Қабылдау комиссияларының байланыстары

Бақтияр Адамжанның Римдегі жетістігі

«Астана Опера» театрының жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақтияр Адамжан Римдегі ең беделді мәдени іс-шараға қатысты. Екі күн қатарынан, 20 және 21 қаңтарда «Les Étoiles» жобасы аясында Auditorium Parco della Musica концерттік кешенінің Santa Cecilia Hall сахнасында әлемдік балет жұлдыздарының қатысуымен гала-концерт өтті.

Ла Скала театрының примасы Николетта Маннимен бірге танымал қазақстандық әртіс көрнекті француз хореографы Р.Петидің қойылымындағы «Бозбала мен ажал» балетінде Бозбала басты партиясында өнер көрсетті.

Көптеген халықаралық байқаулардың Гран-при иегері Бақтияр Адамжан сондай-ақ Венгрия мемлекеттік операсының примасы Татьяна Мельникпен бірге Л.Минкустың «Дон Кихот» балетінен па-де-де, Ц.Пунидің «Эсмеральда» балетінен Диана мен Актеонның па-де-десін орындады.

XX ғасырдың атақты балеринасы Марго Фонтейннің 100 жылдық мерейтойына арналған концертке лондондық Корольдік балет, Ресейдің Үлкен театры, Испанияның ұлттық балеті, Мариин театры, Михайлов театры, Америкалық балет театры, Берлин мемлекеттік балеті және т.б. халықаралық театрлардың  жетекші солистері қатысқан.

Бақтияр Адамжанның еуропалық сахналарда өнер көрсетуі қашан да орасан зор жетістікпен өтуде, қазақстандық әртістің шығармашылығына бас иетін барлық көрермен оның әрбір сахна төріне шығуын ыстық ықыласпен қарсы алып қана қоймай, өз таңғалыстарын білдіріп, естелік суретке түсіп, өнерпаздың қолтаңбасын алу үшін концерттен соң асыға күтеді.

Отандық жұлдыздарымыздың осылай өнерлерін паш етуі заманауи қазақстандық мәдениетті әлемдік кеңістікте алға тартады әрі Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жөніндегі ҚР Мәдениет және спорт министрлігі жоспарларының бір бөлігі болып табылады.

Яндекс.Метрика