Қабылдау комиссияларының байланыстары

Астанада «Шехеразада» және «Шопениана» балеттерінің премьерасы өтеді

30 қараша және 1 желтоқсан күндері «Астана Опера» театрының Үлкен залы сахнасында парсы билерінің нақышымен махаббат жайлы «Шехеразада» ертегісі мен еліткен, елжіреткен вальстері мен мазуркалары бар романтикалық «Шопениана» тұңғыш рет көрермен назарына ұсынылады.

Бір бөлімді балеттердің премьерасы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Астананың 20 жылдығын мерекелеу аясында өтеді.

Романтикалық қиял

Балериналардың пуанталары сахнаға тиместен бұрын әрі көрермендерді мүлдем жаңа сезімге бөлейтін әртістердің сиқыр жасауы алдында театрдың барлық бөлімдері қажырлы да қарқынды еңбек етіп, күш салулары керек. Дегенмен, қойылым үшін ең басты жауапкершілік «Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі, Ресейдің Халық әртісі Алтынай Асылмұратоваға жүктелген.

– Бұрын айтқанымдай, осы театрда үздіктердің үздігін жинағым келді. Көптеген балеттеріміз дәстүрлі классикаға, оның ішінде хореографияның ұлы майталманы – Мариус Петипаға арналған, сонымен бірге батыс балетмейстерлері К.Макмилланға, Р.Петиге тағзым еттік, алайда ХХ ғасырдағы жарқын қоюшылардың қатарында М.Фокин де болды, оның спектакльдері өзге де әлемдік сахналармен қатар елордалық театр репертуарына еніп, қойылуы тиіс. Классикалық мектеп дәстүрлеріне негізделген мол тәжірибеге ие М.Фокин түрлі стильде балетті дамытты. «Шопениана» мен «Шехеразада» – осының керемет айғағы, стильдік тұрғыдан екеуі мүлдем бөлек, өзгеше. «Шопениана» – өткен ғасырдың ерекшеліктерін ескере қойылған балет. «Шехеразада» – шығыс тақырыбы бар ғаламат музыкадағы неоклассика. Осынау спектакльді қайта жаңғырту үшін Ресейдің Халық әртісі Андрис Лиепаны шақырдым, онымен бұрыннан таныспын, бір кездері бірге жұмыс жасағанбыз. Дәл оның бастамасымен М.Фокиннің аты аңызға айналған балеттері қалпына келтіріле бастады, ол осынау істі алғашқылардың бірі болып қолға алғандардың қатарында еді, – деді Алтынай Асылмұратова.

Қалықтаған жеңілдік мекені

Алтынай Абдуахимқызының өзі 24 әртіс қатысатын «Шопениана» спектаклінің қоюшы балетмейстері ретінде жұмыс жасауда. Балет труппасы көркемдік жетекшісінің берген түсінігі бойынша 1908 жылы Михаил Фокин сюжетсіз нұсқа шығарып, «балет өнерінде поэзия үстемдік құрған уақыт, ал биші қыз пуантаны аяғының болаттай мықты ұшын көрсету үшін кимеген, керісінше аяқ ұшын жерге тигізбестен, өзінің биі арқылы жеңілдік, қандай да бір ғажайып, керемет дүниені жасаған» деген.

Шопен музыкасына үндес өткінші елестен құралып, хореографтың суреттеген барлық сюитасы өзінің терең ойлы сұлулығымен көрерменді баурап алады.

Қойылым тобы костюмдер, декорациялар мен өзге де көптеген бөлшектерді көркемдеп бейнелеу арқылы М.Фокиннің идеясын жүзеге асыруы тиіс. А.Асылмұратованың жетекшілігімен бірге спектакль жұмысына қоюшы дирижер Арман Оразғалиев еңбек етуде. Қоюшы балетмейстердің ассистенттері – Ресейдің Халық әртісі Константин Заклинский және Елена Шерстнева. Декорациялар Александр Бенуа, Орест Аллегри эскиздері негізінде жасалуда. Сценографиясын жасаушы – Виктор Караре, костюмдер бойынша суретші – Арасель Досмұратова, жарық бойынша суретші – Винченцо Рапони.

