Қабылдау комиссияларының байланыстары

«Астана Опера» өнер әлемінің жұлдыздарын қарсы алмақ

2 наурыз күні «Астана Опера» сахнасындағы «Музыкалық өнер жауһарлары» концертінде айтулы дирижер Илья Машкевич (Бельгия), қазақстандық және итальяндық көрерменнің сүйіктілері – «Астана Опера» солисі сопрано Мария Мудряк пен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Италия Жұлдызы Орденінің иегері тенор Медет Чотабаев өнер көрсетеді. Кеш «Астана Опера» театры симфониялық оркестрінің қатысуымен өтеді.

Концерт бағдарламасына барша тыңдарманның сүйікті туындылары енген. Бірінші бөлім ұлы чех композиторы Антонин Дворжактың атақты №9 Симфониямен ашылады, бұл шығарманы «Жаңа құрлықтан» деп те атайды.

Маэстро Илья Машкевич бұл симфонияны жиі орындайтынын атап өтті.

– Менің ойымша, осынау музыканың құдіреті – оның бойында тасыған күш-қуаты мен керемет әуендердің молдығында жатыр. А.Дворжак чех ұлтынан болғандықтан, өзінің түп-тамырларынан толығымен кете алмады, дегенмен де симфонияда, әсіресе, екінші бөлімінде үндіс Америкасының атмосферасы үнемі сезіліп тұрады.

Илья Машкевич шақырылған дирижер ретінде Ресей, Жапония, Франция, Германия және өзге елдерде белсенді гастрольдік қызметін атқарады. Шеберлік сабақтарын беріп, театр мен киноға арнап музыка жазады. Елордалық театр сахнасында дирижер алғаш рет өнер көрсетпек. Алайда, ол қай жерде жұмыс жасаса да, өзінің басты қағидасы әрбір музыкантты құрметтеу деп біледі.

– Ойнайтын олар, мен тек бағыттаймын. Дайындықтың алғашқы минуттарында оркестр мен әрбір жекелеген музыканттың кәсіби деңгейін бағалауға тырысамын. Бұдан кейін, музыканы қабылдаудағы өзімнің талдауымды ұсынамын. Түрлі оркестр болады, бірақ ұстанымдары бір, – деп атап өтті маэстро.

Концерттің екінші бөлімі вокалдық музыкаға арналады: сопрано Мария Мудряк пен тенор Медет Чотабаев тыңдарман назарына опера өнерінің жауһарларын ұсынады.

– 6 сәуірде 25 жасқа толуымның қарсаңында «Астана Операда» жүрегіме жақын қазақстандық көрерменім – өзім хат-хабар алысып әрі концерттерімде кездесіп жүрген отандастарым мен жанкүйерлерімнің алдында өнерімді ортаға саламын. Баршаңызды елордалық театрда өтетін «Музыкалық өнер жауһарлары» концерті мен 19 сәуірге жоспарланып отырған Дж.Пуччинидің «Богема» операсының премьерасына шақырамын. Қатарынан осы кезеңде Ресейдің Үлкен театрында «Богема» мен Бейруттегі «Травиата» операсына қатысамын, алайда әлемнің үздік театрларының бірі – «Астана Операда» туған халқыммен қауышуға асықпын! Бұл концертке арнап таңдаған репертуарым менің өткенімді, осы шағым мен келешегімді қамтиды. Концерттің шымылдығы мансап жолыма бастау болған Г.Доницеттидің «Дон Паскуале» операсындағы Норинаның ариясымен түрілмек. Қазіргі шағым деп осы жылы Австралиядағы Мельбурн опера театрында өтетін дебютімді айтып отырмын. Онда Д.Маквикардың әйгілі қойылымындағы «Фауст» операсында Маргаританың бас партиясын орындаймын, әріптесім – танымал тенор Саймир Пиргу. Ал болашағым дегенім – қазірден бастап дайындап жүрген «Трубадур» операсындағы Леонораның ариясы. Бұдан бөлек, бағдарламада Дж.Верди мен Дж.Пуччинидің операларынан керемет дуэттер ұсынбақпыз, – деді Мария Мудряк.

«Астана Опера» театрының жетекші солисі Медет Чотабаев Мария Мудрякпен бірге дуэтте ән шырқауға қуанышты екенін әрі тыңдармандарға арнап бірнеше тосынсый әзірлегендігін айтты.

– Бұл концертте сахнамызда бұрын-соңды менің орындауымда шырқалмаған жаңа ариялармен өнер көрсетпекпін. Оркестрмен бірге У.Джорданоның «Федор» операсынан Лористің ариясын ұсынатын боламын, бұл өте әсерлі нөмір, сондай-ақ А.Лараның «Гранада» әні шырқалады. Мұнымен қоса, көрермен қауым атақты арияларды, мәселен, Дж.Пуччинидің «Тоска» операсынан Каварадоссидің ариясын қуана қабылдайды деп есептеймін, – деп қорытындылады Медет Чотабаев.

Яндекс.Метрика