Қабылдау комиссияларының байланыстары

«Евгений Онегин» Қарағандыда

18 мамыр күні «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Қарағанды қаласында С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрының сахнасында «Астана Опера» театры труппасының гастролі өтеді. Көрермен назарына П.Чайковскийдің «Евгений Онегин» атақты әлемдік опера туындысының концерттік орындалуы ұсынылмақ.

Театр репертуарына бұл спектакль жақында ғана – 8 ақпан күні енген, дегенмен де ол тыңдармандардың жүрегін жаулап үлгерген. Қойылым жұмысына итальяндық режиссер Давиде Ливермор, костюмдер бойынша суретшілер – Софья Тасмағамбетова мен Павел Драгунов қатысқан. Хормейстер – Ержан Дәуітов, режиссердің ассистенті – Еренбақ Тойкенов.

Операның қоюшы дирижері – Алан Бөрібаев, бірақ Қарағандыдағы дирижерлік тұғырға Қали Байжанов атындағы Қарағанды концерттік бірлестігі симфониялық оркестрінің бас дирижері маэстро Петр Грибанов шығады.

Аталмыш операда композитор пушкиндік Татьянаның сезімдер асқақтығы мен жан сұлулығын жырлаған. Музыкада лирикалық қаһармандардың ішкі күйініші көрініс тапқан, әуендер айтылмаған сөздерді аяқтап, олардың әңгімесінің жалғасы іспетті.

Партияларды «Астана Операның» жарқын солистері: Татьяна – Айгүл Ниязова, Онегин –Талғат Мұсабаев, Ленский – Жан Тапин, Ольга – Татьяна Вицинская, Күтуші – Салтанат Мұратбекова, Ларина – Гүлжанат Сапақова, Гремин – Барсег Туманян, Рота бастығы –Шыңғыс Расылхан, Зарецкий – Жанат Шыбықбаев, Трике – Рамзат Балакишиев орындайды.

Естеріңізге салар болсақ, бұл театрдың Қарағандыдағы үшінші гастрольдік сапары болып табылады әрі осынау керемет қалада елордалық әртістердің өз жанкүйерлері бар.

Яндекс.Метрика