Әртістер залдағы дайындықтарын баяғыда-ақ бастап кеткен. Бозбала партиясын Еркін Рахматуллаев, Олжас Тарланов, Жаңанұр Жаңабеков әзірлеуде. Жарқын, асқан шебер Жетінші вальсті Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Мәдина Басбаева, Әйгерім Бекетаева және балет әртісі Шұғыла Әдепхан орындайды. Он бірінші вальсті Аделина Төлепова, Әсел Шәйкенова мен Мөлдір Шәкімова ортаға салады. Прелюд – Бақытгүл Испанова, Анастасия Заклинская, Марико Китамура.

Әйгерім Бекетаева «Шопениана» балетін бұрыннан білетінін айтып, хореографиялық училищесін бітіру емтиханында Жетінші вальстен Мазурканы орындағанын есіне алды.

– Бүгінгі таңда осынау балетпен қайта танысып жатырмын деуге болады, себебі Алтынай Абдуахимқызының өзімен бірге жұмыс жасаудамын. Бұл – өте жарқын, тіпті сиқырлы балет. Мұнда бәрі ғаламат, жеңіл, қалықтаған, көрерменнің көңілін арбайды. Оған қоса Шопеннің музыкасы сахна төрінде айрықша атмосфера құрады. Костюмдерге келер болсақ, «шопенка» ұзын белдемшесі мен арқадағы қанаттар бұл бейнені жұмбаққа толы сырлы етіп, қалықтаған жеңілдік күйін жеткізеді. Бір қарағанда, балеттің сюжеті жоқ, алайда ол ғажайыпқа тұнып тұр, оның стиліне қызығамын, себебі екінші «Шехеразада» балеті – мүлдем қарама-қайшы қойылым, – деді Әйгерім Бекетаева.

Оның әріптесі Мәдина Басбаеваның айтуынша, Күляш Байсейітова атындағы театрда Мазурканы орындап, сол кезде қойылым бойынша балетмейстер Сергей Геннадьевич Вихаревпен бірге жұмыс жасаған екен.

– Менің кейіпкерім Виллиса тәрізді, көзге көрінбейді, ауадай жеңіл. Мазурканы ақын бозбала билеген кезде, мен – оған шабыт беруші музамын. Партияның техникасы мол, секірулерден тұрады. Негізгі міндеті – ХХ ғасырдың басындағы балет стилін сақтау. Тиісінше, «дене бітіміңді дұрыс көрсетуің» керек. Бұл бейне Джульетта немесе Китриден өзгешеленеді, мұнда сезім мен құштарлық алауын бейнелеудің қажеті жоқ, керісінше, байсалды да байыпты ішкі жан-дүниеңді паш етуің керек. Оның қиындығы да осында жатыр.

Қоюшы сценографтар балеттің классикалық нұсқасын ұстанды, дегенмен өзіндік нақыш та қоса білді. Көркемдік-өндірістік кешеннің жетекшісі Виктор Караренің сөзінше, эскиздер бойынша ауқымды да тыңғылықты жұмыс жасалды.

– Біз тарихты құрмет тұтамыз, бірақ заманауи ағымды айналып өте алмадық: көркемдік бөлігін аздап жаңарттық, сондай-ақ жарық бойынша жұмыс жүргізіліп, оның аумағы кеңейеді, себебі сахнамыздың көлемі 1908 жылғы нақтылықтан ауытқиды. Бұл спектакльде жұмсақ декорациялар басымдыққа ие. Оларды дайындау үшін итальяндық әріптестерімізге қолқа салдық. Жоғары кәсіби суретшілер артқы фондық шымылдықты қолмен жазып шықты, жұмыстар айтарлықтай ұзаққа созылды, себебі көркемделген бір артқы фон ай көлемінде жасалады, бұл кезек-кезек кебуі тиіс бояудың қатпарларымен байланысты болды. Осынау шеберлердің өз дәстүрін ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа тапсырып келе жатқандығын атап өткен жөн, олар тарихи қолөнер кәсібін жетік меңгерген. Алтынай Абдуахимқызымен бірлескен жұмыс біз үшін жемісті болды, ол сценографиядан көргісі келетін дүниелерін айтты, ал біз оларды іс жүзінде жасап шығардық, оның үстіне А.Бенуа мен М.Фокин туралы тың ақпаратты зерделеп, ХХ ғасырдың басындағы дәуірдің барлық қыр-сырын тереңінен ұғына алдық, – деді Виктор Караре.

