ сыйлығын иеленіп (Алматы қ-сы, 2012 ж.), Н.Тілендиев атындағы «Өз елім» үшінші Республикалық фестивалінде «Дирижерлеу» аталымы бойынша Бас жүлде және Астана қаласы әкімдігінің кубогымен (Астана қ-сы, 2013 ж.) марапатталған.

Яндекс.Метрика