Қабылдау комиссияларының байланыстары

Астанада Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдық мерейтойына арналған «Адамзаттың Айтматовы» атты әдеби-музыкалық кеш өтті

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен ұлы жазушы Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдық мерейтойына арналған «Адамзаттың Айтматовы» атты әдеби-музыкалық кеш өтті.

Әдеби-музыкалық кешке Шыңғыс Төреқұлұлының ұлы Асқар Айтматов, Қырғызстан Республикасының мәдениет, ақпарат және туризм министрі Азамат Қапарұлы, Айтматовтың жақын досы, атақты ақын Мұхтар Шаханұлы, КСРО халық әртісі Әлібек Дінішев, РСФСР еңбек сіңірген әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлық лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Наталья Арынбасарова, ҚР Мемлекеттік сыйлық лауреаты Майра Мұхамедқызы және басқа да көрнекті тұлғалар қатысты.

«Шыңғыс Айтматовтың Қазақстанға деген құрметі ерекше еді, өзінің «Боранды бекет» шығармасындағы Едіге – нағыз қазақтың бейнесі екенін баса айтатын.Осыдан он жыл бұрын Шыңғыс Төреқұлұлы Елбасымыздың шақыруымен Қазақстанға келіп, ресми шаралардан кейін жеке сұбхаттасу мүмкіндігі туып еді. Өкінішке қарай, соңғы кездесуіміз екен. Ол кісінің біздің елге, халқымызға деген ыстық ықыласы әлі есімде» деп атап өтті Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Сондай-ақ, еске алу кеші барысында заңғар жазушының тарих тұғырында қалған мәңгілік орны мен келбеті жайлы айтылды.

Шыңғыс Айтматов көзінің тірісінде-ақ әлемдік әдебиеттің жатқа оқылатын классигі болған еді. Орыс және қырғыз тілдерінде жазған оның шығармалары әлемнің 150-ден астам тілдеріне аударылды, Қырғыздың және Қазақстанның Халық жазушысы, саяси қайраткер, дипломат.

Ш. Айтматовтың көп қырлы шығармашылығы ХХ ғасырдың әлеуметтік шынайылығына халық даналығы мен психологиялық тереңдіктің реңкін беріп, әлемдік прозадағы жаңа бағытты белгілейді.  Әлемнің бірнеше тілдеріне аударылған «Жәмилә» повесі Ш. Айтматовқа әлемдік танымалдылық әкелді.  Оның 60-80 жылдары жазылған «Бетпе бет», «Қызыл орамалды шынарым», «Алғашқы ұстаз», «Қош бол, Гүлсары», «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет» және өзге шығармалары жанға жақын тиеді. Ал «Ғасырдан да ұзақ түн» («Боранды бекет»), «Кесінді», «Кассандро таңбасы», «Таулар құлағанда» («Мәңгілік қалыңдық») романдары әлемдік мәдени маңызды оқиға болды және Ш. Айтматовты ХХ ғасырдың соңы – ХХІ басындағы ірі жазушылардың бірі, рухани өмірді оның ең күрделі ахуалы кезін суреттеу дарыны бар жаңа типті суретші ретінде әлемге ұсынды.

Кеште КСРО Халық артистері А. Әшімов, Ә. Дінішев, РСФСР еңбек сіңірген артисі, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Н. Аринбасарова, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі М. Мұхамедқызы, Қ. Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық-драма театрының, «Жастар» театрының актерлары қатысты.

Кеш соңында Шыңғыс Айтматов шығармаларынан үзінділер оқылып, кітаптарының желісі бойынша қойылған кинофильмдерінен үзінділер көрсетілді.

Яндекс.Метрика