«Астана Операның» тігін цехы үш құрамға арнап костюмдер тігуде. «Шопениана» – қыздар және тек бір ер балет әртісі қатысатын қойылым. Ол жігітке арнап барқыт желетке, балеттік трико мен жейде тігіліп жатыр. Ал қыздарға арналған ақ түсті киімдер белдемше мен корсеттен тұрады, жеңдері қол шам пішінінде жасалған.

– Балет романтикалық бейне негізінде құрылған, сондықтан Сильфида-бикештер гүлдермен сәнделген әрі жеңіл органза таспамен қолдан тігіліп, бірнеше қабатталған тор мен театралдық селдір жібек матадан жасалған жеңіл костюмдер – «шопенкаларда» болады. Сильфидалардың жеп-жеңіл бейнелерін көрсеткіміз келді… Спектакльдегі жалғыз бозбала да классикалық бейнеде болады, оның костюмі қара-ақ өңдерде жасалған. Әртістерімізге сай таңдап алынған өзіндік қолтаңба мен өзгешелікті үстей отырып, сол жеңілдікті сақтап қалу маңызды еді. Бұл «Астана Опера» театрында костюмдер бойынша суретші ретіндегі алғашқы жұмысым емес. Жаздыгүні қос бөлімнен тұратын екі балеттің премьерасы өтті, онда да мен костюмдер бойынша суретші болдым. Романтикалық балетке костюмдер бойынша суретші ретінде қатысу мен үшін алғашқы тәжірибе болмақ, – деп бөлісті Арасель Досмұратова.

Шығыс – өзіндік бөлек әлем  

«Шехеразада» балеті «Шопенианадан» мүлде өзгеше, алайда көрерменге жанрлық бөлектік әсері білінбейді. Бір бөлімнен тұратын аталмыш екі балет көптеген әлем театрларының сахнасында бір кеш аясында қойылып, үнемі зор табысқа кенеледі.

Н.Римский-Корсаковтың музыкасына «Шехеразада» бір бөлімді хореографиялық драмасын Михаил Фокин 1910 жылы қойған болатын. Балетмейстер сценарийді парсы ертегілерінің желісі бойынша Л.Бакстпен бірге жазды. Айта кету керек, Л.Бакст – Санкт-Петербор мен Парижде ұзақ уақыт жұмыс жасап, ХХ ғасыр басында экзотика және ориентализм бағытында еуропалық сән үлгілерін шығарған көрнекті театр суретшілерінің бірі болып табылады. Қайта жаңартушы – Ресейдің Халық әртісі Андрис Лиепа. Декорациялар мен костюмдерді Лев Бакст эскиздеріне сүйене отырып, Анна Нежная мен Анатолий Нежный әзірледі. Қоюшы хореографтың ассистенті – Светлана Романова. Қоюшы дирижер – Арман Оразғалиев. Қоюшы суретші – Анатолий Нежный. Костюмдер бойынша суретші – Елена Нецветаева-Долгалева. Жарық бойынша суретші – Виталий Давыдкин.

«Шехеразаданың» өн бойынан шығыс тақырыбы сезіліп тұрады. «Астана Опера» театрында дайындалған тамаша декорациялар қолмен жасалған ерекше өрнектеу стиліндегі шеберлігімен таңғалдырады. Ал қызыл балеттік еден одан да керемет әсер тудырады, түспен жұмыс жасаудағы мұндай қызықты шешім бұған дейін астаналық театрдағы ешбір спектакльде болмаған. Жалпы алғанда, мұндағы жасыл, қызыл, сары, күлгін, ашық күлгін түстердің үйлесімі – қанық көріністі көз алдымызға әкеледі.

