Қабылдау комиссияларының байланыстары

«Астана Балет» алғаш рет Қарағандыда әлемдік балет жауһарларын көрсетпекші

Ақпанның 23 мен 24 күндері «Астана Балет» ұжымы Қазақстан қалаларына жоспарланған гастроль аясында, Қарағандыдағы Константин Станиславский атындағы Орыс драма театрының сахнасында өнер көрсетеді. Осы күндері Қазақстанның ірі қалаларының бірі әрі мәдени орталық орталық саналатын қала тұрғындары мен қонақтары театр репертуарындағы әлемдің балет өнерінің жауһары саналатын спектакльдерді тамашалай алады.

Театр директоры Валерий Күзембаевтың айтуынша, осы аймаққа театр алғаш қадам басқалы отыр.

 «Өткен жолы келгенімізде көрермен қауым бізді қошеметпен қарсы алды. Бұл жолы аңдатпа бағдарламасын емес, әлемдік мұра қатарына жатқызылған спектакльдерді, тың дүниелер мен соңғы қойылымдарымызды ала келдік. Бұл туындылар еуропа жұртшылығын тамсандырған еді. Тталғамы биік көрерменді түрлі хореография тілімен таныстырып, осы құдіретті өнердің саф алтындай сақталған мол мұрасын паш етпекшіміз», – деді директор.

Гастрольдің алғашқы күні, яғни, 23-ақпан сағатв 17:00, балет әлемінде биік бәйтерекке баланып жүрген екі тұлғаның,  хореография генийлерінің туындылары көрсетілмек – Уильям Форсайттың «IntheMiddle, Some what Elevated» («Ортада, сәл жоғары») және Джордж Баланчиннің «Серенада» атты бір актілі балеттері.

«ХХ ғасыр балетінің алтын құорына» енген «Серенада» премьерасы «Астана Балет» театрының сахнасында, 2017 жылдың 25-мамырында өткен болатын. Бұл Қазақстан мен қазақстандық балет сүйер қауым үшін елеулі оқиға еді. Себебі, бұл Баланчиннің Америкада қойған алғашқы балеті-тін. Бұл туынды неоклассика хореографиясының шыңына баланады. Петр Чайковскийдің музыкасына қойылған «Серенада» туындысын қазақ сахнасына Баланчин қорының балетмейстері Виктория Саймон алып шықты. Саймон хореографтың жиырма бестен астам туындысын қайта қойып, әлем бойынша сексеннен астам балет труппасымен еңбек еткен..

 «Серенада» мәңгі әрі ғажайып өнерге бойлаған көрермен жүрегін елжіретпей қоймайды. Бір қарағанда қарапайым көрінетін осы бір «ай астындағы биді», бұл туындының музыкасы, стилистикасы аса күрделі, ал, оны техникалық тұрғыдан орындау һас шеберлікті талап етеді. Аталған туынды Дж.Баланчин стилінің стандарттары мен техникасына сәйкес жасалған.  

Қарағандылық көрерменге тарту етілмекші тағы бір туынды Уильям Форсайттың «IntheMiddle, Some what Elevated» спектаклі. Модерннің жарқын өкілдерінің бірінің туындысы Қазақстанда алғаш 2017 жылдың төртінші қарашасында, «Астана Балет» театрының сахнасында көрсетілді. Айта кетерлігі, аңызға айналған балетті қазақ сахнасына алып шыққан Агнес Нольтениус. Ол он екі жыл әйгілі хореографпен бірлесе жұмыс істеген. Осы уақыт аралығында өз туындыларындағы басты рөлдің бәрін хореограф осы тұлғаға арнап шығарған болатын. 2002  жылы ол сахнадан кетіп, қалған өмірін балет өнерін, атап айтқанда, Уильям Форсайттың репертуары мен импровизация технологиясын насихаттауға арнауға бел буады.

Балет өнеріндегі революция Форсайт есімімен байланыстырылатынын атап өткен жөн. Ол ғасырлар тоғысында осы өнердің даму бағытын бағдарлап кеткен жан. Оның хореографиясы гравитация атаулының барына күмән келтіреді. Осының арқасында адам мүмкіндігінің шегіндегі дүниелер сахнаға шықты. Экстремальді техника мен үздіксіз қимыл кез-келген көрерменнің көңілін баурап алары даусыз.  

Екінші күні, яғни, 24 ақпанда, сағат 17:00 хореография өнерінің биік шыңына баланған туындылар көрсетілмек. Кештің бірінші бөлімінде көрермен назарына  италиялық композитор Эцио Боссоның музыкасына қойылған «Love’sLostIdols» («Махаббаттың ғайып болған дарабоздары») атты бір актілі балет қойылады. Премьера 2018 жылдың 2-қарашасында өтті. Қоюшы-хореограф – танымал  америкалық балетмейстер Николо Фонте.

