В. Күзембаев: «Жастардың өнерге ынтық екені аңғарылады»

«Астана Балет» театры Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласынан бастау алып, өріс алған «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға ат салысып келеді. 

Тың шығармашылық жетістіктер, шет елдер мен ел ішіндегі табысты гастрольдер, шет елдік театр өкілдерімен өнімді шығармашылық ынтымақ, осының бәрі еліміздің сыртқы имидж бағдарламасымен үндесіп, ұлт мәдениеті мен тарихи мұрамызды насихаттап, осылайша әлемдік мәдени кеңістікте өз орнымызды ойып тұрып, алдық. Орайы келгенде, «Астана Балет» театрының барлық қойылымдарын отандық һәм шет елдік көрермен ыстық ықылас әрі зор қошеметпен қабылдап жататынын айтқан жөн.

Әйтсе де, «Астана Балет» болдым, толдым демей, керісінше, репертуары мен гастрольдік сапарларының аясын кеңейтуге күш салып келеді. Соның айғағы болар, былтыр театрымыз Адольф Аданның романтикалық балеті, әлемдік балет жауһары саналатын «Жизель» спектаклін сахналады. Балет тереңіне бойлаған кәсіпқойлар ғана емес, адам баласының бәріне дерлік белгілі балет, әртістеріміз үшін классикалық би қағидаларын меңгеруде мол тәжірибеге айналды. Арнайы шақырылған хореограф Рикардо Амарантенің қойылымында бұл спектакль экспрессия, нәзіктік пен сезімталдық реңкке бөленді.

Ал, 2018 жылдың 2-3 қарашасында италиялық композитор Эцио Боссоның музыкасына неоклассика мәнерінде қойылған «Махаббаттың ғайып болған дарабоздары» («Love’s Lost Idols») көрсетілді. Қойылым авторы – танымал америкалық хореограф, жаңашыл балетмейстер Николо Фонте.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында, былтыр «Астана Балет» театры Қызылорда, Алматы, Талдықорған және Ақтау қалаларына гастроьдік сапар шекті. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен жүзеге асырылып келе жатқан «Жаһандағы Қазақстан мәдениеті» жобасына сәйкес, «Астана Балет» түрлі жанрдағы хореография өнерін Нью-Йорк (АҚШ), Милан (Италия), Монте Карло (Монако княздігі) және Пекинде (ҚХР) өнер көрсетті. Гастроль бағдарламасына неоклассика жауһарлары мен ұлттық бидің биік үлгілері енді. 

«Астана Балет» театрының директоры Валерий Күзембаевтың айтуынша, Астана классикалық һәм заманауи би байқауларының халықаралық алаңына айналары даусыз. Тағы бір жаңалық, 2018 жылы Қазақстан астанасында «Eurasian dance festival» ІІ Халықаралық балет фестивалі өткен болатын. Оған Абай атындағы МАОБТ театрының труппасы, Қытай Ұлттық балетінің ұжымы, Испанияның аңызға айналған «Castro Romero», Словения ұлттық балетінің ұжымдары, сондай-ақ, әлемдік балет жұлдыздары мен Португалия мен Голландияның Ұлттық балеті, Үлкен театр (Ресей), Штутгарт балеті, «Астана Балет» пен «Астана Опера» труппалары қатысқан болатын. 

«Астананың 20 жылдығы аясында өткізілген фестиваль еліміздің мәдени тынысын кеңейте түскені айқын. Мәдениеттердің өзара қарым-қатынасы фестиваль бағдарламасынан-ақ көрініп тұрды: түрлі жанрда өрнек түзген би қойылымдары толымды әрі өте қызық еді. Би форумы өткен күн нағыз аншлаг дерсің, билет табу мұңға айналды емес пе? Себебі, билеттері алдын-ала сатылып, таусылған», – деді Валерий Күзембаев.

«Астана Балет» театры директорының айтуынша, 2018 жыл театр маусымы үшін жемісті жылға айналды. Мемлекет басшысы «Жастар жылы» деп жариялған 2019 жылы да осы үрдіс жалғасын табатынына сенім мол. 

«Тағы бір айтарым, соңғы жылдары өнерге деген қызығушылықтың басымдығы айқын. Қуантарлығы, біздің аудиториямыз – жастар. Демек, Жастардың өнерге ынтық екені аңғарылады», – деген ойымен бөлісті Валерий Күзембаев. 

«Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында қозғалған ұлтымыздың мәдениеті мен тарихын дәріптеу, әу бастан «Астана балети» театрының берік ұстанымына айналған-тын. Қазіргі таңда театрдың бас балетмейстері Мукарам Авахридің бастамасымен Қазақстан тарихында алғаш рет «Бейбарыс» тарихи кинобалетіне дайындық қызу жүріп жатыр. 

Театрдың жоспарына келсек, ХХ ғасырдағы ірі орыс хореографы Юрий Григоровичтің Әріф Меликовтың музыкасына қойған «Махаббат туралы аңыз» балеті мен қазіргі заманның бетке ұстар хореографы Раймонд Ребектің «A journey of a thought» спектаклін қою ойда бар. Ал, жыл соңында «Күлбике» екі актілі балетінің премьерасы өтпекші. Оны қоюйға ресейлік хореограф, «Санкт-Петербургъ Опера» Мемлекеттік камералық музыка театрының бас балетмейстері Надежда Калинина шақырылып отыр. 

Мұның сыртында жыл бойы «Астана Балет» театры өз көрерменіне көркем хореографиялық миниатюраларын тарту етпек. Солардың алғашқысы Австриялық композитор Франц Шуберттің Ішекті аспаптар квартетіне арналған № 14 ре минор шығармасына Рикардо Амаранте қойған – «SilentVoices» («Ұяң дауыстар»). Неоклассика мәнерінде қойылған миниатюрасында балетмейстер пластика тілінің күшімен адамның ішкі дауысы, ішкі түйсігі жайлы баяндауға тырысады. Адам баласының ішкі күйін, оның уайымын, бойын билеген қорқынышы мен үрейін, үміті мен күмәнін паш етеді. Орындаушылардың қимылы мен жарық берудің бірегей шешімінің арқасында, хореограф эмоциялық мазмұны толымды, бояуы қанық би драматургиясын дүниеге әкелді.

«Астана Балет» театрының 2019 жылғы гастрольдік кестесі де тығыз. Ақпанның 23-24 күндері Станиславский атындағы Қарағанды драма театрының сахнасында «Әлемдік балет жауһарлары» атты бағдарламасын тарту етпекші. Жазда Атырауға сапарлау көзделіп отыр. Шет елдік гастрольдердің географиясы да ауқымды: Ұлыбритания, Германия, Литва және Өзбекстан. 

«Биыл ұлттық өнер, заманауи өнер атаулы жаңа биікке көтерілеріне сенімдімін. Көптеген жоспарларымызбен бөлістік, бәрі де белгілі секілді. Дегенмен, театрымыз тосын сый тартуға да әуес. Сондықтан, биылғы жыл да шығармашылық тұрғыдан жемісті, рухани азығы мол, табысты жылға айналады деген ойдамын», – деп қорытындылады сөзін Валерий Күзембаев.

Яндекс.Метрика