Фарфордан жасалған түрлі пішіндегі құмыралар, бокалдар мен тостағандар жарқырап, көз тартады. Бұрынғы папье-маше техникасы сақталғанымен, ирек сызықтар жасаудың оңай шаруа еместігін айта кеткен жөн. Ал найзалар, жүздер, пышақтар және өзге де әшекейленген қарулар жаңа технология бойынша жасалған – ағаш жоңқалары мен полимер негізіндегі ворбла материалынан әзірленген. Реквизиттер нағыз бөлшектерден құралғандай көрінеді, бірақ олар жеңілдетілген, қылышты қынабынан алып-салып әрі аспаптарда ойнайтын орындаушыларға ыңғайлы болып келеді. Мәселен, ішекті аспап тауыс түрінде жасалған. Алайда барабан мен кішкене қоңыраулардың үні спектакль барысында кедергі келтіруі мүмкін еді, сондықтан дыбыстар арнайы әдіспен жойылған.

 Бүрмелі жұмсақ жиһаздар, айна сахнаның сәнін келтіреді, алқаға толы ою-өрнекті қобдишалар да табылады. Алғаш рет шеберлер сұлтан сарайына арналған бірнеше килограмнан тұратын аспалы шам әзірлеуде.

Тігін цехының шеберлері 78 костюм тікті, олардың маталарын таңдауда түпнұсқаға барынша жақын болып, тарихи рухты сақтап қалуға аса мән берілді. Жалпы саны 70 түрлі мата пайдаланылды, барлығын бірдей Қазақстаннан сатып алу мүмкін болмағандықтан, кейбіреулерін басқа елдерден тапсырыспен алдыруға тура келді. Әрбір костюм шығыс патшайымының киім-кешегі іспетті, тастар және ұсақ моншақтармен әшекейленген. Сірә, мұндай киімдер балериналардың көркін одан сайын аша түспек.

Бастауға қайта оралу

Либреттоға сәйкес, іші пысып, жабырқаулы күйде отырған сұлтан Шахриарды күңдер мен сүйген жары Зобеида жұбатып, көңілін аулауда. Әйелдердің опасыздығына көзі жеткен сұлтанның інісі Шахезман оған аңға шығуға кеңес береді. Сұлтандар кете салысымен, гаремде «сауық-сайран» басталады, оның қыза түскен шағында кенеттен сұлтан қайтып оралады. Ол осы жердегінің бәрін өлтіруге бұйрық береді, Зобеида қолына қанжар алып, өз-өзіне қол жұмсайды. Шахриар опасыз болса да сүйікті жарының өлі денесіне қарап, егіле жылайды.

Ресейдің Халық әртісі Андрис Лиепа 1910 жылы Н.Римский-Корсаковтың музыкасына қойылған бірегей көрсетілімде тамаша әртістер Ида Рубинштейн мен Вацлав Нижинскийдің билегендігін баяндап берді.

– Бұл, сірә, М.Фокиннің табиғи, көркем әрі ерекше үздік балеттерінің бірі болса керек. Л.Бакст декорацияларының әсемдігі сонша, сахна шымылдығы түріле сала, көрермен қол соғып, қошемет көрсете бастайды. Музыка арнайы осы балетке жазылмаған, бұл Н.Римский-Корсаковтың «Шехеразада» деп аталатын Симфониялық сюитасы, мұнда Синдбадтың кемесі бар, мен оны теңізде жүзуші-Синдбадтың саяхаты деп елестетемін. Музыка кереметтей «су» кеңістігіне тұнып тұр, дәл осы теңіз тақырыбы билерге сай келіп, М.Фокин оны «жандандыра» білді. Үннен бөлек, музыка көз қуантарлық әсер қалдырды. Хореограф Симфониялық поэманың тұтастай кескіндемесін өзгерткен: бір үзіндісін алып тастап, екеуінің орнын ауыстырған, мұнымен ол композитор туысқандарының наразылығын тудырды. Олар спектакльдің премьерасы өтіп, маусымның үздік қойылымына айналғанға дейін бұл шешімнің дұрыстығына сенімсіз болған. Кейіннен ол жүз жыл бойы еш өзгеріссіз орындалып келді, – дейді Андрис Лиепа.

