Қабылдау комиссияларының байланыстары

Астанада «Til-Qazyna» республикалық ақпараттық-танымдық газеті тұсаукесері өтті

Бүгін Астанада Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі мен Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Til-Qazyna» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы жаңа «Тіл-қазына» республикалық ақпараттық танымдық газетін көпшілікке таныстырды. Ресми шараны Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы ашты.

ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2025 жылға дейін қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру жөнінде берген тапсырмасы баршамызға белгілі. Елбасы: «2025 жылға қарай іс-қағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды, бәрін де латын әліпбиімен басып шығара бастауға тиіспіз. Ол кезең де таяп қалды, сондықтан біз уақыт ұттырмай бұл жұмысты осы бастан қолға алуымыз керек», – деп мәлімдеген болатын.

«Til-Qazyna» республикалық ақпараттық танымдық газеті қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру бойынша қазақ тілінде латын графикасында жарық көретін алғашқы басылым болмақ. Жаңа басылымда қазақ әліпбиін графикасына көшіру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға қатысты ақпараттар, танымдық материалдар жарық көретін болады. Газет айына 2 рет жарық көреді.

Тұсаукесерге қатысушыларға жаңа газеттің тұжырымдамасы және бүгінгі қазақ әліпбиін латын графикасына көшірудегі маңызы айтылды.

Газет таныстырылымы барысында жетекші ғалымдар өткен ғасырда латын әліпбиінде жарық көрген қазақ басылымдарының тарихына шолу жасап, латын графикасындағы қазақ тілі әліпбиіне көшу кезеңдерінде жүргізіліп жатқан жұмыстар барысы туралы айтты.

Шарада ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, зиялы қауым өкілдері газеттің болашақ жұмысына қатысты пікірлерін ортаға салып, ұсыныстарын берді.

Шараға сонымен қатар Министрлік қызметкерлері, тілтанушы ғалымдар, сарапшылар, студенттер және БАҚ өкілдері қатысты.

Яндекс.Метрика