Дариға Назарбаева: «Астана кештерi» фестивалінің барлық концерттеріне келсеңіз, қателеспейсіз!»

Маусым айының 3-7 аралығында Нұр-Сұлтан қаласында музыкалық өнер кеңістігіндегі айтулы оқиғалардың бірі – «Астана кештері» VIII Халықаралық  өнер фестивалі өтеді. Фестивальдің басты мақсаты– халықтың түрлі әлеуметтік топтарына әлемдік өнердің жауһарларын тамашалауға мүмкіндік беру. Әлемде теңдесі жоқ фестивальдің аясында дүниежүзіне белгілі сахна шеберлері өнер көрсетеді. Қайырымдылық мақсатта өткізілетін бұл жобаның концерттеріне барлық билеттер тегін таратылады. Жыл сайын Елорданың үздік концерттік залдарында өтетін керемет концерттерді мыңдаған көрермен тамашалайды. Фестивальдің тағы бір артықшылығы – жанрлық сан алуандығында. «Астана кештері» концерттерінде классика, фольклор, джаз, романс, эстрада бағытындағы уақыт сынынан өткен сапалы музыка туындылары орындалып, балет жұлдыздары да өнер көрсеткен.

Аталмыш өнер мерекесі фестивальді ұйымдастыру комитетінің төрайымы Дариға Назарбаеваның бастамасымен өткізіледі. Дариға Нұрсұлтанқызының өзі фестиваль концерттерінде бірнеше рет өнер көрсеткен. «Музыка барлық адамзатқа ортақ. Ол адамдарға қуаныш сыйлап, рухы биік асқақ сезімдерге жетелейді. «Астана кештерi» фестивалі де дәл осы мақсатты көздейді. Бұл жоба арқылы біз өнерді түсініп, жоғары бағалайтын барша адамдарды біріктіретін музыкалық шаңырақ құрғымыз келді. Сондықтан фестиваль шеңберіндегі концерттер әрдайым тегін өткізіледі. Фестивальдің ерекше қонақтары – мүмкіндігі шектеулі жандар. Ұйымдастырушылар олардың концерттерге келуі үшін арнайы көлікпен қамтамасыз етеді» – деп атап өтті ол.

Биыл халықаралық фестиваль аясында отандық және әлемдік өнер жұлдыздары астананың үздік сахналарында («Казахстан» ОКЗ, «Астана Опера» камералық залы, ҚазҰӨ орган залы) өнер көрсетіп, 5 қайырымдылық концерт өткізеді.

Фестиваль Қазақстанның ең үздік опера дауыстарының бірі, көптеген халықаралық байқаулардың лауреаты, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Медет Шотабаевтың бенефисімен ашылмақ. Кеш қонақтары – Ресей Үлкен театрының жетекші солисі Анна Аглатова, А.Навои ат. Өзбек мемлекеттік үлкен театрының солисі, Өзбекстанның халық артисі Рамиз Усманов, Мариинский театрының солисі Наталья Павлова.

4 маусымда Камералық музыка кешінде итальяндық және қазақстандық сахна шеберлері өнер көрсетеді. Италияның атынан әлемге әйгілі альтист Анна Серова, фортепиано дуэті Марко Скьяво – Серджо Маркеджани, ал біздің елдің атынан әйгілі пианист, «Құрмет» орденінің иесі, «Forte Trio» мемлекеттік триосының жетекшісі Тимур Урманчеев, көптеген халықаралық байқаулардың лауреаттары Динара Базарбаева-Сахаман (скрипка) және Мұрат Нарбеков (виолончель) шығады.

5 маусымда симфониялық музыка сүйер қауым заманымыздың ең таңдаулы пианисі Бехзода Абдураимова (Өзбекстан-АҚШ) және ҚР халық артисі Айман Мұсаходжаева сынды қос жұлдыздың концертіне барады.

Орган концерттеріне биылғы 6 маусымда Париждегі Әулие Николя дю Шардоне шіркеуінің органисі Мари-Аньес Граль-Мене келеді.

Фестиваль 7 маусымда «4 рояль & альт» аспапты концертімен аяқталады. Итальяндық альтист Анна Серова Қазақстанда тұңғыш рет Роберто Молинеллидің «Lady Walton’s Garden» шығармасын орындайды, сондай-ақ бұл концертті Абай ат. МАОБТ бишісі Нельсон Пеньямен жұптасқан аргентиналық тангомен тәмамдайды.

«Астана кештері» халықаралық өнер фестивалі «Дегдар» қайырымдылық қоры, «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы және JTI компаниясының ұйымдастырумен өтеді.

Әдетте, тегін билеттер тез тарап кетіп, билеттер кейде жетпей қалуы да мүмкін. Бірақ оған уайымдаудың қажеті жоқ! – ұйымдастырушылар тарапынан концерт залдарының кіреберістерінде арнайы кіру билеттері берілмек. Бұл билеттер де, әрине, тегін және кез келген бос орындарға отыруға мүмкіндік береді. Сондықтан сіздер еш алаңсыз өзіңіздің музыкалық талғамыңызға сай концертті таңдай аласыздар! Сондай-ақ барлық 5 концертті де келіп тамашалауға болады! Себебі Дариға Назарбаева айтқандай, «Астана кештерi» фестивалінің барлық концерттеріне келсеңіз, қателеспейсіз»!

Яндекс.Метрика