– Мен М.Фокиннің түпнұсқа жазбаларын тауып алдым, олар Санкт-Петербордағы А.В.Луначарский атындағы кітапханада тұр. 1957 жылы Михаил Михайловичтің ұлы Виталий Фокин әкесінің құжаттары салынған екі үлкен шабадан жолдады, мен онда кордебалетке арналған барлық би қимылдарын, дене қалыптарымен байланысты ерекше тартымды нюанстарды көрдім. Бұдан бөлек, хореограф киноман болған әрі көптеп кино түсірген. Қазіргі таңда немересі Изабель Фокина басқарып отырған Қорда М.Фокин мен оның ұлы түсірген 16 сағаттық деректі фильмдер сақталған. Онда «Шехеразаданың» дайындықтар сәттері бар, сондықтан қимылдар түпнұсқа жазбадан алынды. Тұңғыш рет спектакль 1993 жылы қалпына келтіріліп, премьерасы Мариин театрының сахнасында өтті.

«Шехеразаданы» А.Асылмұратова, Ю.Махалина, В.Терешкина, У.Лопаткина, Д.Вишнева, А.Сомова және ХХ ғасырдың соңы мен ХХI ғасырдың басындағы әлемнің ең үздік балериналары билеген. Андрис Лиепаның қайта жаңғыртуы арқылы осынау драмаға толы спектакльде сан қырынан ашылған көптеген балериналар өнер көрсетті.  

– Илзе Лиепа – менің қарындасым – біз қалпына келтірген алғашқы спектакльде билеген. Ол Ида Рубинштейнге сырттай ұқсағандықтан, қойылымға белгілі бір бағыт берді. Мұнда қандай да бір тартымдылық бар, ол балерина болмаған, алайда өте дарынды пантомимикашы, жақсы актриса болды. «Шехеразаданы» актерлік тұрғыдан толықтыра білді, билей алмаған тұстарын актерлік шеберлігімен көркемдей алды. Кейін М.Фокин балеринаға арналған нұсқасын жасады. Дәл бұл нұсқаны біз осында, Астанада пайдаланатын боламыз.

Қоюшы балетмейстердің айтуынша, «Астана Опера» балет әртістері техникалық жағынан өте жақсы дайындалған, алайда осы спектакльде бірінші кезекте қолды белгілі бір  позицияда ұстау және дене қозғалысын сипаттайтын стиль маңызды болмақ.

– Балет стилі жағынан қате орындалса, оның жалған екені бірден байқалады. Қайта жаңғыртушы ретінде мен осы спектакльді жүз жыл бұрын көрерменді тәнті етуіндей жасауым қажет. Ол Камеронның «Аватар» фильмінен қарағанда жақсы болған. Сол кездегі француздық көрермендер қазіргі таңдағы көрермендер сияқты киноға келіп, ойыннан, түс бояуынан ғажайып ләззат алған, ал кетерінде өмірлерінде елеулі оқиға орын алғандай ерекше сезімге бөленген. Мен бірнеше дайындықтар өткіздім, кейбір қыз-жігіттермен бұрын жұмыс жасағанмын. Мысалы, Анастасия Заклинская Санкт-Петербордағы бітіру емтиханында «Шехеразададан» нөмер билеген, ал Бақтияр менің антрепризаларымдағы екі спектакльге қатысқан. Алтынай Асылмұратова, әрине, әртістермен көп еңбек етеді, үлкен, маңызды жұмыстар жүргізеді, – деп қорытындылады қоюшы балетмейстер Андрис Лиепа.

