Қабылдау комиссияларының байланыстары

Астаналықтарға Латвияның көрікті орындары мен бірегей сәулеттік сызбаларының жүзден астам фотосуреттері таныстырылды

Қазақстандағы Латвия Республикасы Елшілігі егемен мемлекеттің құрылуының 100 жылдығына орай Қазақстан Республикасы Ұлттық музеймен бірлесіп ұйымдастырған «Мемлекеттің құрылуы. ІХ-ХХІ  ғасырлардағы Латвия сәулеті. Латвияның танымал жерлері мен нышандары» көрмесі салтанатты түрде ашылды.

Көрмеге әртүрлі сәулеттік стилдерді көрсететін Латвияның көрікті орындары мен бірегей сәулеттік сызбаларының жүзден астам фотосуреттері қойылды. Латвияның мыңжылдық сәулет өнері тарихында әрбір ғимараттың өзінің жеке символдық орны бар. Бұл Реформация дәуіріндегі көне соборлар, соғыстар мен революцияға төтеп берген дворяндар сословиесінің сарайлары, тұрғын үйлерге айналдырылған ескі фабрикалар болмақ. Қайта қалпына келтірілгеннен кейін, картина галереялары және кітапханаларға айналған қамалдардың фотолары заманауи мәдениет пен ұлттық мұраны да көрсетеді.

«Көрмеге Латвияның бірегей сәулет өнері мен көрікті орындарының жүзден астам фотосуреті қойылды. Біз бұдан тарихы бай елдің таңғажайып сәулетіне, өзіндік ерекшелігіне куә бола аламыз. Музей қонақтары мәні мен маңызы зор фотосуреттер арқылы Латвия еліне ойша саяхат жасап, құнды ақпараттарға қанық болары сөзсіз. Әсіресе, сәні мен салтанаты келіскен Рига қаласының архитектуралық жауһарларымен танысып, ұлттық ерекшелік пен заманауи мәдениеттің көркем келбетін тамашалай аласыздар», – деді өз сөзінде ҚР Ұлттық музейі директорының м. а. Леонид Кочетов.

Көрмеден Бүкіләлемдік ЮНЕСКО мұраларының тізіміне енген  ағаш ғимараттары және модерн стиліндегі ескі қаласы бар астана Риганы ғана емес, сонымен қатар шет аймақтағы қалалар мен елді мекендерді де тамашалауға болады. Латвияның жас сәулетшілері  Ольгертсу Крауклису және Дайна Даннеберга Астанадағы Тың игерушілер сарайының жобасын жасаған.

«Латвия ұлты өзінің тілін, салт-дәстүрлерін ертеден сақтап келе жатқан ел. Биылғы жылы Латвия мемлекетінің құрылғанына 100 жыл толып отыр. Құрылыс үлгілерінің ең көнесі ІХ ғасырға тән ағаш үйлер болып табылады. Олар археологиялық жәдігерлер негізінде қайта жаңартылды. Бүгінгі көрмеден Латвия архитектурасының көпжылдығын, сонымен қатар халықтың құрылыс үлгілерін,  Германия, Франция, Швеция, Италия, Польша және Ресей мемлекеттерінің сәулетшілері жасаған архитектура нышандарын тамашалай аласыздар», -деді Қазақстандағы Латвия Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі  Юрийс Погребнякс.

Аталған көрме Еуропалық мәдени мұралар жылына сәйкес Латвия Республикасының жүз жылдығына орай ұйымдастырылып отыр. Бұл шарадан Латвияның ғасырлар бойы Еуропалық геосаяси кеңістіктегі оқиғаларға байланысты қарым-қатынасын да көруге болады. Латвиядағы арнайы белгіленген орындар мен нышандар  жергілікті халықтың тарихынан айқын мәлімет береді. Көрме 2019 жылғы 3 қаңтарға дейін созылады.

Яндекс.Метрика