Махамбет музыкасындағы бояу молдығы

Ғ.А.Жұбанова атындағы Мемлекеттік ішекті аспаптар квартеті «Моцарт. Дебюсси. Махамбет» атты жаңа концерттік бағдарламамен өнер көрсетпек. «Қазақквартет шақырады» топтамасының музыкалық кеші 27 қаңтар күні «Астана Опера» Камералық залында өтеді.

Мемлекеттік ішекті аспаптар квартетінің құрамында: танымал қазақстандық музыканттар, халықаралық байқаулардың лауреаты – Айдар Тоқталиев (1-ші скрипка), Алексей Лебедев (2-ші скрипка), Бекзат Сайлаубайұлы (альт); көркемдік жетекшісі –Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ернар Мыңтаев (виолончель).

«Астана Опера» театры ұлттық музыка жауһарларын насихаттауды жалғастырып келеді. Осылайша, даңқты батыр, көрнекті ақын, сазгер әрі қазақ халқының тәуелсіздігі үшін күрескер Махамбет Өтемісұлының белгілі «Жұмыр, Қылыш» күйінің өңдеуі (өңдеу авторы – Г.Үзенбаева) көрермен қауымға алғаш рет ұсынылатын болады. Туындыда Отанға деген сүйіспеншілік, қазақ халқының ерлігі, батырлығы дәріптеледі. Махамбеттің күйі ой тереңдігімен, жігерлілігімен, ғажайып бейнелерімен және сазымен таңғалдырады. Ұлы музыка тыңдармандарға күш-қуат беріп, эстетикалық ләззат сыйламақ.

Кеш бағдарламасына австриялық классик В.А.Моцарттың өз досы әрі аға әріптесі Й.Гайднға арнаған «Охота» № 17 си-бемоль мажор ішекті аспаптар квартеті енді. Квартеттің музыкасы «Приключения Гекльберри Финна», «Таинственное свидание», «Семейка Тененбаум», «Звездный путь: Восстание» фильмдерінде орындалуы арқасында кең танымалдылыққа ие болды. 

Бұдан бөлек, француз композиторы К.Дебюссидің Соль минор ішекті аспаптар квартеті, ор.10 шырқалады. Шығарманы қиялшылдық, сезімталдық, музыкалық бейнелердің сан алуандығы ерекшелендіреді, онда К.Дебюссиге тән нәзік талғампаз гармония және пішіндердің анықтығымен өзгешеленетін композиторлық стиль айқын аңғарылады. Бірінші ырғақтан-ақ әр аспап түрлі әуен иірімдерін орындайтын композицияның санқырлылығы ашылады.

Яндекс.Метрика