«Шехеразада» балетіндегі рөлдерді орындайтындар:  Шахриар – Жәнібек Иманқұлов, Рахметолла Науанов, Зобеида – Анастасия Заклинская, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гаухар Усина, Әнел Рүстемова. Шахезман – Ильдар Шакирзянов, Ерлан Жамбұлаев, Алтын құл – Бақтияр Адамжан, Арман Оразов, Серік Нақыспеков. Бас белсіз – Олжас Маханбетәлиев, Рахметолла Науанов. Күңдер – Мөлдір Шәкімова, Аделина Төлепова, Еркежан Жүнісова, Марико Китамура, Сэйка Тоносаки, Назира Заетова.

Дайындықтар арасында әртістер хореографпен жұмыс барысындағы алған әсерлерімен бөлісіп, бейнені қалай сомдайтындарын баяндап берді.

– Зобеида партиясын барлық прима-балериналар билейді. Маған оны гала-концертте орындау мәртебесі бұйырды. Бұл кейіпкердің рөлі өте қызықты. Ол Шахриярдың махаббаты мен мейіріміне бөленген сұлу да сылқым, жалынды әрі сүйікті әйелі. Партия техникалық қиындықтарға, пируэттерге, фуэтелерге, секірулерге толы болмаса да, осы рөлді орындау құралы болып табылатын хореографиялық лексикасы өте күрделі. Осы партияда барынша кербездік, «жылан тәрізді» иілгіштік, белден басталатын «мысық» қадамы, бірақ бойды тіктеп жүру талап етіледі. Әрине жұмыс көп, бірақ рөл әсерлі де қызықты! Теңдессіз, сезімтал музыканы тыңдаған сайын құштарлыққа толы керемет әрі әдемі биді билей бергің келеді, – деп әңгімеледі Гаухар Усина.   

Солист Анастасия Заклинскаяның осы партиядағы адажионы орындауда концерттік тәжірибесі бар. Ол оны «Астана Опера» және Мариин театрының сахналарында бірнеше рет билеген.

– Зобеида – негізгі кейіпкер, Шахриярдың әйелдерінің ішіндегі данасы, өктемшілі, сұлуы, ол ең бекзаты әрі сүйіктісі. Фокиннің жаңашыл «Шехеразада» балеті классикалық балеттерден өзгеше орындаушылық техникасымен ерекшеленеді, оған орындауы айтарлықтай оңай болмайтын «жұмсақ» пластика тән. Жүз жылдан астам уақыт өтсе де, ол әлем сахнасынан түспей келеді. Қазіргі кезде дайындықтар жүріп жатыр, жұмыс барысында біз көп жаңа да қызықты білім алып, өз кейіпкерлеріміздің мінез-құлқын сан тараптан ашудамыз. Бұл көп қырлы партия, қоюшы хореографтың ойындағындай болуы үшін маған әлі көп жұмыс жасау керек деп ойлаймын, – деп бөлісті Анастасия Заклинская.

Сүйікті Алтын құл рөліне бірден үш солист дайындалуда. Бақтияр Адамжан осы партияны екі түрлі редакцияда орындаған.

– Бұған дейін Андрис Марисовичпен бірге жұмыс жасаған едім, Киевке осы партияны орындау үшін шақырылған солист болдым, сондай-ақ оны Түркия мен Беларусьте биледім. Бұл менің  байқауға қатысушы ретінде емес, биші ретінде шетелге шыға бастаған алғашқы рөлдерімнің бірі. Алтын құлды Беларусь пен Украинада орындаған кезде барлығы осы партия маған үйлесетінін атап өткен болатын, себебі мен өзімнің шығыс халқына тән сыртқы келбетіммен ерекшелендім, тіпті грим жасаған кезде мамандар маған әрлеудің қажет еместігін айтқан. Сәйкесінше, біздің труппада орындаушылар қанша болса, соншалықты шығыстық нақыш баршылық. Менің ойымша, осы спектакль жаңа реңкте ойналып, қай жерде орындалса да, барлығынан түбегейлі ерекшеленбек.