Бұл спектакль «Бәрі өткінші екенін біле тұра, қалай ғана ғашық болып, әлденені іш тартамыз», деген сұраққа жауап іспетті. Сан қырлы, көркем, кейде тіпті, экстремальді би тілінің күшімен балет әртістері көрерменіне: «Өмір өткінші. Тап осы сәттен айырылма, себебі, дәл осы сәтте махаббат пен бояуы қанық шынайы өмір бар. Тап осы жерде, дәл осы сәтте өмір сүр!» деп тұрғандай. Балетті қойған Николо Фонте, композитор Эццио Боссоның шығармасын таңдау себебін түсіндіре келе, оны алғаш естіген шақта ғажайып энергетиканы сезінгенін айтты. Оның айтуынша, бұл шығарма «Тым «болмашы» қараңғылыққа ие. Ішінде жарығы да бар. Бұл қабырғаның жарығынан сыртқа атылған шам сәулесі іспетті. Адам баласы мұндай күйді таза, пәк сезімі бар шақта ғана басынан өткере алады».

Екінші бөлімде «Астана Балет» театры репертуарындағы жарқын қойылымдардың бірін паш етеді. Шақырылған хореограф, бразилиялық Рикардо Амарантенің «Love.Fear.Loss» (Махаббат. Айырылу. Үрей.) және «A Fuego Lento». Ол хореография авторы ғана емес, костюмдерін де өзі шығарды.  

Натальи Чепуренконың өңдеуіндегі Эдит Пиаф, Шарль Дюмон, Жак Брель музыкасына қойылған «Love.Fear.Loss» – әр дуэті махаббат сезімін әспеттейтін, аса нәзік, сезімтал балет. Мұнда махаббатынан айырылып қалу қаупі де, үрей де сезіліп тұрады. Осы хореографиялық туындыны шығаруға Эдит Пиатың қасірет пен мұңға толы тағдыры түрткі болған екен. Ол өзінің сүйіктісінен айырылып, осы бір қасіретін өз әндеріне арқау еткен әнші. Спектакль премьерасы 2016 жылдың 21-қарашасында, Варшавада өткеніне қарамастан, көрсетілген сайын көрерменін елітіп әкететін құдіретке ие зор туынды.

Рикардо Амарантенің екінші туындысы Лало Шифрин, Астор Пьяццола, Карлос Гардель мен Саё Косугидің музыкасына қойылған «A FuegoLento» балетінің премьерасы  2016 жылдың 5-қазанында Токиода өтті. Спектакль жалынға ұқсас: бастапқыда баяу ғана жанып, артынан лаулайтын, бойыңды жылытатын от іспетті. Бұл балет бойыңызды алғаш билеген тұстағы махаббат әлегі мен құштарлық сезімін көркем тілмен жеткізуге тырысқан. Осы хореографиялық композицияның әр сахнасы тангоның  көңіл толқынына ілескен сезім мен құштарлықтың көрінісі.

2018 жылдың бесінші қазанындағы Жолдауында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: «Ішкі туризм мен елге келушілердің санын арттыруға күш салу керек. Ол үшін еліміздің табиғи және мәдени жетістіктерін молынан пайдаланған абзал» дегені бар. «Астана Балет» театры осы бағытты толығымен қолдап, аймақтарда балет өнерін насихаттауға кірісіп те кетті.

Валерий Күзембаевтың айтуынша, биыл маусым айында «Астана Балет» гастроль бағдарламасымен Атырауға да аттанбақшы. Онымен қоса, биыл театр һас өнерді сүйер қауымға тың қойылымдарын да тарту етпекші. Хореограф ретінде Ресей мен Германияның айтуылы балетмейстерлері Юрий Григорович пен Раймондо Ребек шықырылып отыр. 

Анықтама: «Астана Балет» 2012 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен ашылды. Дегенмен, театрдың дербес ғимараты  2016 жылы ашылды. Театрдың жалпы көлемі 15 000 м². 783 орындық көрермен залының – 609 орыны партер, 104 самалдықтың екінші белдеуі мен, 70 орындық самалдықтың үшінші белдеуі бар.

Қазіргі заман стандарттарына сәйкес салынған сахна көлемі 500 м² астам. Авансцена, арьерсцена мен қалталарын санағанда сахна кешені 1000 м² құрап отыр. Оркестр орыны 50-60 музыкантқа ыңғайланған. Сахнаны трансформациялау үшін соңғы технология үлгісі саналатын көтергіш қондырғылар қолданылады. Жарық беру кешеніне дәстүрлі театр жарығымен қоса, осы саладағы соңғы жетістіктер де қолданылды. 800-ге шам көркемдік жарық түсірудің сапасын арттырады. «Астана Балет» театрының сахнасы режиссерлер мен сценографтардың қиялын асқақтатып, ойындағысын іс жүзіне асыруға бар мүмкіндік береді.

Театрдың репетициялық залы сахна көлеміне сәйкес келеді. Осының өзі жаңа спектакльге дайындық өткізуге өте ыңғайлы.

Театрдың алғашқы қойылымы 2013 жылдың шілдесінде өтіп, артында көрермен қауым осы ұжымды жылы қабылдағаны анық болды. Осы күні біздің ұжым Қазақстанда ғана емес, шет елдрде де танымал. Түрлі жанрдағы театр репертуары әлемдік балет жауһарлары мен отандық классика, заманауи неоклассика туындыларымен үнемі толығып келеді.Осы күні репертуарда 18 спектакль мен екі концерттік бағдарлама бар: «Astana Ballet Gala» және «Ұлы Дала мұрасы».

Яндекс.Метрика