Шара Жиенқұлова атындағы қазақ биі байқауының жеңімпаздары анықталды

Бүгін елордада Қазақ ұлттық хореография академиясының ұйымдастыруымен Шара Жиенқұлова атындағы V Республикалық қазақ биі байқауының гала-концерті өтті.

Шарада байқау жеңімпаздары марапатталып, лауреаттардың орындауында мерекелік концерт ұсынылды.

Дәстүрлі байқау кәсіби ұжымдар, жоғары оқу орындарының хореография факультеттері мен кафедраларының ансамбльдері арасында қазақ эстрадалық және халықтық би саласындағы талантты бишілерді, балетмейстерлер мен педагогтарды анықтауға бағытталған.

Бесінші мерейтойлық байқауға өңірлерден 150-ден астам қатысушы келді. Жеңімпаздар қазылар алқасының шешімімен «Хореографиялық ансамбльдер мен ұжымдар», «Жеке орындаушылар/дуэттер» және «Балетмейстерлік шеберлік» санаттары бойынша жүлделі орындарға ие болды.  

Шара аймақтық ансамбльдердің репертуарымен, хореографтардың жаңа ізденістерімен танысуға, жарқын орындаушыларды анықтауға, қатысушыларға қазақ биі саласындағы шығармашылық жетістіктерімен, кәсіби тәжірибемен және біліммен өзара алмасуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ байқау барысында қазақ биінің жетекші педагогтарының шеберлік сыныптары, «Қазақ биі» деректі фильмі, Қазақ КСР еңбек сіңірген әртісі, профессор Тойған Ізімнің жеке коллекциясынан сахналық костюмдер көрмесі және Қазақ ұлттық хореография академиясының Қазақ биі зертханасының тұсаукесері өтті.

Шара Жиенқұлова атындағы байқау алғаш рет 1992 жылы А.В. Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесінде өтті. II және III байқауларды Орал қаласында (2001, 2006) М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті өткізді, ал 2012 жылы Қазақ ұлттық өнер университетінің ұйымдастыруымен өткен байқау Шара Жиенқұлованың 100-жылдығына арналды. Биылғы Шара Жиенқұлова атындағы V Республикалық қазақ биі байқауының құрылтайшысы мен ұйымдастырушысы – Қазақ ұлттық хореография академиясы.

Байқау нәтижелері:

«Хореографиялық ансамбльдер мен ұжымдар» санаты:
Гран-при – Қазақ ұлттық хореография академиясы (Нұр-Сұлтан қ.)
1 орынТ. Қ. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының хореография факультетінің «ASD» би театры (Алматы қ.)
2 орын – Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының «Гәкку» би ансамблі (Көкшетау қ.)
3 орын – «Нұр» би ансамблі (Павлодар қ.)

«Жеке орындаушылар/дуэттер» санаты:
1 орын – Анна Цой, Т.Қ. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы (Алматы қ.)
2 орын – Көркем Шолошова, Астана қаласы әкімдігінің Мемлекеттік академиялық филармониясы (Астана қ.)
3 орын – Гүлнұр Қасымбек, Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстык филармониясының «Ақкербез» би ансамблі (Тараз қ.)
3 орын – Аққанат Смағұлова, Қазақ ұлттық хореография академиясы (Нұр-Сұлтан қ.)
3 орын – Тоғжан Молдалим, Т. Қ. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы (Алматы қ.)

«Балетмейстерлік шеберлік» санаты:
1 орын – Садықова Анвара, Қазақ ұлттық хореография академиясы ұжымының жетекшісі (Нұр-Сұлтан қ.)
2 орын – Цой Анна, Т.Қ. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы (Алматы қ.)
3 орын – Ордабаева Гульмира, Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының «Гәкку» би ансамблінің жетекшісі
3 орын – Уразымбетов Дамир, Т. Қ. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы (Алматы қ.)

 

Яндекс.Метрика