Алтын құл –  сол кездің қымбат ойыншығы тәрізді, керекті зат ретінде оны торда ұстаған.

– Маған қойылымның тамаша музыкасы, керемет костюмдері қатты ұнайды. Мен өте ұзақ, бірақ ерекше әдемі адажионы орындаймын, көрермендер оған тамсанудан жалықпайды. Керісінше, қызығушылық арта түспек. Соңында таңғажайып сәттер, көңіл-күй толқыныстары орын алған. Бұл партия актер үшін де, биші үшін де сан қырлы. Техникалық жағынан ол өте күрделі: секірулерден бөлек, классикалық биден ерекшеленетін, халық биімен үйлесетін айрықша иілгіштік бар. Менің ашып көрсететін негізгі тақырыбым – құштарлық тақырыбы, әлдебір жаңа дүниеге деген алып ұшқан ынтызарлық. Кейіпкерім тордан босатылып, той-думанға шығады. Мен құлдың әдеттерін көрсетуге тиістімін, егер ол артық қимыл жасайтын болса, оны өлтіретінін біледі. Алтын құл өзінің «мендігін» көрсете алмайды, ол жай ғана ойыншық. Осы партияны бұрын-соңды орындағаныма қарамастан, өзім үшін жаңа дүниені ашатыныма сенімдімін.  Көрермендерімізге  әрдайым жоғары сапада өнер көрсеткім келеді. Өскелең ұрпақ балетті түсініп, ұғына алса екен, – деп атап өтті  Бақтияр Адамжан.

Әртістердің де, қоюшылардың да әңгімесіне арқау болған музыка, шын мәнінде, өзінің әсемдігімен сүйсіндіреді. «Шопениана» мен «Шехеразада» балеттерінің қоюшы дирижері – Арман Оразғалиев.

– Шопен сияқты кемеңгер композитордың шығармашылығы М.Фокиннің назарынан тыс қалмасы анық, ол жаңа стильдегі романтикалық балет жасауға бел буды. Оның музыкасы романтикалық, қалықтаған, нәзік әрі бір мезгілде терең, бәлкім, осынау музыкадан өзіне еш нәрсе таппаған адам жоқ шығар. Бұл балетті таңдау – труппамыз үшін дамып, өсудің нышаны. «Шехеразада» спектакліне қатысты айтар болсам, Н.Римский-Корсаков «Мың бір түн» ертегісінің желісі бойынша «Шехеразада» симфониялық сюитасын бір айдан кем уақыттың ішінде жазып шыққан. Сондай-ақ бір-бірімен ортақ тақырыпта бірікпейтін төрт бөлімнің әрқайсысына атау берген. Менің ойымша, композитор музыканы түрлі аспаптарға түсіру әрі оркестрге бейімдеп, өңдеу бойынша орасан зор дарынға ие болған, демек ол сазды әуенді жазып қана қоймай, оны оркестрге түсіре білген. Осынау музыкада сиқырлы бояулар, толқынның, дауылды желдің гүрілі естіледі. Бұдан бөлек, ол шығыс тақырыбын керемет көрсете алды. Тамаша үйлесімді музыка бірден балетмейстер М.Фокиннің талғамына сай келді. Сюита балетке толығымен, қысқартуларсыз, тұтастай енді. Жеке орындалатын скрипка елеулі мәнге ие, себебі оған едәуір жүк артылған, яғни асқан шеберлікті талап ететін күрделі ойын жүктелген, – деп түсіндірді Арман Оразғалиев.

 «Шехеразада» балетіндегі скрипкаға арналған жеке партияларды әр күндері Қаламқас Жұмабаева мен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» симфониялық оркестрінің концертмейстері Бағдат Әбілханов орындайды.

Уақыт сынағынан өткен балеттер қазірдің өзінде барлық билеттерді сатып алған  елордалық көрерменнің талғамынан шығары анық. Екі күн бойында аншлаг күтілуде.

Яндекс.Метрика