Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының директоры Азамат Сатыбалды тағайындалды

27 желтоқсан, 2018. Алматы. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының бұйрығымен Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының директоры болып Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Сатыбалды тағайындалды. Жаңа басшысы ұжымға ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлова таныстырды. 

Театр және кино актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты Азамат Сатыбалды Жамбыл облысында дүниеге келген. 1997 жылы Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясына оқуға қабылданған. 2001 жылдан Қазақтың Мемлекеттік М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында қызмет атқарады.  Ұлттық классика мен заманауи драматургияда: М.Әуезовтің «Абайында» Айдар, «Қарагөзінде» Нарша (реж. Б.Атабаев), «Еңлік-Кебегінде» Кебек (реж. Х.Әмір-Темір), Д.Исабековтің «Жаужүрегінде» Долгоносов (реж. Е. Обаев), Ғ.Мүсіреповтің «Махаббат дастанында» («Қозы Көрпеш-Баян сұлу») Қозы (реж. Қ.Сүгірбеков), Р.Мұқанованың «Мәңгілік бала бейнесінде» Құмар (реж. Б.Атабаев), Т.Нұрмағанбетовтің «Қожанәсір тірі екенінде» Түрікмен (реж. О.Кенебаев), «Ескі үймен қоштасуында» Доскел (реж. Е.Обаев), Ә. Таразидің «Ақын…Періште…Махаббатында» Медбрат (реж. Ә.Рахимов), И.Сапарбайдың «Қыз мұңы» қойылымында Ғазиз (Реж. Е.Обаев, Т.Аралбай), Е.Жуасбектің «Күлеміз бе, жылаймыз ба?» комедиясында Коля (реж. М.Ахманов), Т.Әбдіковтың «Ардагерінде» Ұлы (реж. Е.Обаев, Е.Нұрсұлтан), Р.Отарбаевтың «Сұлтан Бейбарысында» Бейбарыс (реж. Ю.И.Ханинга-Бекназар) және т.б., әлемдік классика мен заманауи драматургияда: Шекспирдің «Ромео мен Джульеттасында» Тибальт (ауд. Ә.Кекілбаев, реж. О.Салимов), «Гамлетінде» Гамлет (реж. Ю.Ханинга-Бекназар), Г.Гауптманның «Ымырттағы махаббатында» Эгмонт Клаузен (реж. Р.Андриасян) және т.б. рөлдерді сомдаған. Театрдың дәстүрлі «Театр көктемі» фестивалінің бірнеше мәрте жүлдегері. «Қазақфильм» киностудиясы түсірген «Қарсы тексеріс» фильмінде Дәулет, «Дәрігер Ахметовада» Дәрігер, «Қарашаңырақ» телехикаясында Әлішер т.б. ойнады.  Белгілі актер «Хабар» телеарнасындағы «Көшбасшы» және «Таң қалмаңыз…», «Іске сәт» бағдарламаларының жүргізушісі ретінде де жақсы танымал.

Яндекс.Метрика